6001-24-00-3гп/351
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 3-қыркүйек Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші - төраға Н.К.Шәріповтің, судьялар М.Т.Балкеннің, Е.Ж. Айтжановтың, прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшының өкілі - Қ.Ш.Утеуованың, жауапкердің өкілі - Е.А.Асауованың қатысуымен,
ашық сот отырысында мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) жауапкерлер «Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Кәсіпорын) және дара кәсіпкер Бактылы Кубаевна Нургалиеваға (бұдан әрі - ДК Б.К.Нургалиева) соманы өндіру туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11-маусымдағы қаулысына дара кәсіпкер Бактылы Кубаевна Нургалиеваның келтірген өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :
Департамент сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, жауапкерлерден 12 499 995 теңгені қайтаруды сұраған.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 5 наурыздағы шешімімен талап қоюшының талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, жаңа шешім қабылданған.
«Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» мемлекеттік мекемесінің жауапкер ДК Б.К.Нургалиевадан соманы өндіру туралы талап қоюы қанағаттандырылып, дара кәсіпкер Бактылы Кубаевна Нургалиевадан мемлекет пайдасына 12 499 995 теңге және жергілікті бюджетке 375 000 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж салығы өндірілген.
Өтінішхатта арызданушы іс бойынша қабылданған сот актісімен келіспей, апелляциялық сатыдағы соттың материалдық және процестік құқық нормаларын бұзуға жол бергенін көрсетіп, дауланған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.
Сот алқасы арызданушының өтінішхатты қолдаған түсінігін, өтінішхат уәждерін талқылап, прокурордың қорытындысын тыңдап, электрондық іс-құжаттарын зерделеп, келесідей қорытындыға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық алқаның тарапынан жол берілген деген пікірге келуге болады.
АПК-нің 413-бабының 1-бөлігіне сай сот істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексередi. Алайда апелляциялық сатыдағы соттың түйіндері іс құжаттары мен материалдық құқық нормаларына сай келмейді.
Электрондық іс құжаттарынан анықталғандай, 2022 жылғы 27 қазанда Кәсіпорын (тапсырыс беруші) мен ДК Б.К.Нургалиеваның (өнім беруші) арасында «Бағалы ұсыныстарға сұраным» мемлекеттік сатып алудың қорытындылары негізінде «көкпар ойынына арналған спорттық жылқылар» өнімін жеткізуге мемлекеттік сатып алу туралы шарты жасалған.
Шарттың және оның техникалық ерекшелігіне сәйкес орындаушы жалпы сомасы 12 499 995 теңгеге «көкпар спорттық жылқысы, асыл тұқымды айғыр» өнімін тапсырыс берушінің өтінімі негізінде қабылдауберу актісі бойынша бас көкпар ойынына арналған спорттық бес жылқыны қабылдап алған.
Талап қоюшымен Кәсіпорынға қатысты жоспардан тыс аудиторлық іс-шара тағайындалған.
Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы М.У.Бисенбиннің бақылау қорытындысында жылқылар қаралып, алайда олардың асыл тұқым екендігін растайтын куәліктерінің болмауына байланысты көрсетілген жылқылардың қай тұқымға жататынын анықтау мүмкін емес деген ақпарат берілген.
Аудиторлық есеп бойынша жауапкермен жеткізілген бас көкпар спорттық бес жылқының шарттың техникалық ерекшелігіне сәйкес келмейтіні туралы қорытынды жасалған.
Істі қарау барысында, Кәсіпорын қабылдап алған жылқылар үйретуге және он төрт бәйге-жарыстарға қатысып, елу жүлдеге ие болғаны анықталған. Бірінші сатыдағы сот аталған мән-жайларды ескеріп, тапсырушы тарыпынан келісім шарт бойынша өнім берушіге шағымы жоқтығын және міндеттеменің орындалғанын негізге ала отырып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.
Алайда, апелляциялық сот алқасы жеткізілген көкпар ойнына арналған спорттық жылқылардың техникалық өзіндік ерекшелігіне сәйкес келмейтіндігі бірінші сатыдағы соттың назарынан тыс қалғанымен негіздеп, ал, жауапкермен мемлекеттік сатып алу шартының бұзылғанын көрсете отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келген.
