КСАД РК - Определение от 11.09.2025 по делу 6003-25-00-4к/172 (Административное)

ЖЕКЕ ҰЙҒАРЫМ

2025 жылғы 11 қыркүйек №6003-25-00-4к/172 Астана қаласы

Қазақтан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья М.Туғанбаев,

судьялар Н.Нуралыева, Ж.Оспанова болып,

жауапкер өкілі С.Мухамеджановтың қатысуымен

ашық сот отырысында талап қоюшы Зият Убайдаұлы Тоғатайдың жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі –Корпорация) қойған

жерге орналастыру жобаларына келісім беруден бас тарту әрекетін заңсыз деп танып, жауапкерге жерге орналастыру жобаларын жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесінің графикалық деректерімен келісуді міндеттеу туралы талабы бойынша қабылданған

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 қыркүйектегі шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

З.Тоғатай жоғарыда көрсетілген талаппен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 қыркүйектегі шешімімен талапты қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты 2025 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысымен жергілікті соттардың сот актілері өзгертіліп, талап ішінара қанағаттандырылды. Жауапкердің жерге орналастыру жобаларына келісім беру қызметін жасаудан бас тарту әрекеті заңсыз деп танылды.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің – (бұдан әрі АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 270-бабының 1-бөлігінде көрсетілгендей, заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті. Осы істі қарау барысында анықталған келесі бұзушылықтарға сот тиісті органдардың назарын аудару қажет деп тапты.

Дауланып отырған іс бойынша қойылып отырған талап жер қатынастары саласында көрсетілген мемлекеттік қызметтен туындаған. Бұл салада мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі арнайы нормативтік құқықтық акт - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйрығымен бекітілген (бұдан әрі - №301Бұйрық) Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қағидалармен (бұдан әрі - Қағидалар) реттеледі.

Аталған Қағидаларға 2023 жылғы 1 тамыздағы бұйрықпен өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жаңа редакцияда жазылған. Бұл өзгерістер жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру аясында енгізілген. Ондағы мақсат жер заңнамасын жетілдіру, жер учаскелерін берудегі тәртіп пен үрдісті жеңілдету және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту болған.

Алайда, осы өзгерістерден кейін Қағидалардың қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінде сәйкессіздіктер орын алған. Қызметтерді көрсету тәртібі бойынша да екі тілдегі нұсқаларда елеулі айырмашылықтар бар. Мысал ретінде дауланып отырған іс бойынша негізге алынған «Жобаланатын жер учаскесін жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесінің графикалық деректерімен келісу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын (№301 Бұйрықтың №11 қосымшасы) келтіруге болады (бұдан әрі -№11 Қағида). Ең алдымен, аталған Қағидада кездесетін негізгі ұғымдар бойынша. Қағиданың қазақ тіліндегі нұсқасында 6 (алты) ұғымның анықтамасы келтірілсе, орыс тілінде 5 (бес) ұғымға анықтама берілген. Одан бөлек, қазақ тілінде мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің анықтамасы қамтылса, орыс тіліндегі қағидада - жы лжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесінің анықтамасы, яғни мүлдем басқа ұғымдар келтірілген.

Бұл келітірілгендер «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі Заңының (бұдан әрі - Заң) 23бабының жетінші тармағы, 24 - бабының үшінші тармағы талаптарын өрескел бұзушылық болып табылады.Себебі бұл талаптарға сәйкес қазақ және орыс тілдеріндегі нормативтік құқықтық актілердің мәтіндері теңтүпнұсқалы болуға тиіс. Қазақ тiлiндегi нормативтiк құқықтық актiдегi терминдер мен анықтамалар әлiпбилiк ретпен орналастырылып, орыс тiлiндегi нормативтiк құқықтық актiдегi терминдер мен анықтамалар қазақ тiлiнде жазылған ретке сәйкес болуға міндетті. Қағидадағы келесі кемшілік – мәтіндердегі айырмашылықтар. Орыс тіліндегі қағиданың 4-тармағы үш бөліктен тұрады және оның екінші бөлігінде мемлекеттік қызметті қағаз түрінде көрсету кезінде өтініштер мен құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейтіні көрсетілген.

Қазақ тілінде мұндай ереже көрсетілмеген және 4-тармақ екі бөліктен ғана тұрады. Бірінші бөлігінің мазмұнында да айырмашылықтар бар: қазақ тілінде мемлекетік қызметті алу үшін арнайы нысандағы өтініш берілетіні көрсетілген, орыс тілінде мұндай жазылмаған.

Қағиданың 6 және 7-тармақтарының қазақ тіліндегі нұсқасында құрылымдық бөлімше қызметкерінің атқаратын қызметтерінің мерзімдері бөлек-бөлек белгіленген: 1 жұмыс күні, 3 жұмыс күні және 2 сағат . Орыс тілінде мерзімдер бөлінбей, жалпылама 6 жұмыс күні деп көрсетілген.

