КСАД РК - Постановление от 16.09.2025 по делу 6003-25-00-4к/706 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 16 қыркүйек 6003-25-00-4к/706 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында:

төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева талап қоюшының өкілі Е.Е.Даутовтың, жауапкердің өкілі Ә.К.Каримовтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Нуржан Еркинович Балгабаевтың жауапкер Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «№10216 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - №10216 әскери бөлімі) ауыртпалық түсіретін әкімшілік актісін заңсыз деп тану, ағымдағы тұрғын үй төлемдерін төлеу туралы қолайлы әкімшілік акт шығаруға міндеттеу туралы арызы бойынша қабылданған,

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 қарашадағы қаулысына түскен жауапкердің кассациялық шағымын және прокурордың кассациялық өтінішхатын қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жауапкер №10216 әскери бөліміне 2024 жылғы 15 мамырдағы ауыртпалық түсіретін әкімшілік актісін заңсыз деп тану, 2018 жылдың 1 қаңтары мен 2023 жылдың 1 сәуірі аралығына ағымдағы тұрғын үй төлемдерін төлеу туралы қолайлы әкімшілік акт шығаруға міндеттеу туралы әкімшілік талап қою арызымен жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 шілдедегі шешімімен Н.Балгабаевтың талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, Нуржан Еркинович Балгабаевтың талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «10216 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің 2024 жылғы 15 мамырдағы Н.Е.Балгабаевқа қатысты қабылданған ауыртпалық түсіретін әкімшілік актісі заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «10216 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесіне 2018 жылдың 1 қаңтары мен 2023 жылдың 1 сәуірі аралығына Н.Е.Балгабаевқа ағымдағы тұрғын үй төлемдерін төлеу туралы қолайлы әкімшілік акт шығару міндеттелген. Жауапкердің өкілі, өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актісімен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған, себебі талап қоюшыға Жетіген қаласындағы әскери қалашықта тұрғаны үшін тұрғын үй төлемдерін №20709 әскери бөлімі төлеу қажет болған.

Прокурор өзінің кассациялық өтінішхатында, іс бойынша апелляциялық сотыныңың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот, талап қоюшы мен жауапкер өкілдерінің пікірлерін тындап, кассациялық шағымын және прокурордың кассациялық өтінішхатын, қарсы пікірдің уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Мұндай кемшіліктер апелляциялық сатыдағы соттың тарапынан жіберілген.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, Н.Балгабаев Қазақстан Республикасы Қорғаныс күштері Әуе қорғаныс күштері Бас қолбасшылығының 2013 жылдың шілдесіндегі бұйрығымен Алматы облысы, Жетіген қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «20709 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінде 2022 жылдың тамызына дейін әскери қызметін атқарған.

Талап қоюшының 2013 жылғы 23 қыркүйекте жазған баянаты негізінде №20709 әскери бөлімі тұрғын үй комиссиясының 2016 жылғы 25 шілдедегі №5 хаттамасымен оған Жетіген қаласы №2 әскери қалашығынан екі бөлмелі пәтер берілген.

2022 жылдың 31 тамызында талап қоюшы Жетіген қаласындағы №20709 әскери бөлімінен Шымкент қаласында орналасқан №10216 әскери бөліміне қызмет етуге ауысқан.

№10216 әскери бөлімінің тұрғын үй комиссиясының 2023 жылғы 29 наурыздағы №5 хаттамасымен Н.Балгабаев тұрғын үйге мұқтаж деп танылып, 2023 жылы 6 сәуірде тұрғын үй төлемдерін төлеу туралы баянат ұсынған.

Аталған баянаттың және ұсынған құжаттардың негізінде әскери бөлім өз тарапынан талап қоюшыға ағымдағы тұрғын үй төлемдерін оның әскери қызметтен кеткен уақытына дейін төлеп отырған.

№10216 әскери бөлімінің 2023 жылғы 5 шілдедегі бұйрығымен Н.Балгабаев қызмет өткеру туралы келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты әскер қатарынан шығарылған.

Талап қоюшының келісім шартының аяқталуына байланысты әскери бөлім 2023 жылғы 20 шілдедегі №267 бұйрығы негізінде «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 101-2 бабы 5 тармағында көзделген тұрғын үй төлемдерін Н.Балгабаевқа әскерге шақырылған күннен бастап 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін 4 276 746 теңге көлемінде қаражат төлеген.

