ВС РК - Постановление от 21.04.2021 по делу 6001-21-00-3гп/105 (Гражданское)

6001-21-00-3гп/105

ҚАУЛЫ

2021 жылғы 21 сәуір Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші алқа төрағасы М.Т. Таймерденов, судьялар Г.Қ. Жүсіпбекова, Б.Ж. Тоқтарова,

жауапкер К[...] қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында Жамбыл облыстық сотымен бейнеконференцбайланысы арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] жауапкер К[...] ар-намысты және қадір-қасиетті қорғау, моральдық зиянды өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Жамбыл облысы Жуалы аудандық сотының 2020 жылғы 22 маусымдағы шешімін, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 26 тамыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы К[...] келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

А[...] сотқа жоғарыда аталған талап қою арызымен жүгініп, талаптарын К[...] шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқанымен негіздеген. Жамбыл облысы Жуалы аудандық сотының 2020 жылғы 22 маусымдағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған. Жауапкер К[...] талап қоюшы А[...] қатысты Қазақстан Республикасы П[...] атына жазған арызында көрсетілген «Қандай жолмен бас дәрігер болғанын бір құдайдың өзі біледі. Бірақ аудан халқының білетін заңсыз әрекет жасап сыбайлас жемқорлыққа жол беріп, алып келгені айдан анық; қарапайым халықтың қалтасын заңсыз тонауда» деген (бұдан әрі – даулы мәліметтер) А[...] ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер шындыққа жанаспайтындықтан, Қазақстан Республикасының П[...] Тоқаевтың атына хат жолдау арқылы теріске шығару жауапкер К[...] міндеттелген.

К[...] сот шығыстары өндіріліп, талап қою арызының қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 26 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арызданушы жергілікті соттардың іс бойынша қабылдаған шешімдерімен келіспей, соттың тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін алға тартып, апелляциялық қаулының күшін жоюды сұраған.

А[...] кассациялық сатыдағы соттың істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған, алайда сот отырысына қатыспады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 445-бабының 3-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған іске қатысатын адамдардың келмеуі істі қарауға кедергі болмайды.

Сот алқасы жауапкердің өтінішхат уәждерін қолдаған түсінігін тыңдап, іс құжаттарын тексеріп, өтінішхат уәждерін талқылап, төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілері өзгертіліп, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады деген тұжырымға келді.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, 2019 жылғы 4 шілдеде «Жуалыжелтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы К[...] Жуалы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері А[...] қызметіне байланысты даулы мәліметтерді көрсетіп, Қазақстан Республикасы П[...] атына арызданған.

2019 жылғы 19-20 қыркүйекте Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының комиссиясы аталған арыз бойынша тексеру жүргізіп, нәтижесі бойынша жұмыс тобы К[...] шағымын негізсіз деп тапқан.

Сот психологиялық-филологиялық сараптамасының 2020 жылғы 5 наурыздағы №250 қорытындысына сәйкес даулы мәліметтердің құрамында А[...] ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне шындыққа сәйкес келмеген жағдайда, нұқсан келтіретін мәліметтер бар.

Жергілікті соттар аталған сараптама қорытындысын негізге алып, талап қою арызын ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған. Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабында Қазақстан Республикасы азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тікелей өзі жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға құқығы бар екендігі көзделген. Жауапкер мемлекет басшысына жолдаған арызында талап қоюшының ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді емес, ауруханада орын алған заңсыз іс-әрекеттерді көрсеткен.

