КСАД РК - Постановление от 24.09.2025 по делу 6003-25-00-4к/780 (Административное)

1

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 24 қыркүйек № 6399-2500-4а/780 іс Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында:

төрағалық етуші - судья Н.М. Кабдрахманова,

судьялар - Л.С. Кудекова, Ш.С. Манжуева,

талап қоюшының өкілі Е.М. Байгалиев, жауапкердің өкілі А.М. Исинаның қатысуларымен ашық сот отырысында Дарига Жаксылыковна Дюсебаеваның «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне қойылған тұрғын үй комиссияның жекешелендіруден бас тарту туралы шешіміне дау айту туралы әкімшілік талап қоюы бойынша Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 3 ақпандағы шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 сәуірдегі қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Д.Ж. Дюсебаева сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 3 ақпандағы шешімімен Д.Ж. Дюсебаеваның талап қоюы қанағаттандырылып, 2024 жылғы 14 тамыздағы № 6 хаттамадағы Д.Ж. Дюсебаеваның Астана қаласы, Кабанбай батыр данғылы, 57/2-үй, 213-пәтер мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үйді жекешелендіруден бас тартылғаны туралы Астана қаласы әкімдігінің жананыдағы тұрғын үй комиссиясының шешімі заңсыз деп танылып оның күші жойылған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Даудың мәні бойынша шешім қабылданғанда мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, 2024 жылғы 30 шілдедегі №812 мемлекеттік тұргын қорынан үй-жайды жалдау шарты бойынша «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі - Басқарма) Д.Ж. Дюсебаеваға Астана қаласы, Кабанбай батыр данғылы, 57/2-үй, 213-пәтер мекен жайы бойынша орналасқан пәтер (бөлме саны - 1, жалпы аланы - 33,7 шаршы метр, онын ішінде тұргын аланы - 15,1 шаршы метр) жалға берілген.

2024 жылғы тамызда Д.Ж. Дюсебаева аталған үй-жайды жекешелендіру туралы өтінішпен Астана қаласының әкімдігіне жүгінген. Д.Ж. Дюсебаева бұрын 1993 жылғы 3 наурыздағы №1473 пәтерді жекешелендіру туралы шарттың негізінде Астана қаласы, Бейімбет Майлин көшесі, 5/2 үй, 55 пәтер (бұрын - Ақмола қаласы 3 шағын аудан, 11-үй, 55 пәтер) мекенжайдағы тұрғын үйді жекешелендіргеніне байланысты, Астана қаласының әкімдігінің жананыдағы тұрғын үй комиссияның 2024 жылғы 14 тамыздағы №6 хаттамасына сәйкес кейіннен алған үй-жайды жекешелендiруден бас тарту туралы талап қоюшыға қатысты шешім қабылданған.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі № 97 Заңының (бұдан әрі - Заң) 13-бабының 1- тармағына сәйкес осы Заңда көзделген жағдайларда мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi жалдаушы кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң келiсiмiмен және кәмелетке толмағандардың құқықтарын ескере отырып, тұрғын үйдi осы Заңда көзделген шарттармен және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртiппен қалдық құны бойынша жекешелендiруге құқылы. Заңның 13-бабының 9-тармағына сәйкес азаматтың тұрғынжайды жекешелендіру құқығын іске асырудан бас тартуы үшін негіз болып табылмайтын тұрғынжайды купондық тетік арқылы жекешелендіруді жүзеге асыруды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан бір тұрғынжайды ғана жекешелендіруге құқылы.

Заң шығарушы осы құқықтық нормада тұрғынжайды купондык тетік арқылы жекешелендіру ерекшелік болып табылатынын және мұндай жекешелендіру азаматтың тұрғынжайды жекешелендіру құқығын жүзеге асырудан бас тартуға негіз болмайтынын тікелей айқындаған.

Соттардың 1993 жылы Д.Ж.Дюсебаева пәтерді купондық тетік арқылы жекешелендіргені туралы тұжырымдары заңды.

1993 жылғы 3 наурыздағы тұрғынжайды жекешелендіру туралы шартты талап қоюшы «Целинтяжстрой» трестінің купондық тетікті жүзеге асыру комиссиясымен жасаған.

Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Президентінің 1991 жылғы 13 қыркүйектегі №444 қаулысымен бекітілген Қазақ КСР-дағы мемлекеттік меншікті жекешелендірудің купондық тетігі туралы ереженің 7-тармағына сәйкес купондық тетікті қолдана отырып мемлекеттік тұрғын үй қорын жекешелендіру тәртібі жергілікті Кеңестерінің халық депутаттарының, кәсіпорындар мен ұйымдардың теңгеріміндегі барлық тұрғын үйлерге, сондай-ақ толық шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындарға (олардың ведомстволық бағыныстылығына қарамастан) бекітілген не мекемелерге жедел басқаруға берілген үйлерге қолданылған.

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылғы 24 қаңтардағы №66 Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында мемлекеттік тұрғын үй қорын жекешелендіру туралы Ереженің 6, 9, 13тармақтарының мәні бойынша тұрғын үй-жайларды жекешелендіру осы Ережеге сәйкес халық депутаттарының жергілікті Кеңестері айқындайтын тәртіппен жүргізілген. Азаматтардың меншігіне берілетін жатақханалардағы пәтерлердің (үйлердің) және бөлме үлгісіндегі тұрғын үй-жайлардың құнын халық депутаттарының жергілікті Кеңесі құратын комиссия не оның атқарушы органының тапсырмасы бойынша купондық тетік туралы ережеде айқындалған тәртіппен белгілеген. Мемлекеттік тұрғын үй қорының өздері тұратын тұрғын үй жайларын I және II топтағы мүгедектер меншігіне тегін алуға құқығы бар болған, сонымен бірге жоғарыда аталған санаттағы азаматтарға жекешелендіру купондары да берілген.

Д.Ж.Дюсебаеваға жекешелендіру купондары берілсе де, ол екінші топтағы мүгедектігі болғандықтан тұрғынжайды тегін жекешелендіруге құқығы болған, сондықтан жекешелндіру туралы шартта пәтер өтеусіз берілгені көрсетілген. Талап қоюшы Ереженің 1 тармағына сәйкес өзі иеленіп отырған бір пәтерді жекешелендірді.

Д.Ж.Дюсебаева 1993 жылы пәтерді купондық тетік арқылы жекешелендіргеніне байланысты, 2024 жылы берілген пәтерді жекешелендіруге құқылы.

Осылайша, жауапкер даулы шешімді шығарғанда заңдылық қағидатын бұзған, сондықтан соттың әкімшілік талап қоюды қанағаттандыру туралы қорытындысы дұрыс.

Аталғандар негізінде кассациялық сатыдағы сот жергілікті соттардың шешімі заңды әрі негізді деген тұжырымға келді.

ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 3 ақпандағы шешімі, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 сәуірдегі қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.

Жауапкер «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Н. Кабдрахманова

Судьялар

Л. Кудекова

Ш. Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.