Талап қоюшы сотқа берген талап арызында оған әскери бөлімнің жабық қалашықта тұрғаны үшін 2018 жылдың 1 қаңтары мен 2022 жылдың 1 тамызы аралығына тұрғын үй төлемдерінің елу пайызы және №10216 әскери бөліміне ауысып келген күннен бастап тұрғын үй төлемдерін тағайындаған күнге дейін 2022 жылдың 1 тамызы мен 2023 жылдың 1 сәуірі аралығына тұрғын үй төлемдерін төлеуден жауапкермен заңсыз бас тартылған. Осыған байланысты жауапкердің 2024 жылғы 15 мамырдағы ауыртпалық түсіретін әкімшілік актісін заңсыз деп тану туралы және 2018 жылдың 1 қаңтары мен 2023 жылдың 1 сәуірі аралығына оған ағымдағы тұрғын үй төлемдерін төлеу туралы қолайлы әкімшілік акт шығаруға міндеттеуді сұраған.

Бірінші сатыдағы сот, талап қоюшы өзінің даулап отырған мерзімге ағымдағы төлемдерді алу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Әскери қызметшілерді қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тоқтата тұру тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта босату қағидаларын бекіту туралы» 2018 жылғы 12 ақпандағы №49 қаулысының (бұдан әрі - Қағидалар) 31 тармағының талабына сай ағымдағы тұрғын үй төлемдерін тағайындау негіздерінің бірі баянат болып табылатындығын, алайда Н.Балгабаевпен ондай баянат уақытында ұсынбағандығын көрсетіп, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту жөніндегі тұжырымға келген.

Алайда, бірінші сатыдағы соттың аталған тұжырымдарымен апелляциялық сатыдағы сот келіспей, төмендегіні көрсеткен.

Талап қоюшы Жетіген қаласындағы №20709 әскери бөлімінің әскери қалашығында тұрған кезеңі: 01.01.2018- 01.08.2022 жылдар аралығы үшін тұрғын үй төлемдерінің елу пайызы және №10216 әскери бөліміне ауысып келген күннен бастап тұрғын үй төлемдерін тағайындаған күнге дейін: 01.08.2022-01.04.2023 жылдар аралығы үшін төлемдер негізсіз жүргізілмеген, әскери қызметшінің бір әскери бөлімнен екінші әскери бөлімге ауысуы оны тұрғын үйге мұқтаж мәртебесін қайта тануды қажет етпейді, яғни ағымдағы тұрғын үй төлемдерін алу үшін қайтадан баянат жазудың қажеттігі жоқ деген тұжырымға келген.

Апелляциялық сатыдағы соттың аталған тұжырымдарын кассациялық сот қате деп санайды, өйткені олар істің мән-жайларын тиісінше зерттеу мен анықтауға, қолданыстағы заң нормаларын дұрыс емес түсіндіруге негізделген және бұл істі дұрыс шешу үшін мәні бар нормаларға қайшы келеді.

Қағидаларының 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ағымдағы тұрғын үй төлемдері – тұрғынжайға мұқтаж деп танылған әскери қызметшілерге тұрғынжайға мұқтаж деп тану туралы баянат тіркелген күннен бастап, сондай-ақ Заңның 101-2-бабының 7 және 10-тармақтарында көзделген жағдайларда ай сайынғы негізде жүзеге асырылатын және осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша есептелетін төлемдер.

Қағиданың аталған тармағының 2) тармақшасына сәйкес әскери қызметшіге тұрғын үй төлемін тағайындау үшін оны тұрғынжайға мұқтаж деп тану күні – баянат тіркелген күн, осы күннен бастап тұрғын үй төлемін тағайындау үшін әскери қызметші тұрғынжайға мұқтаж деп танылады, оны осы Қағидалардың 12-тармағына сәйкес әскери қызметші ұсынған құжаттар негізінде мемлекеттік мекеменің тұрғын үй комиссиясы, ал Қарулы Күштерде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің аудандық пайдалану бөлімдері айқындайды.

Яғни, әскери қызметші тұрғын үй төлемдерін алуы үшін комиссияның шешімімен тұрғын үйге мұқтаж деп танылуы міндетті болып табылады.

Сонымен қатар, Қағидалардың 54-тармағына сәйкес тағайындалған ағымдағы тұрғын үй төлемдері әскери қызметші ауысқан кезде бөлімнің жеке құрамының тізімінен шығару туралы мемлекеттік мекеменің бірінші басшысының бұйрығы (Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери қарсы барлау және әскери полиция органдарында – мемлекеттік мекеменің бірінші басшысы орынбасарының бұйрығы) шығарылған күннен бастап тоқтатып қойылады және тұрғын үй комиссиясының, ал Қарулы Күштерде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің аудандық пайдалану бөлімінің шешімімен тұрғын үйге мұқтаж деп танылған жағдайда әскери қызметші одан әрi әскери қызметін өткеру үшін келген мемлекеттік мекеменің бөлімнің жеке құрамының тізіміне қосу туралы бұйрығы негізінде тоқтатып қойылған күнінен бастап қайта басталады. Бұл ретте әскери қызметші одан әрі қызмет өткеру үшін келген мемлекеттік мекеме бөлімнің жеке құрамының тізіміне қосу туралы бұйрық шығарған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күн өткен соң әскери қызметші тұрғын үйге мұқтаж деп тану туралы баянат берген жағдайда ағымдағы тұрғын үй төлемдері баянат тіркелген күннен бастап қайта басталады.

