6003-26-00-2к/1380
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 23 маусым
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Л.Б.Мамырбаева,
судьялар А.О.Тогумбетова, А.К.Тлеубаева,
талап қоюшының өкілі А[...], жауапкер М[...] өкілі Д[...] қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер «Д[...]» И[...] жауапкер М[...] әлеуметтік желіде таратылған мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер деп тану, олардың жеке кәсіпкердің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер деп тану, әлеуметтік желіде таратылған шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді теріске шығаруды міндеттеу, келтірілген залал сомасын өндіру туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 6 қарашадағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 21 қаңтардағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап, АНЫҚТАДЫ :
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 21 қаңтардағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 6 қарашадағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
М[...] «Instagram» әлеуметтік желісінде «murzabaeva_dinara» аккаунтында жарияланған «Bruno» кафесіне қатысты «Я траванулась», «Кухня в «Bruno» сильно подпортилась» - деген мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейтін, жеке кәсіпкер «Д[...]»-ның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер деп танылған.
М[...] «Bruno» кафесіне қатысты жеке кәсіпкер И[...] іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер ол жарияланған «Instagram» әлеуметтік желісінде сол тәсілмен және сол көлемде қысқаша бейнежазба жазу тәсілмен теріске шығаруды шешім заңды күшіне енген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде жариялау М[...] міндеттелген.
Талап қоюшының жауапкер М[...] 500 000 теңге мөлшерінде келтірген залал сомасын өндіру туралы талап қоюдың бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Жауапкер кассациялық шағымында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау құқығы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 143бабында көрсетілген.
«Сот тәжiрибесiнде азаматтардың және заңды тұлғалардың ар-намысы мен абыройын және iскерлiк беделдiлiгiн қорғау жөнiндегi заңдылықты қолдану туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы № 6 нормативтік қаулысының Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 20.05.2026 № 3 нормативтік қаулысымен күші жойылды) 8- тармағында АК-нің 141-бабының 3-тармағына және 143-бабының 1-тармағына сәйкес таратылған мәліметтердің шындыққа сай келетiнін дәлелдеу міндеті жауапкерге жүктеледі. Талап қоюшы талап қоюында көрсетілген адамның ол жөнінде нұқсан келтіретін мәліметтерді тарату фактісін ғана дәлелдеуге міндетті.
Бірінші сатыдағы сот 2025 жылғы 1 шілдеде «Instagram» әлеуметтік желісінде жауапкер «murzabayeva_dinara» атты парақшасы арқылы «Bruno» кафесінде таңғы ас ішкенін, соның салдарынан уланғанын және жалпы аталған кафенің тағамдарының сапасы төмендегені жөнінде жазба жариялап, таратқанын анықтаған. Бұл жайт 2025 жылғы 28 шілдедегі Шымкент қаласының нотариусы А[...] дәлелдемелерді қарау хаттамасымен бекітілген.
Аталған «murzabayeva_dinara» атты парақшада жауапкер орыс тілінде: «Да, Я траванулась, очень не приятные ощущения. Давненько у меня такого не было... Сегодня утром мы с девочками собрались на завтрак в «Bruno». Заказала Я себе омлет с индейкой, вид у индейки был не здоровый...в целом хочу отметить, что кухня в «Bruno» сильно подпортилась...» - деген сөздерді жазған.
2025 жылғы 7 тамыздағы №66-25 сот психологиялық филологиялық сараптамасының маман қортындысына сәйкес, зерттеуге берілген жарияланым мәтінінде «Bruno» кафесінің қызмет сапасына қатысты жағымсыз сипаттағы мәліметтер кесімді сөз формасында берілгені анықталған, мысалы: «Да, Я траванулась, очень не приятные ощущения. Давненько у меня такого не было... Сегодня утром мы с девочками собрались на завтрак в «Bruno».
Заказала Я себе омлет с индейкой, вид у индейки был не здоровый...в целом хочу отметить, что кухня в «Bruno» сильно подпортилась» (скриншот/хаттама).
Зерттеуге алынған автордың сөйлемдерінде оның уланғаның, «Bruno» кафесінде белгілі бір тағамға тапсырыс бергені және мекеменің ас үйі қатты нашарлағаны туралы мәліметтер келтірілген. Автор «Bruno» кафесінің қызмет сапасына қатысты жағымсыз сипаттағы ақпараттар - «Вид у индейки был не здоровый», «Кухня в «Bruno» сильно подпортилась» деген сөйлемдер арқылы жеткізеді. Бұл сөйлемдердің құрамындағы етістіктер өткен шақта тұр және нақты фактілерді білдіретін кесімді мазмұнға ие.
Зерттеуге ұсынылған материалдағы «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «murzabayeva_dinara» парақшасында жарияланған мәтінінде, шындыққа сәйкес келмеген жағдайда, «Bruno» кафесінің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жағымсыз мәліметтер барын көрсеткен.
Бірінші сатыдағы сот жауапкердің «Instagram» әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған мәліметтер көпшілікке қолжетімді, сондықтан тарату фактісі дәлелделген, сонымен бірге, сот психолого-филологиялық сараптамасының қорытындысын назарға алып, талап қоюды ішінара қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келген.
Апелляциялық сот алқасы бұл тұжырымымен келіскен. Өйткені жауапкер дауланып отырған мәліметтердің шындыққа сәйкес келетіндігі туралы нақты дәлелдемелер сотқа ұсынбаған.
Кассациялық сот, талап қоюшының іскерлік беделіне нұқсан келтіретіндей мәліметтері бар жазбалар жергілікті соттармен мұқият зерттеліп, зерделеніп, оларға тиісті түрде құқықтық баға берілген деп санайды. Жауапкер ұсынған «ЕО[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дәрігері М[...] 2025 жылдың 2 шілдеде берген анықтамасы дауланып отырған мәліметтерді растамайды, өйткені дәрігердің қабылдауында болуы улану фактісін дәлелдемейді.
Шымкент қаласы Тұран ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің жауабында жауапкердің жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы өтінішінде көрсетілген уәждерін растайтын нақты фактілердің, фото немесе бейнематериалдардың ұсынылмағаны, сондай-ақ тағамнан улану фактісі бойынша қалалық жұқпалы аурулар ауруханасынан шұғыл хабарламаның түспегені көрсетілген.
Демек, жауапкердің уәждері тиісті дәлелдемелермен өз растауын таппаған.
Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген
уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 109-бабының, 113-бабының талаптарына сәйкес талап қоюшының өкілі кассациялық сотқа қатысты және сот шығыстары іс жүзінде жұмсалды, сондықтан жауапкерден талап қоюшының пайдасына ақылға қонымды шекте өкіл көмегі үшін төленген 100 000 теңге көлемінде сот шығыны өндірілуге жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 6 қарашадағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 21 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер М[...] талап қоюшы И[...] пайдасына өкіл көмегі үшін төленген сот шығысы 100 000 (жүз мың) теңге өндірілсін.
Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Л.Б.Мамырбаева
Судьялар: А.О.Тогумбетова
А.К.Тлеубаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.