№6003-25-00-2к/4783
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 16 ақпан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов, талап қоюшының өкілі Р.Р.Мусакуловтың, жауапкердің өкілдері М.Ауезбаевтың, А.Х.Белдебаевтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Балнур Абашовна Коянбаеваның жауапкерлер «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, «Байзақ ауданының білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы бойынша Тараз қалалық сотының 2025 жылғы 14 наурыздағы шешімі мен Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Б.А.Қоянбаева талап қоюмен сотқа жүгініп, онда өзіне тағылған заң бұзушылықтар оның нақты әрекеттерімен байланысты емес екенін, ол жауапкер «Байзақ ауданының білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Бөлім) басшысы міндеттерін уақытша атқару кезеңінде қаржылық құжаттарға тек техникалық сипатта қол қойғанын, нақты қаржылық шешімдерді бухгалтерия мен жауапты мамандар қабылдағанын көрсеткен. Сонымен қатар, прокуратура ұсынған бұзушылықтар кейін жойылғанын, бюджет қаражаты мемлекетке қайтарылғанын, сондықтан тәртіптік жаза қолдануға негіз болмағанын көрсетіп, жауапкер «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы 2024 жылғы 11 қыркүйектегі №14Ж/Қ бұйрықты заңсыз деп тануды және оның күшін жоюды сұраған.
Тараз қалалық сотының 2025 жылғы 14 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшы соттар істің мән-жайларын толық және жан-жақты анықтамады, дәлелдемелерді біржақты бағалады, тәртіптік жаза қолдану кезінде кінәсінің нысаны мен дәрежесі анықталмаған, қызметтік тергеп-тексеру объективті жүргізілмеген деп көрсеткен. Сондай-ақ, ол демалыста болған кезеңінде орын алған қаржылық операциялар үшін жауапкершілік жүктеу заңсыз екенін, ал қаражаттың кейін қайтарылуы құқық бұзушылық болмағанын дәлелдейді деп есептейді.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 449-бабының 1-бөлігіне сай істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарынан 2024 жылғы 17 сәуірдегі бұйрықпен талап қоюшы Б.А.Қоянбаеваға Бөлім басшысының міндеттерін уақытша атқару жүктелгені анықталған.
Осы кезеңде талап қоюшы қаржы-шаруашылық қызметті ұйымдастыруға, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің заңдылығын қамтамасыз етуге, бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына жауапты болған. 2024 жылғы 5 шілдеде Байзақ ауданы прокуратурасы енгізген ұсыныста Бөлімде мемлекеттік сатып алу заңнамасының, бюджеттік және қаржылық тәртіптің бұзылуына жол берілгені көрсетілген. Атап айтқанда, күзет қызметтері бойынша шарт талаптары толық орындалмағанына қарамастан, орындалған жұмыстар актілеріне қол қойылып, бюджет қаражаты төленген; іссапар шығындары мен сауықтыру жәрдемақылары тиісті негіздемесіз төленген; мемлекеттік сатып алу шартының орындалуына бақылау жеткіліксіз жүргізілген. Осы мән-жайлар бойынша қызметтік тергеп-тексеру жүргізіліп, оның қорытындысында талап қоюшының Бөлім басшысының міндетін атқарушы ретінде тиісті бақылауды жүзеге асырмағаны, қаржылық құжаттарға қол қоя отырып, заң бұзушылықтарға жол бергені көрсетілген.
2024 жылғы 4 қыркүйекте тәртіптік комиссия отырысында қызметтік тергеп-тексеру құжаттары қаралып, талап қоюшыға «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылданған.
2024 жылғы 11 қыркүйекте осы шешім негізінде Басқармамен №14-Ж/Қ бұйрық шығарылған.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюшының міндеттерін уақытша атқару кезеңінде ұйым басшысының өкілеттіктері мен жауапкершілігін толық көлемде жүзеге асырғанын, демалыс кезеңі туралы уәждер нақты қаржылық құжаттарға қол қою уақытымен сәйкес келмейтінін анықтаған.
Талап қоюшының шешімдерді бухгалтер қабылдады деген уәжі де негізсіз, себебі Бөлім басшысының міндетін атқарушы ретінде ұйымдастырушылық және бақылау функциялары соған жүктелген. Қаржылық құжаттарға қол қою оның мазмұнымен келісетінін және заңдылығына жауапкершілік алатынын білдіреді.
Қаражаттың кейін бюджетке қайтарылуы бастапқыда заң бұзушылық орын алмағанын білдірмейді және кінәні жоққа шығармайды.
Тәртіптік жауапкершілік құқық бұзушылық фактісі орын алған сәтте туындайды.
Осылайша, қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер соттармен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі бұзу анықталмаған.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ. Сол себепті, сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып,
сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Тараз қалалық сотының 2025 жылғы 14 наурыздағы шешімі мен Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова Судьялар А.Есдаулетов Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.