Сонымен қатар, «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 2-тармағының

  1. тармақшасында субъектiлер мен лауазымды тұлғаларға жеке тұлғаларды, соның iшiнде заңды тұлғалардың мүддесiн танытушы тұлғаларды, олардың отбасы мүшелерiн субъектiлерге және лауазымды тұлғаларға олардың қызметiн сынап не құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қорғау мақсатында өтiнiш беруiне байланысты қудалаудың жолын кесу міндеті жүктелген. Азаматтың мемлекеттік органдарға немесе лауазымды тұлғаның атына белгілі бір мәліметтер келтірілген арыздармен және өтініштермен жүгінуі, тіпті егер бұл мәліметтер оларды тексеру барысында өзінің растауын таппаса да, азаматты Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 143-бабында көзделген азаматтық-құқықтық жауаптылыққа тарту үшін негіз бола алмайды. Арызында жауапкер өзінің пікірі мен субъективті көзқарасын білдіріп жазғандықтан, аталғандар талап қоюшының ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, жеке мүліктік емес құқықтарын бұзуға алып келетін мәлімет ретінде бағалануға жатпайды. Дауланып отырған арыздың мазмұны бағалау сипатына ие, автордың пікірі мен субъективті пайымы болып табылады, сәйкесінше бұл талап қоюшының ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіруді, жеке мүліктік емес құқықтарының бұзылуын куәландырмайды. Қарастырылып отырған жағдайда азаматтың Конституциямен кепілдік берілген өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау құқығын пайдаланып, келіп түскен ақпаратты заңға сәйкес тексеруге міндетті лауазымды тұлғаға жүгінуі орын алған.

Осылайша, азамат өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін не басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына және лауазымды адамдарға еркін және ерікті түрде жүгінуге құқылы. Бұл ретте адам өтініште қойылған мәселенің мәніне қатысы бар және оның шешілуіне ықпал етуі мүмкін деп санайтын, өзіне белгілі фактілер мен оқиғаларды өтініште көрсете алады.

«Сот тәжірибесінде азаматтардың және заңды тұлғалардың ар-намысы мен абыройын және іскерлік беделділігін қорғау жөніндегі заңдылықты қолдану туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 2-тармағына сәйкес АК-нің 141, 143-баптарымен, АПК-нің 23 және 150-баптарымен көзделген тәртіпте және негіздер бойынша қозғалған азаматтық істерді қарағанда соттар мынадай жағдайларды толық анықтау керек: талап бойынша бекерге шығару туралы көрсетілген мәліметтер таратылған ба, олар ұйымның атағына, азаматтың ар-намысына және абыройына кір келтіре ме, мәліметтер шындыққа жата ма.

Сот алқасы азамат өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін не басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға жүгінуге құқылы деп есептейді.

Мұндай жағдайда, жауапкер Конституциямен кепілдік берілген өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін пайдаланып, лауазымды тұлғаға жүгінген, ал келіп түскен ақпаратты тексеру міндеті тиісті мемлекеттік органға не лауазымды тұлғаға жүктеледі.

Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы жергілікті соттар материалдық заң нормаларын дұрыс қолданбағандықтан, дауланып отырған сот актілері өзгертіліп, А[...] талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдау қажет деп санайды.

АПК-нің 117-бабының 4-бөлігіне сәйкес талап қоюдан бас тартылған жағдайда іс бойынша іс жүргізуге байланысты сот шығындары талап қоюшыдан мемлекет кірісіне өндіріліп алынады.

Сондықтан, талап қоюшы А[...] сот психологиялықфилологиялық сараптамасы жүргізілуіне байланысты жұмсалған шығын өндірілуге жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жамбыл облысы Жуалы аудандық сотының 2020 жылғы 22 маусымдағы шешімі және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 26 тамыздағы қаулысы өзгертілсін.

Аталған сот актілерінің талап қоюшы А[...] жауапкер К[...] ар-намысты және қадір-қасиетті қорғау, моральдық зиянды өндіру туралы талап қою арызын қанағаттандыру туралы бөлігінің күші жойылып, осы бөлігінде талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдансын.

Талап қоюшы А[...] сот психологиялық-филологиялық сараптамасы жүргізілуіне байланысты жұмсалған шығын 64 384 (алпыс төрт мың үш жүз сексен төрт) теңге мемлекет кірісіне өндірілсін. К[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

М. Таймерденов

Судьялар

Г. Жүсіпбекова

Б. Тоқтарова

Көшірмесі дұрыс.

Судья

Г. Жүсіпбекова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.