6кг-17- Қ А У Л Ы
2018 жылғы 6 қыркүйек
Астана
қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының
мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья А.Қыдырбаева, судьялар М.Балкен, Б.Шермұхаметов,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің прокуроры Т[...],
әкімшілік тәртіптен босатылған жеке тұлға А[...], Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Астана қаласының Ішкі істер департаменті» Мемлекет мекемесінің (бұдан әрі - Астана қаласының ІІД) өкілі Т[...], әкімшілік тәртіпке тартылған жеке тұлға К[...] және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті «Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті» Мемлекет мекемесінің (бұдан әрі - Астана қаласының ТЖД) өкілі Б[...] қатысуымен,
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2017 жылғы
14 қарашадағы қаулысына Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығымен келіп түскен
А[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 610-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес 2017 жылғы 24 қазанда сағат 15:55 шамасында жүргізуші А[...] «Nissan» маркалы, мемлекеттік нөмірі [...], автокөлігін басқарып келе жатып, Кенесары және Уәлиханов көшелерінің қиылысында көк түсті бағдаршам қосылғанда, қиылыстан өтіп бара жатқан К[...] басқаруындағы қызметтік тапсырысты орындаушы, жедел қызметтік «Камаз» маркалы, мемлекеттік нөмірі [...], өрт сөндіруші автокөлігімен соқтығысқан. Нәтижесінде, көлік құралдары зақымданып, материалдық залал келтірілген.
Осыған орай, уәкілетті орган А[...] Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларының 6.2 және 13.9-тармақтарын (бұдан әрі - Қағида) сақтамағанын көрсетіп, оған қатысты ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігімен хаттама толтырып, іс құжаттарын сотқа жолдаған.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2017 жылғы 14 қарашадағы қаулысымен А[...] қатысты қозғалған әкімшілік іс, оның әрекетінде құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қысқартылған.
Әкімшілік іс апелляциялық тәртіппен қаралмаған.
Қазақстан Республикасы Бас прокуроры орынбасарының наразылығында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актісін қайта қарауды ұсынады.
Наразылықтың дәлелдерін қолдаған К[...] пен Астана қаласының ТЖД-нің өкілі Б[...] және А[...] пен Астана қаласының ІІД өкілі Т[...] наразылыққа қарсылықтарын, Астана қаласының мамандандырылған әкімшілік соты қаулысының күшін жою, істі қайта қарауға жолдау туралы прокурордың қорытындысын тыңдап, алқа келесі қорытындыға келді.
ӘҚБтК-нің 840-бабы 1-бөлігіне сәйкес сот қаулысының күшiн жоюға не оны өзгертуге және қаулы шығаруға келесі негіздер бар: судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi; әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы; ӘҚБтК-тіндегі процестік нормаларының елеулi түрде бұзылуы; қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сәйкес келмеуi. Бірінші сатыдағы сот жол көлік оқиғасы өрт сөндіруші көлігінің жүргізушісі К[...] әрекетінен болғаны, қиылыста тоқтап тұрған «Nissan» маркалы автокөлігінің алдыңғы жағына өрт сөндіруші автокөлігі артқы дөңгелегімен соққаны туралы тұжырым жасаған.
Қабылданған сот қаулысы келесі негіздермен бұзылуға жатады.
Соттың қаулысында көрсетілген iстiң нақты мән-жайлары бойынша зерттелген дәлелдемелерге сай келмейді.
Сот А[...] әрекетінде құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты істі қысқартып, жол жүрісіне қатысушылар жол жүрісі үшін қауіп туғызбайтындай және зиян келтірмейтіндей етіп іс-қимыл жасауы тиіс. Жол жүрісіне қатысушылар реттеушінің және бағдаршам сигналдарының, жол жүрісін реттеу үшін қолданылатын жол белгілерінің, жол таңбаларының, жол жұмыстары кезінде пайдаланылатын дыбыс және жарық сигналдарының, жедел және арнаулы қызметтердің көлік құралдарының арнайы жарық және дыбыс сигналдарының талаптарын орындауға міндетті деп көрсетілген Қағиданың 1.5.2 тармағына сәйкес К[...] әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Сот отырысында К[...] қызыл түсті жарқылдақ маягі іске қосылған және арнаулы дыбыстық сигналы қосылу өрт сөндіруші көлігімен Кенесары-Уәлиханов көшелерінің қиылысында сол жақтан көліктердің бәрі тоқтап, оны өткізіп тұрғандарын көріп, қиылыстан өтіп бара жатқанда, артқы жағынан бір дыбыс естігенін, айнасына қарағанда «Nissan» маркалы автокөлігімен соқтығысқанын көргенін айтқан.
Сонымен қатар, іс құжаттарындағы бейнежазбадан Уәлиханов көшесінде екі арнайы қызыл түсті жарқылдақ маягі іске қосылған өрт сөндіруші автокөліктері келе жатқаны, оның біріншісі УәлихановКенесары көшелерінің қиылысынан өткені, ал, екіншісі осы
қиылыстан өтіп бара жатқанда, басқа автокөліктердің тоқтағаны, сол кезде Кенесары көшесінен жылдамдықпен келген «Nissan» маркалы автокөлігі қиылысқа шығып, өрт сөндіруші автокөлікке жол бермей, оның артқы сол жағына соққаны байқалады.