Дегенмен, апелляциялық сатыдағы соттың мұндай тұжырымдарымен келісуге болмайды, себебі олар іс үшін маңызы бар мән-жайлардың дұрыс анықталмауы және материалдық құқық нормаларының бұзылуының негізінде жасалған.
Кассациялық сатыда іс қарау барысында талап қоюшының өкілі көкпар жарыстарына қандай асыл тұқымды жылқылар қажет және олардың шарт талаптарына сәйкес болуы туралы алқаға түсінік бере алмады. Сонымен бірге істі қарау барысында талап қоюшы даулы жылқылардың Кәсіпорынмен бір жыл астам уақыт пайдаланғанын және жарыстарда қатысқанын теріске шығармады. Аталған жағдайларға қарамастан, Департамент талап қоюында формальды түрде келісім шарт бойынша жеткізілген бес жылқының бағасын қайтаруды сұраған. Алайда, жылқыларды пайдаланған мерзімде нарықтағы бағаның құнсыздануын ескермеген және баланстағы қалдық құнын анықтамаған.
Апелляциялық сатыдағы сот істі қарау барысында осы жайттарды ескермеген деген қорытындыға келуге болады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 8- бабының 3-5 тармақтарына сәйкес азаматтық құқықтарды жүзеге асыру басқа құқық субъектiлерiнiң құқықтарын және заңдармен қорғалатын мүдделерiн бұзбауға тиiс. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын, ал кәсiпкерлер бұған қоса iскерлiк әдептiлiк ережелерiн сақтауға тиiс. Азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтiруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейдi.
Аталған баптың 3-6-тармақтарында көзделген талаптар сақталмаған жағдайда сот адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алады (АК 8- бабының 7 тармақшасы).
Егер заңда немесе дауласушы тараптардың келісімінде тиісті мәселелерді соттың шешуі көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын негізге ала отырып шешуге міндетті (АПК-нің 6-бабы 5-бөлігі).
Жоғарыдағылардың негізінде, сот алқасы апелляциялық сатыдағы сотпен осы істі қарау барысында АПК-нің 224-бабының талаптары сақталмай, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамауы және анықтамауы, қолдануға жататын материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына және істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан деген қорытындыға келе отырып, іс бойынша қабылданған даулы сот актісін заңды және негізді деп табуға болмайды.
Істің мұндай тұрғысында, іс бойынша қабылданған даулы сот актісін заңды және негізді деп табуға болмайды. Сондықтан сот алқасы апелляциялық сот алқасының қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыру туралы түйінге келді.
Алқа, іс бойынша дәлелдемелерді жинауды және қосымша тексеруді талап етпейтінін ескере отырып, даудың мән-жайы толық анықталғанын, алайда апелляциялық сатыдағы сот материалдық құқық нормаларын түсіндіру мен қолдануда қателік жібергенін анықтады.
АПК-нің 117-бабы 1-бөлігіне сәйкес талап қоюшы төлеуден босатылған мемлекеттік баж, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар сот мемлекет кірісіне шығыстарын төлеуден босатылмаған жауапкерден толық немесе талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігіне пропорционалды өндіріліп алынады.
Сондықтан, дара кәсіпкер Бактылы Кубаевна Нургалиеваның пайдасына мемлекеттік бажды төлеу бойынша шығыс сомасы өтелуге жатады.
АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11-маусымдағы қаулысының күші жойылсын.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 5-наурыздағы шешімі өз күшінде қалдырылсын. Бюджет қаражатынан дара кәсіпкер Бактылы Кубаевна Нургалиеваның пайдасына 187 500 (жүз сексен жеті мың бес жүз) теңге мемлекеттік бажды төлеу бойынша сот шығындары қайтарылсын. Дара кәсіпкер Бактылы Кубаевна Нургалиеваның өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Н.К. Шәріпов
Судьялар Е.Ж. Айтжанов
М.Т. Балкен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.