Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 24.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/2131 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/2131

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 24 қараша Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов, талап қоюшылардың өкілі О.С.Айтбаевтың, жауапкердің өкілі Ж.Б.Тагановтың,

үшінші тұлға Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі Ж.К.Султанованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Баймамбет Ахмедович Тюлюбергеновтың, Берген Алдабергенович Кожаковтың, Жамбыл Сайлаубайұлы Сайлаубайдың, Жандос Серсенулы Туркменбаевтың жауапкер «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына «Е» «СЕ» категориясы бойынша емтихан тапсырып, «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының аутстаффинг мекемесіне қабылдаудан өтті деп тану және теориялық емтиханды заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша Жаңаөзен қалалық сотының 2025 жылғы 12 наурыздағы шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысына талап қоюшылардың кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Б.А.Тюлюбергенов, Б.А.Кожаков, Ж.С.Сайлаубай және Ж.С.Туркменбаев сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, онда жұмыссыз ретінде кезекте тұрғандарын, «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамында (бұдан әрі -АҚ) «Е» «СЕ» категориясы бойынша көлік жүргізушілік сирек мамандығы бойынша жұмысқа орналасу үшін теориялық, практикалық тапсырмалар жүргізілгенін мәлімдеген. Аталған практикалық тапсырмалардан өтіп, ал теориялық тапсырмалар бойынша тиісті балл жинамауларына байланысты жұмысқа қабылдаудан бас тартылғанын көрсетіп, «Өзенмұнайгаз» АҚ аутстаффинг ұйымы арқылы сирек мамандықтар бойынша емтихан тапсырып, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның аутстаффинг ұйымына қабылдаудан өтті деп және теориялық емтиханды заңсыз деп тануды сұраған.

Жаңаөзен қалалық сотының 2025 жылғы 12 наурыздағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшылар қабылданған сот актілерімен келіспей, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа сот актісін шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Анықталғаны, 2021 жылы Жаңаөзен қаласының жұмыссыздық мәселесін шешу мақсатында Жаңаөзен қаласының әкімімен «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның аутстаффинг ұйымы арқылы сирек колданыстағы мамандықтар бойынша персоналмен қамту бағдарламасы бекітілген.

Жаңаөзен қаласы әкімдігі мен «Өзенмұнайгаз» АҚ-ы арасында жасақталған персоналмен қамту бағдарламасына сәйкес аутстаффинг мекемелерінен түскен бос жұмыс орындарына тізімде тұрған жұмыссыздар кезең-кезеңімен жұмысқа орналастырылады. 2023 жылғы 6 сәуірде жауапкермен Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімнен (бұдан әрі -Бөлім) сирек қолданыстағы мамандықтарды іріктеу мақсатында, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтардың ішінен «Е», «СЕ» санатты автокөлік жүргізуші мамандығы бар азаматтар тізімі сұратылған. Бөліммен «Е», «СЕ» санатты автокөлік жүргізуші мамандығы бар азаматтардың тізімі жолданған. «Өзенмұнайгаз» АҚ-ы 2023 жылғы 2 ақпандағы бұйрығымен бекітілген «Е», «СЕ» санатты автокөлік жүргізуші мамандығы бойынша іріктеу жүргізу үшін Регламентке (бұдан әрі - Регламент) сәйкес практикалық және теориялық тапсырмалар бойынша жүргізушілерді іріктеген.

Алайда талап қоюшылар практикалық тапсырмалардан өтіп, теориялық тапсырмаларды орындау нәтижесінде қанағаттанарлықсыз баға алған.

Талап қоюшылар аталған шешіммен келіспей сотқа жүгінген.

Соттар Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі -Кодекс) талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасап, талап қоюды қанағаттандырудан негізді түрде бас тартқан.

Кодексінің 23-бабы 1-бөлігінің 1), 3) тармақшаларына сай жұмыс берушінің жұмысқа қабылдау кезінде таңдау еркіндігіне; өз өкілеттігі шегінде жұмыс берушінің актілерін шығаруға құқығы бар.

Аталған норманың талабы бойынша жұмыс беруші ішкі ережелер мен регламент белгілеуге құқылы.

«Өзенмұнайгаз» АҚ-ы 2023 жылғы 02 ақпандағы бұйрығымен аталған Регламентті бекіткен.

Регламенттің 2-тармағының талаптарына сәйкес «Е», «СЕ» санатындағы автомобиль жүргізушісі мамандығы бойынша теориялық және практикалық тапсырмалар жүргізу үміткер барлық кандидаттарға қолданылады.

Регламенттің 6-тарауының талаптары бойынша практикалық және теориялық тапсырмалар аяқталғаннан кейін нәтижелер хаттамамен ресімделеді. Хаттамада алынған нақты балл саны көрсетіледі, оған комиссия төрағасы мен мүшелері қол қояды. Аталған Регламенттің талабы негізінде талап қоюшылар теориялық тапсырмаларды орындау нәтижесінде қанағаттанарлықсыз баға алған. Осыған орай, комиссия тарапынан талап қоюшылар аутстаффинг ұйымына жұмысқа жіберілмеген.

Демек соттардың «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның қызметі қауіпті өндіріс болып табылатындықтан, жұмыс берушінің жұмысқа қабылдау алдында өз өкілеттілігі шегінде ішкі нормативтік құжат қабылдап, жүргізушілерді теориялық және практикалық білімдері бойынша іріктеу жүргізу әрекеттері Еңбек кодексінің талаптарына қайшы келмейді деген тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, кассациялық шағымда көрсетілген уәждер соттармен жан-жақты зерттеліп, тиісті баға берілген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.

Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.

Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Джаппарова

Судьялар

А.Есдаулетов

Н.Ормаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.