Яғни, әскери қызметші бір әскери бөлімнен басқа әскери бөлімге ауысқан кезде, оған тұрғын үй төлемдерін төлеу үшін тұрғын үйге мұқтаждық мәселесі ауысып келген әскери бөлімнің тұрғын үй комиссиясында қаралып, тиісті шешіммен рәсімделуі қажет (баянат негізінде).

Осыған байланысты, апелляциялық сот алқасының №10216 әскери бөлімі тарапынан Н.Балгабаевқа 01.08.2022-01.04.2023 жылдар аралығына ағымдағы тұрғын үй төлемдері негізсіз төленбей қалған деген пікірі қате.

Сонымен қатар, апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшының пайдасына Алматы облысы Жетіген қаласында орналасқан жабық қалашықта тұрған мерзімі, яғни 01.01.2018 – 01.08.2022 жылдар аралығына тұрғын үй төлемдерінің елу пайызын төлеуді №10216 әскери бөліміне негізсіз міндеттеген.

Расында, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 101-2-бабының 7-бөлігіне (бұдан әрі – Заң, құқықтық қатынастар туындаған сәтте қолданыста болған Занңың редакциясында) сәйкес жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың, шекара бөлімшелерінің және өзге де жабық объектілердің аумағындағы немесе жатақханадағы қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдері осы тарауға сәйкес айқындалған тұрғын үй төлемдері мөлшерінің елу пайызы мөлшерінде жүргізіледі.

Алайда, Заңның 101-2-бабының 3-бөлігіне сәйкес тұрғын үй төлемдерін әскери қызметші әскери қызмет өткеретін Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемесі олар тағайындалған күннен бастап бір ай мерзімде жүргізеді.

Бұл жағдайда, талап қоюшыға Жетіген қаласындағы әскери қалашықта тұрғаны үшін тұрғын үй төлемдерін №20709 әскери бөлімі төлеуі қажет болған.

ӘРПК-нің 7-бабының бірінші бөлігіне сәйкес (заңдылық қағидаты) әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады. Қаралып отырған жағдайда, Жетіген қаласындағы әскери қалашықта тұрған мерзімі үшін тұрғын үй төлемдерінің елу пайыз мөлшерін төлеу туралы қолайлы әкімшілік акт қабылдау №10216 әскери бөлімінің құзыретіне жатпайды, себебі Н.Балгабаев бұл уақыт аралығында №20709 әскери бөлімінде қызмет атқарған.

Осылайша, №10216 әскери бөлімін талап қоюшыға 01.01.2018– 01.04.2023 жылдар аралығына тұрғын үй төлемдерін төлеу туралы қолайлы әкімшілік акт шығаруға міндеттеу, жоғарыда аталған заңнама талаптарына қайшы келеді.

АПК-тің 73-бабының 2-тармағына сәйкес істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды сот тараптар мен іске қатысатын басқа да адамдардың талаптары мен қарсылықтарының негізінде, қолданылуға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып анықтайды.

Алайда, апелляциялық сатыдағы сот дәлелдемелерге дұрыс баға бермей материалдық құқық нормаларын елеулі түрде бұза отырып заңсыз шешім қабылдаған. Мұндай жағдайда, бірінші сатыдағы соттың шешімі қалпына келтірілуі тиіс.

Аталған кемшіліктер іс бойынша, елеулі болып табылады, сондықтан осы шығарылған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күшін жоюға негіз болады.

Осы баяндалғанның негізінде, кассациялық сот әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттары мен міндеттерін басшылыққа ала отырып, дауланып отырған апелляциялық сот актісін жою және бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыру қажеттігі туралы қорытындыға келді. Сондықтан, іс бойынша берілген кассациялық шағым мен кассациялық өтінішхат қанағаттандырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 қарашадағы осы іс бойынша қаулысының күші жойылсын.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 шілдегі осы іс бойынша шешімі күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы және прокурордың кассациялық өтінішхаты қанағаттандырылсын. Төрағалық етуші Судьялар

Е. Нұралиев

Л. Кудекова

Ш.Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.