№ 6001-23-00-3г/4893
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 13 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Т. Балкен талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министірлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Батыс Қазақстан обылысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Жер ресурстарын басқару департаменті) жауапкерлер Жаңақала ауданының әкіміне, «Жаңақала ауданының жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Жер қатынастары бөлімі), «С[...]» - Ж[...] шаруа қожалығына, «Н[...]» - Б[...] шаруа қожалығына жер учаскелерін жалға беру туралы шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы наурыздағы шешімін және Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2023 жылғы 24 мамырдағы қаулысын қайта қарау туралы Жер ресурстарын басқару департаментінің өтінішхатын алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, жергілікті атқарушы органның тарапынан жер учаскесі сауда-саттықсыз берілгенімен негіздеген.
Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2023 жылғы 24 мамырдағы қаулысымен заңды күшіне енген Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 3 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Бірінші сот сатысының 2023 жылғы 3 наурыздағы ұйғарымымен талап қоюдың 2018 жылғы 25 қыркүйектегі №167 және 2018 жылғы 20 ақпандағы №30 қаулыларын заңсыз деп тану туралы бөлігінде азаматтық ісі бойынша іс жүргізу өндірісі қысқартылған.
Өтінішхат иесі сот актілерімен келіспейтіндігін, соттың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені туралы өтінішхат иесінің уәждері кассациялық сатының сот отырысында зерттеліп қаралуға негіз бар.
Іс құжаттарынан, 2018 жылғы 20 ақпандағы Жаңақала ауданы әкімінің қаулысымен «С[...]» - Ж[...] шаруа қожалығына Ж[...] ауданы, Көпжасар ауылдық округі, Айғожа қыстауынан көлемі 1000 гектар, соның ішінде жайылым 990 гектар, басқа жер 10 гектар жер учаскесі шаруа қожалығын жүргізу үшін өтеулі жер пайдалану құқығымен 10 жыл мерзімге жалға берілгені анықталған.
Осы қаулының негізінде 2018 жылы 6 наурызда Жер қаныстары бөлімі және «С[...]» шаруа қожалығы арасында жер учаскесін жалға алу шарты жасалған.
Сонымен қатар, 2018 жылғы 25 қыркүйектегі Жаңақала ауданы әкімінің қаулысымен «Н[...]» - Б[...] шаруа қожалығына Ж[...] ауданы, Жаңақазан ауылдық округі, Сарыбайкөл қыстауынан көлемі 2089 гектар, соның ішінде жайылым 2079 гектар, басқа жер 10 гектар жер учаскесі шаруа қожалығын жүргізу үшін өтеулі жер пайдалану құқығымен 10 жыл мерзімге жалға берілген.
Аталған қаулының негізінде 2018 жылы 26 қыркүйекте Жер қаныстары бөлімі және «Н[...]» шаруа қожалығы арасында жер учаскесін жалға алу шарты жасалған.
Алайда, Батыс Қазақстан облысы прокуратурасымен тексеру жүргізіліп, аталған жер учаскесінің сауда-саттықсыз берілгені анықталған, нәтижесінде 2022 жылдың 19 қыркүйегінде Жер ресурстарын басқару департаментіне жіберілген заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыну жолданған. Жер ресурстарын басқару департаментінің 2022 жылғы 12 қазандағы тексерудің қорытындысы бойынша аталған жер учаскесінің саудасаттықсыз беріліп, Қазақстан республикасы Жер кодексінің 48-бабының талаптары бұзылғаны анықталған. Бұл туралы 2022 жылы 12 қазанда ұйғарым шығарылып, Әкім аппаратына орындауға жолданған. Бірақ, ұйғарымда көрсетілген бұзушылықтар жойылмаған.
Талап қоюшының сотқа жер учаскесін жалға беру шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен жүгінуіне аталған ұйғарымның орындалмауы себеп болған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдау кезінде, жер учаскесінің сауда-саттықсыз берілгенін және аталған шарттардың 2018 жылы жасалғанын білуге тиіс болғанымен, талап қоюмен тек 2022 жылдың желтоқсанында ғана жүгініп, талап қою мерзімінің өткенімен негіздеген.
Өз кезегінде, апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен келісе отырып, талап қоюшы өзінің өкілеттігі шегінде жер заңнамасындағы жіберілген бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, талап қою арқылы бұзушылықтарды жоймағанымен түйіндеген. Өтінішхат иесі жергілікті соттардың мұндай тұжырымдарымен келіспей, олардың істі бір жақты қарағанын уәждеп, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабы, 3-тармағының 3) тармақшасына сілтеме жасай отырып, мемлекеттік мекемелер немесе жеке және заңды тұлғалардың өтініштері түскен жағдайда, яғни тексеру негіз болған кезде ғана бақылау амалдарын жүзеге асыратынын көрсеткен. Сондықтан, осы заңның талаптарына сәйкес прокуратураның 2022 жылғы ұсынымы негізінде тексеріс жүргізіліп, заң бұзышылықтарды сол кезде ғана анықтағанымен уәждеген.
Сонымен бірге, арызданушы өтінішхатта жүргізілген тексерудің нәтижесінде Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48-бабының талаптарының бұзылғаны анықталуына байланысты, сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінгенін көрсеткен.
Жоғарыда аталған мән-жайлар сот отырысы барысында зерттеліп, толығымен дәлелденгенін және жоғарыда аталған заң талаптарын негізге ала отырып, бірақ оны дұрыс қолданбағанын өтінішхатта келтірілген. Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот мәжілісінде қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді. АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья,
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 3 наурыздағы шешімін және Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2023 жылғы 24 мамырдағы қаулысын қайта қарау туралы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министірлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Батыс Қазақстан обылысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін. Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын. Судья М.Т.Балкен Көшірмесі дұрыс Судья М.Т.Балкен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.