Осы бейнежазбадан, сондай-ақ жол-көлік оқиғасының сызбасынан өрт сөндіруші автокөлігі қиылысқа шыққаны және оны аяқтап өтіп бара жатқанда соқтығыс болғаны көрінеді.
Мұндай жағдайларда А[...] Қағиданың 6.2 және 13.9-тармақтарында көзделген, яғни көк және (немесе) қызыл түсті жарқылдақ маягі іске қосылған және арнаулы дыбыстық сигналы бар көлік құралдары жақындаған кезде жүргізушілер осы және олардың ілесіп жүруіндегі басқа көлік құралдарының кедергісіз өтіп кетуін қамтамасыз ету үшін жолды босатады, сондай-ақ рұқсат беретін сигналы іске қосылғанда жүргізуші жол қиылысы арқылы жүрісін аяқтайтын көлік құралына жол беру туралы талаптарды сақтамағаны байқалады.
Сонымен қоса, Қағиданың 6.1-тармағында жедел және арнайы қызметтің көлік құралдарының жүргізушілері кезек күттірмейтін қызметтік тапсырманы орындау кезінде (көк және қызыл түсті жарқылдауық маягі іске қосылғанда), өздеріне жол берілгендігіне көз жеткізгенде басымдықты пайдалана алады деп көрсетілген.
Үшіншіден, жол-көлік оқиғасының сызбасының қосымшасында «Nissan» маркалы автокөлігінің алдынғы жағы, бампері, фарасы, қанаты және тағы басқа зақымданғаны, ал «Камаз» өрт сөндіруші автокөлігінің артқы қанаты, дөңгелегі зақымданғаны көрсетілген.
Бейнежазбадан және фотосуреттерге қарағанда «Nissan» маркалы автокөлігінің алдыңғы бампері оңнан солға қарай жұлынып, сырылу арқылы зақымданғаны, Ал егер де А[...] басқарған автокөлік соқтығыс жасаса, онда оның көлігінің алдынғы жағы ішке қарай майысып соғылар еді және өрт сөндіруші көліктің дөңгелегі ғана сырылып зақымдануы мүмкін емес. С[...] А[...] оның автокөлігінің алдыңғы жағынан өрт сөндіруші автокөлігі артқы сол жағымен соқтығыс жасады деген түсініктемелері мен уәждерін күмән келтіреді.
Алайда, фотосуреттерден А[...] басқаруында болған «Nissan» маркалы автокөлігінің алдыңғы жағы толықтай
зақымданғаны, капоты жиырылып майысқаны, яғни соқтығыстың тікелей болғанын білдіреді.
Оның үстіне, соқтығыстың тікелей болғаны жол-көлік оқиғасының сызбасымен де расталады. Мұнда соқтығыстан кейін «Nissan» автокөлігі алдыңғы жағы ғана бұрылумен соқтығыс орнында қалған.
Аталған жағдайда, А[...] Қағиданың 6.2 және 13.9тармақтарын сақтағаны туралы уәждерін толық көлемде тексермей қабылдаған.
ӘҚБтК-тің 765-бабының 1-бөлігіне сәйкес жүргізуінде әкiмшiлiк іс жатқан судья осы ӘҚБтК-те белгiленген тәртiппен әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының барлық белгілері бар болғанын немесе болмағанын, өзіне қатысты іс жүргізіліп жатқан тұлғаның осы әрекетті жасағанын немесе жасамағанын, оның кiнәлiлiгiн не кінәсіздігін анықтауына негіз болатын заңды түрде алынған нақты деректер, сондай-ақ iстiң дұрыс шешiлуi үшiн маңызы бар өзге де мән-жайлар әкiмшiлiк iс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
ӘҚБтК-нің 819-бабы 1-бөлігіне сай (оқиға болған және сотта істі қарау кезіндегі 2017 жылғы 3 шілдедегі редакциясында) судья, орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалды ма, осы тұлға оны жасауға кiнәлi ме, ол әкiмшiлiк жауаптылыққа жатады ма, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар бар ма, мүлiктiк залал келтiрiлген бе, сондай-ақ iстiң дұрыс шешілуі үшiн маңызы бар басқа да мән-жайларды анықтауға мiндеттi.
Іс бойынша елеулі біржақтылыққа және іс жүргізудің толық еместігіне, міндетті түрде зерттелуге тиіс дәлелдемелердің зерттелмегендігіне жол берілген.
Қабылданған сот қаулысы құқық нормаларын қолданудағы бірізділікті бұзатын жағдайға жатады, іс бойынша іс жүргізуді қайта қозғалып, бірінші сатыдағы сотқа өзге құрамда қайта қарау үшін жолдануға негіз болып табылады.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабының 1-бөлігінің А[...] қатысты қабылданған Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2017 жылғы 14 қарашадағы қаулысының күшін жойып, іс бойынша іс жүргізуді қайта қозғап, іс бірінші сатыдағы сотқа өзге құрамда қайта қарау үшін жолдансын.
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А. Қыдырбаева Судьялар М. Балкен
Б. Шермұхаметов
Көшірмесі дұрыс. Судья Б. Шермұхаметов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.