ВС РК - Постановление от 04.03.2024 по делу 6001-24-00-3Г/17(2) (Гражданское)

6001-24-00-3г/17(2)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 4 наурыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Р.Қуанышбаева талап қоюшы К[...] жауапкер Н[...], жауапкер жағындағы, дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға «Altyn Bank» акционерлік қоғамға (бұдан әрі – АҚ, Банк) ортақ мүлік деп тану, үлесін анықтау және мүліктің құнын ақшалай өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 тамыздағы қаулысын қайта қарау туралы жауапкер Н[...] келтірген өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

К[...] сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының № 2 сотының 2023 жылғы 22 маусымдағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, талап қоюдың ортақ мүлік деп тану және үлесін анықтау туралы бөліктері бойынша қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Ақтау қаласы, 34 шағын аудан, [...] үй, [...] пәтер (бұдан әрі - даулы мүлік) тараптардың ортақ мүлігі деп танылып, әрқайсысының үлесі ½ мөлшерде тең деп анықталған және талап қоюшы К[...] жауапкер Н[...] пайдасына өндірілген 400 000 теңге өкілдің көмегіне төленген сот шығыны 200 000 теңгеге азайтылған.

Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер Н[...] өтінішхатында қабылданған апелляциялық сатыдағы соттың қабылдаған қаулысымен келіспей, істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларын бұзғанын, іс бойынша мәнжайларды дұрыс анықтамағанын көрсетіп, қабылданған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін қалпына келтіруді сұраған. Өтінішхат уәждерінде апелляциялық сатыдағы сотпен іс бойынша тапсырылған дәлелдердің толық зерттелмегенін, дұрыс баға бермегенінің себебінен заңсыз шешімнің қабылданғанын, талап қоюшының уәждерінің негізсіз екенін, аталған мүлік некенің бұзылған уақытынан төрт жыл өткеннен кейін өз қаражатына сатып алғанын мәлімдеген.

Өтінішхатта келтірілген уәждер істі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының отырысына кассациялық тәртіпте қарауға беру қажеттілігін көрсетеді.

Іс құжаттарына қарағанда, тараптар 2009 жылдан бері бірге тұрған.

Заңды некеде 2016 жылғы 21 маусымнан бірге тұрып, 2017 жылғы 3 ақпандағы соттың шешімімен неке бұзылған.

Араларында 2009 жылғы 29 тамызда туған Ақбота, 2016 жылғы 1 қыркүйекте туған Жақсылық, 2018 жылы 10 қарашада туған Жайна, 2020 жылы 16 қарашада туған Берекет атты балалары бар.

Қазіргі таңда жауапкердің Банктың алдында банктік қарыз шарты бойынша төленіп бітпеген екі несиесі бар.

  • 2020 жылғы 29 мамырдағы 60 ай мерзімге алынған 4 500 000 теңге несие. 2023 жылғы 5 мамырдағы анықтамаға сәйкес төленбеген сома 3 000 926 теңге; - 2021 жылғы 14 желтоқсандағы даулы мүлікті алу мақсатында банктік қарыз шарты жылжымайтын мүлік кепіл шартымен қоса 60 ай мерзімге алынған 6 500 000 теңге несие. 2023 жылғы 10 мамырдағы анықтамаға сәйкес төленбеген сома 5 151 646,65 теңге; 2021 жылғы 14 желтоқсанда жауапкер мен Е[...] арасында даулы мүлікті сатып алу-сату шарты жасалған. Аталған шарттың 3-тармағына сәйкес даулы мүліктің бағасы 15 000 000 теңге болып анықталып, оның 6 710 000 теңге жауапкермен шартқа қол қойғанға дейін төленген, 1 790 000 теңге жауапкердің жинақтаушы зейнетақы қорындағы есепшотынан аударылған, ал 6 500 000 теңге қарыз шарты мен кепіл шартына сай Банкпен төленген. Тараптар арасындағы дау, талап қоюшының пікірінше аталған жылжымайтын мүлік ортақ деп танылуға жатады, ретінде тараптар 2009 жылдан бері бірге тұрғанын және тек 2022 жылдан бері ғана жауапкерден бөлек тұратынын, даулы пәтерді алу мақсатында ақшаны бірге жинағандарын, қазіргі таңда төрт баламен пәтер жалдап тұратынын, жауапкердің ешқандай материалдық көмек көрсетпейтінін мәлімдеген. Сонымен қатар, 2022 жылға дейін бірге тұрғанының дәлелі ретінде Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2022 жылғы 26 шілдедегі жауапкердің талап қоюшы К[...] ұрып-соғып, денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіріп, қысқа мерзімге бұзылуына әкеп соққаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 73-1-бабының 1-1бөлігімен кінәлі деп танылған қаулысын келтірген.

Бірінші сатыдағы сот, даулы мүлік жауапкердің өз қаражатына заңды некенің бұзылған уақытынан кейін алынған деген тұжырымға келіп, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуға жатады деп таныған.

Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы соттың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімін өзгерту кезінде, талап қоюшының уәждерін тексере келе аталған пәтер ортақ мүлік болып танылауға жатады деген тұжырымға келіп, талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің (бұдан әрі ‑ Кодекс) 33-бабының 1-тармағына сәйкес ерлi-зайыптылар некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезінде жинаған мүлiк олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып табылады.

Кодекстің 38-бабының 1-тармағына сай егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу және осы мүлiктегi үлестерiн айқындау кезiнде ерлi-зайыптылардың әрқайсысының үлесi тең деп танылады.

Алайда, іс материалдарындағы даулы мүлікті сатып алу-сату шартына

сәйкес жауапкердің мүлікті жеке меншігіне сатып алғаны көрінеді.

Өтінішхат иесі өтінішхаттағы уәждерінде апелляциялық сатыдағы соттың аталған пәтер ортақ мүлік болып танылауға жатады деген тұжырымымен келіспей, соттың материалдық және процестік заңнамасының талаптарын өрескел бұзған деп мәлімдеген.

Сонымен қатар, апелляциялық сатыдағы сот аталған жайттарды негізсіз назарға алмай, заң нормаларының дұрыс қолданылмауына жол берген деп есептейді.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Қорыта келгенде, судья өтінішхатта келтірілген уәждер мен басқа да мән-жайлар сот актілерін кассациялық сатыдағы сотқа қайта қарау үшін негіздердің бар екендігін ескеріп, өтінішхатты іспен бірге кассациялық сатыдағы сот отырысында қарауға беру қажет деп санайды.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 тамыздағы қаулысын қайта қарау туралы жауапкер Н[...] келтірген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына берілсін.

Қаулының көшірмелері өтінішхаттар иесіне жолдансын.

Судья Р. Қуанышбаева Көшірмесі дұрыс Судья Р. Қуанышбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.