6001-24-00-6ап/790
Қ А У Л Ы
2025 жылғы 12 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,
судьялар Ш.Т.Даниярова, Г.К.Нұрбаев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Тобакабылов Нуралы Айтжановичтің жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына Шымкент қаласы бойынша талап қоюшының Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Жұлдыз тұрғын үй алабы, Дегерес көшесі №58 Б жер учаскесінің нақты орналасқан жерін дұрыс анықтамау әрекетін заңсыз деп тану және жер учаскесінің нақты орналасқан жерін анықтауды міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 қазандағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 қаңтардағы қаулысына талап қоюшы берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Талап қоюшы Н.Тобакабылов 2019 жылғы 14 маусымдағы сатып алу-сату келісім-шартымен Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Жұлдыз тұрғын үй алабы, Дегерес көшесі №58 Б жер учаскесін сатып алған.
Талап қоюшы жер учаскесінің нақты орналасқан жерін анықтау мақсатында жауапкерге жүгініп, 2021 жылы 14 тамызда зерделеу актісін алған. Көрсетілген актіге сай, жер учаскесінің шекарасын белгілеу жұмысы Н.Тобакабыловтың өкілінің қатысуымен жүргізілген. №154150 санды жер кадастрлық ісіндегі мәліметтерге сәйкес, координаттары бойынша GPS Trimble гео құрылысымен анықтау барысында өзге азаматтың қоршауына түсетіндігі анықталған. Орналасуы бойынша 20 метрлік болат лентаның көмегімен өлшеу барысында жер учаскесінің алаңы 0,0800 га құраған.
2023 жылғы 9 ақпанда жауапкермен жоғарыда көрсетілген жер учаскесінде қайта зерделеу жұмыстары жүргізіліп, далалық зерделеу актісі жасалған. Көрсетілген актіге сай, жер учаскесінің шекарасын белгілеу жұмысы Н.Тобакабыловтың өкілінің қатысуымен жүргізілген. Жер учаскесінің кадастрлық ісіндегі мәліметтермен МЖК ААЖ графикалық деректер қорында орналасуы сәйкес келмеуіне байланысты GPS Trimble гео құрылысымен орналасуы бойынша координаттары қайта алынып, жер телімдері орнына орналастырылған. Жер учаскесінде тұрғын үй орналасқан және қоршаудың ірге тасы орналасқаны анықталған. Жер учаскесінің алаңы 0,0800 га құраған.
Жергілікті соттар істі қарау барысында талап қоюшы Н.Тобакабыловтың Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Жұлдыз тұрғын үй алабы, Дегерес көшесі №58 Б мекен жайында, алаңы 0,0800 га нысаналы мақсаты тұрғын үй құрылысы үшін берілген кадастрлы №19-309-268-093 жер учаскесі кадастрлық істегі мәліметтерге сай орналастырылғаны, координаттар МЖМ ААЖ графикалық дерекқор базасына дұрыс енгізілгені анықталды.
Осылайша, талап қоюшының жер учаскесі өз орнында орналасқандықтан жауапкердің жер учаскесінің нақты орналасқан жерін дұрыс анықтамау әрекетін заңсыз деп тануға және жер учаскесінің нақты орналасқан жерін анықтауға қажеттілік болмаған.
Сәйкесінше, аталған шешімді қайта қарауға негіздер жоқ.
Аталғандар негізінде, сот алқасы, жергілікті соттардың шешімі заңды әрі негізді деген тұжырымымен толық келіседі.
АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 қазандағы шешімі және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 қаңтардағы қаулысы өзгеріссіз, талап қоюшы Н.А. Тобакабыловтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев
Судьялар
Ш.Т.Даниярова Г.К. Нұрбаев Г.К. Нұрбаев
Көшірмесі дұрыс Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.