1
ҚАУЛЫ
22 сәуір 2026 жыл №6003-26-00-4к/406 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші М.А.Туғанбаев,
судьялар – Р.М.Айнақұлова, Ш.С.Манжуева болып,
талап қоюшының өкілі С.З.Таскалиевтің қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Даулеткерей Койшигараевич Битишовтың (бұдан әрі – талап қоюшы) жауапкер Атырау облысының Жылыой ауданының әкіміне (бұдан әрі – жауапкер) берген 2025 жылғы 5 қаңтардағы №103 хаттамалық шешімнің өзіне қатысты бөлігін заңсыз деп тану туралы талап арызы бойынша қабылданған,
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 сәуірдегі шешімі мен Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 тамызындағы қаулысына талапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Битишов Д.К. жоғарыда көрсетілген талап арызымен сотқа жүгінген.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 сәуірдегі шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 тамызындағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшы істі қарау барысында зерттелген дәлелдемелерге дұрыс баға берілмегендігін, материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмағандығын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, іс бойынша талап арызды қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім қабылдауды сұрайды.
Сот отырысының уақыты мен орыны туралы тиісінше хабарланған жауапкер мен мүдделі тұлғаның өкілдері сотқа келген жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабына сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Іс құжаттарын зерттеп, талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін тыңдап, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келді.
Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Осы іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Талап қоюшы Битишов Д.К. Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы, Б.Атағозиев көшесі, 9 мекен-жайы бойынша орналасқан тұрғын үйдің меншік иесі.
Соттар анықтағандай, 2024 жылғы 4 сәуірде Жылыой ауданы әкімінің шешімімен аталған аудан аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған және 2024 жылдың 15 сәуірінде аудан әкімінің қаулысымен табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) бағалау және өтеу бойынша аудандық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылған.
Талап қоюшы 2024 жылдың 7 маусымында су тасқынының салдарынан өзінің үйіне зақым келгенін көрсетіп, аталған Комиссияға өтінішпен жүгінген.
Алайда Комиссияның 2024 жылғы 25 маусымындағы хаттамалық шешімімен талап қоюшының үйіне топан судың кірмегенін, яғни талап қоюшының тұрғын үйі суға кетпеген аймаққа жататындығын ескеріп, өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.
Битишов Д.К. Комиссияның аталған шешімімен келіспей сотқа жүгінген және соттың 2024 жылғы 1 қарашадағы шешімімен дауланып отырылған хаттамалық шешімінің талапкерге қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Жылыой ауданы әкіміне Д.К.Битишовтың өтінішін тиісті маманның қорытындысын алып, соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, қайта қарау міндеттелген. Аталған сот шешімін орындау барысында Комиссияның 2025 жылғы 5 қаңтардағы №103 санды хаттамалық шешімімен «Батысжерқойнауы» Батыс Қазақстан өңіраралық геология Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің хатына сәйкес даулы аймақта жер асты суы деңгейінің көтерілмегендігін ескере отырып, талап қоюшының өтінішін қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа хаттамалық шешім қабылданған. Жергілікті соттар Д.К.Битишовтың көрсетілген хаттамалық шешімді даулаған талап арызын қанағаттандырудан бас тарта отырып, осы әкімшілік іс бойынша анықталған келесі мән-жайларды негізге алған.
Біріншіден, су тасқыны кезінде талап қоюшының тұрғын үйін су баспаған.
Бұл жағдайды кассациалық сот отырысында талапкер өкілі жоққа шығармады және оның айтуы бойынша топан су тек үйдің ауласына кірген.
Екіншіден, соттың 2024 жылғы 1 қарашадағы шешімін орындау және осыған байланысты гидрогеолог маманды тарту мақсатында жауапкер жер асты суын зерттейтін мамандардан коммерциялық ұсыныстарын білдіруді сұрап, Алматы қаласындағы «Алматыгидрогеология», Қостанай қаласындағы «Тобылгидрогеология», Көкшетау қаласындағы «Гидрогеология-KZ», Алматы қаласындағы «СПК Гидрогеология», Атырау қаласындағы «Атыраугидрогеология», Жамбыл облысы Байзак ауданындағы «Гидрогеология» жауапкершілігі шектеулі серіктестіріне, «Батысказжерқойнауы» өңіраралық департаментіне, Ахмедсафин атындағы гидрогеология және геоэкология институтына хаттар жолдаған.
Бұдан басқа 2024 жылғы қараша айында мемлекеттік сатып алу порталында гидрогеологиялық жұмыстарға екі мәрте конкурс жариялаған, алайда тиісті мерзімде әлеуетті өнім берушілерден өтінімдер түспеген.
Сондықтан, жауапкер дауланып отырған хаттамалық шешімді қабылдау барысында жер асты суының көтерілуі туралы «Батысказжерқойнауы» өңіраралық Департаментінің ақпараттық хатын негізді түрде басшылыққа алған, себебі аталған Департамент жер асты суын зерделеуге негізделген мемлекеттік мекеме болып табылады және оның 2024 жылғы 17 қыркүйектегі жауап хатында, Құлсары қаласында жерасты суының режимі (судың деңгейінің, химиялық құрамының өзгеруі) 1988 жылы орналастырылған 16 гидрогеологиялық байқау ұңғымалары арқылы зерттелуде екені, салыстырмалы түрде 2022 жылғы наурыз, мамыр, тамыз айларындағы, 2023 жылғы наурыз, мамыр, тамыз айларындағы және 2024 жылғы наурыз, мамыр, тамыз айларындағы орташа өлшеу деректері бойынша, жер асты суларының орташа жылдық деңгейлері орташа жылдық норма шегінде орналасқандығы және қаланың су басуына әсері келмегені хабарланған.
Сонымен, апелляциялық сот алқасы дұрыс анықтағандай, іс бойынша сараптама тағайындау қажеттілігі туындамаған, себебі дауланып отырылған әкімшілік акт гидролог-мамандардың пікірін ескере отырып қабылданған.
Осы орайда талап қоюшының жауапкермен сараптама жүргізілмеді деген уәжі, даулы болып отырған әкімшілік актінінің бұзылуына жол берілмейді деген сот алқасының тұжырымы орынды.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, кассациялық сот жергілікті соттардың дауланып отырылған Комиссияның хаттамалық шешімі заңды әрі негізді қабылданған деген тұжырымымен толықтай келіседі.
Бұл жағдайда, соттар, Д.К.Битишовтың тұрғын үйінің қазіргі жағдайы топан су басу фактісімен тікелей себеп-салдарлы болмағандықтан, талап қоюшының талабын заңды түрде негізсіз және қанағаттандыруға жатпайды деп тапқан.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 сәуірдегі шешімі мен Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 тамызындағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Судьялар Айнақұлова Р.М.
⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.