№6001-23-00-6ап/3470
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 6 мамыр
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Ә[...],
судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшылар К[...] пен К[...] жауапкерлер «Ақтөбе облысы полиция департаменті» мемлекеттік мекемесі мен Шалқар ауданының полиция бөлімінің әрекетсіздігін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 25 қыркүйектегі ұйғарымы мен Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 қарашадағы ұйғарымына талап қоюшылардың өкілі [...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшылар жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 25 қыркүйектегі ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 қарашадағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшылардың өкілі кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Талап қоюшылар қылмыстық іс бойынша қабылданған шешімдермен келіспей, жауапкерлердің іс-әрекетін әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауды сұраған. Жергілікті соттар, талап қоюды қайтарып, талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтындығын көрсеткен, себебі жауапкерлердің әрекеті (әрекетсіздігі) қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарына сай тексерілуі тиіс.
Соттардың бұл тұжырымдары іс материалдарымен негізделген.
ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасына сай, егер іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 25 қыркүйектегі ұйғарымы мен Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 қарашадағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшылардың өкілі [...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Көшірмесі дұрыс.
Ә[...] Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.