Қағиданың 8-тармағының орыс тіліндегі нұсқасында тыңдалым нәтижелері бойынша Қызмет беруші жобаланатын жер учаскесінің координаттар тізбесі бойынша Келісім актісінн беру туралы , не жобаланатын жер учаскесінің координаттар тізбесінің Сәйкессіздігі туралы акті беретіні, не мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тарту туралы шешім қабылдайтыны көрсетілген.

Ал қазақ тіліндегі қағидада - тыңдалым нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті беруші жобаланып отырған жер учаскесінің тексеру актісін келістіру туралы не мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тарту туралы шешім қабылдайтыны ғана жазылған.

Мұнан кейін абзац арқылы тағы бір бөлік келтіріліп, онда мемлекеттік қызметті көрсетуден уәжді бас тарту көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының ЭЦҚ-сы қойылған электрондық құжат нысанында көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетіне» жіберілетіні не көрсетілетін қызметті беруші арқылы берілетіні көрсетілген. Орыс тіліндегі нұсқада мұндай бөлік жоқ.

Яғни сәйкессіздіктер мәтіннің аудармасында ғана емес, көрсетілетін қызметтің тәртібінде де болып тұр.

Кейбір қызмет түрлері бойынша қызмет алушылар шеңбері де өзгешеленеді. Мәселен, «Кент, ауыл жерлерінен жер учаскесін беру» мемлекеттік қызметін (№301 Бұйрықтың №9 қосымшасы) көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінің (№9 қағиданың 1-қосымшасы) қазақ тіліндегі нұсқасына қарағанда бұл қызмет шеңберінде жер учаскелері 9 (тоғыз) түрлі бағыт беріледі: 1) жеке тұрғын үй құрылысы үшін; 2) инвестициялық жобадарды іске асыру үшін; 3) іздестіру жұмыстарын жүргізген аумақта ғимараттар (құрылыстар, құрылысжайлар) және олардың инженерліккоммуникациялық желілерін салу үшін; 4) арнайы экономикалық аймақтың индустриялық аймақтың қатысушысына, басқарушы компаниясына; 5) мемлекеттік мүдделерді және қоғамдық маңызы бар мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін инвестициялық жобаларды салу үшін; 6) отандық өнеркәсіп кәсіпорындарына; 7) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру үшін жекеше әріптестерге не концессиялық жобаларды іске асыру үшін концессионерлерге; 8) инвестициялық және инновациялық жобаларды іске асыру үшін - - әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларға; 9) өнеркәсіптік инновациялық жобаларды іске асыру үшін өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне.

Ал осы 1-қосымшаның орыс тіліндегі нұсқасында 8 (сегіз) бағыт бойынша құжаттар топтамасы талап етілетіні көрсетілген, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін құжаттар қабылданатыны қаралмаған .

Жоғарыда келтірілген кемшіліктер №301 бұйрықпен бекітілген өзге де қағидаларда орын алған. Аталған бұйрықпен мемлекеттің қызметтің 21 түріне қағидалар бекітілгенін ескерсек, бұзушылықтардың ауқымдығы айқын көрінеді.

Сонымен қатар бұл қызмет түрлері халықтың жиі жүгінетін бағыттарға жатады.

Айта кету керек, 2023 жылдан бері бірнеше мәрте өзгертулер мен толықтырулар енгізілгенімен, бұйрықтағы сәйкессіздіктер мен олқылықтар назардан тыс қалып отырған.

Бұл қағидаларды енгізудегі және мемлекеттік қызметтерді цифрлаудағы мақсат – мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету, қызмет сапасын көтеру, жемқорлық тәуекелдерін азайтып, мемлекеттік органдарға деген сенімді арттыру. Алайда құқықтық актідегі сәйкессіздіктер мен олқылықтар бұл міндеттерді іске асыруға, талап үдесінен шығуға кері әсерін тигізетіні анық. Себебі заңнаманы түрліше қолдану заңдылық қағидатының сақталмауына, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоғары болуына жағдай жасайды,

Осыған байланысты кассациялық сот анықталған заң бұзушылықтарды жою және мұндай бұзушылықтарға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің назарына жеткізу қажет деп санайды.

АПК-нің 270-бабын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот

ҰЙҒАРЫМ ЕТТІ:

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан орын алған заң бұзушылықтар туралы және тиісті шаралар қабылдау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің назарына жеткізілсін. Осы жеке ұйғарымды қарау нәтижелері және қабылданған шаралар туралы бір ай мерзімде Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотына хабарлансын.

Жеке ұйғарым жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

Төрағалық етуші М. Туғанбаев

Судьялар Н. Нуралыева

Ж.Оспанова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.