ВС РК - Постановление от 28.02.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2289 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 28 ақпан 6001-22-00-6ап/2289 (2) Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,

талап қоюшы Шардара ауданы әкімдігінің өкілі – А[...], жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрілігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (РММ) өкілі – Б[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Шардара ауданы әкімдігінің жауапкер «Түркістан облысы жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне 2021 жылғы 28 қазандағы №36 ұйғарымының күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 11 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 13 желтоқсандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.

Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасының 2021 жылғы 28 қазандағы №36 бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымы заңсыз деп танылып, бұзылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 11 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, іс сол сотқа жаңадан қарауға жолданған.

Талап қоюшы Шардара ауданы әкімдігі кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған апелляциялық сот алқасының сот актісімен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатылы соттың сот актісін күшінде қалдыруды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілінің кассациялық шағыммен келіспеген пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер апелляциялық саты сотының тарапынан орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Түркістан облысы, [...] әкімдігімен 2021 жылғы 3 шілдеде ауылшаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін жалға беру туралы конкурс өткізілген.

Конкурсқа 127 лот бойынша жалпы көлемі 11 436,5 га жер учаскесі қойылған.

2021 жылғы 9 тамызда Шардара ауданы әкімдігінің «Жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесімен (ММ) мен конкурс жеңімпаздары арасында жер учаскесін жалға беру туралы келісім-шарттар жасалған.

Конкурсқа қатысушы С[...] «Түркістан облысы жер инспекциясы басқармасы» ММ-не арызданып, конкурс барысы бейне жазбаға түсірілмегенін көрсеткен. Шағымның уәждерін тексеру нәтижесінде жауапкермен 2021 жылғы 28 қазанда №36 ұйғарым шығарылып, талап қоюшыға жолданған.

Бұл ұйғарыммен даулы жер учаскесі берілген барлық тұлғалардың заңмен қорғалатын мүдделері қозғалады. Алайда бірінші сатылы сот оларды іске қатысушы ретінде тартпаған.

Апелляциялық саты сотымен бірінші сатыдағы сотпен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының дұрыс анықталмағаны, сотпен іске қатысатын адамдардың құрамы туралы мәселе дұрыс шешілмей, іске қатысуға тартылмаған адамдардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселені шешкені, судьяның белсенді рөлі жүзеге асырылмағаны анықталған.

Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға негіз жоқ.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 11 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Шардара ауданы әкімдігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.