КСАД РК - Постановление от 18.09.2025 по делу 6003-25-00-4к/599 (Административное)

ҚАУЛЫ № 4к/599

18 қыркүйек 2025 жыл Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші - судья Е.М.Нұралиев, судьялар - Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,

талап қоюшы К.Жукенованың, талап қоюшының өкілі Т.Х.Жунусованың, жауапкердің өкілі А.Б.Каршимановтың тікелей қатысуларымен,

ашық сот мәжілісінде Кульшат Жукенованың (әрі қарай - талап қоюшы) «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай – жауапкер) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаж азаматтардың кезектілік тізіміне «көп балалы аналар» санаты бойынша қайта енгізуге мәжбүрлеу жөніндегі талап арызы негізінде қозғалған әкімшілік ісін,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 17 ақпандағы шешіміне, Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 сәуірдегі қаулысына жауапкердің берген кассациялық шағымы бойынша қарап, төмендегені

АНЫҚТАДЫ :

Талап қоюшы бірінші сатыдағы сотқа арыз түсіріп, онда жауапкерге қатысты жоғарыдағы талап қоюмен жүгінген.

Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 17 ақпандағы шешімімен және аппелляциялық сатыдағы соттың сол жылғы 30 сәуірдегі қаулысымен аталған талап қою қанағаттандырылған.

Сот мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған Кульшат Жукенованың «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапратталған көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасылар» санаты бойынша кезегін 2019 жылғы 20 мамырға ауыстырған, талап қоюшыға бұрын төленген 1 180 теңге мемлекеттік бажды қайтарған және жауапкерді сот шешімін заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде орындап, ол туралы сотқа хабарлауды міндеттеген.

Төменгі сатыдағы соттардың шешімдерімен келіспеген жауапкер кассациялық шағым түсіріп, онда қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Тараптардың іс бойынша пікірлерін тыңдап, даудың мән-жайын зерттеп, шағымның уәждерін тексеріп, кассациялық сот төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Аталған құқықбұзушылық осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталмады.

ӘРПК-нің 5 бабының 2 бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Төменгі сатыдағы соттардың тарапынан осы істі қарау барысында жауапкердің құқығын бұзу деректері анықталған жоқ. Туындаған дауды шешу кезінде, олар қолданысқа ие материалдық және процестік құқық нормаларының талаптарын басшылыққа ала отырып, тараптардың әрекеттерін заң шеңберінде бағалаған. Соттардың қорытындысы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) талаптарына негізделген.

Іс бойынша анықталғаны, талап қоюшы Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 06 сәуірдегі Жарлығымен «Алтын алқа» алқасымен марапатталған, сол жылдың 01 шілдесінде ол коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебіне «көп балалы аналар» санаты бойынша тұрғызу туралы өтінішпен жауапкерге жүгінген, алайда «жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер» санаты бойынша кезекке 8118-ші болып тұрғызылған.

2019-2022 жылдар аралығында талап қоюшы өзінің кезегін «көп балалы аналар» санатына ауыстыру туралы өтінішпен уәкілетті органға бірнеше рет жүгінген, бірақ олар қанағаттандырылмаған. Тек 2022 жылдың 03 қазанында жауапкер талап қоюшыға хат жолдап, онда есепте «жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер» санаты бойынша тұрғанын көрсетіп, жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялауға өтініштер қабылдау сол жылдың сәуір айынан басталғанын хабарлап, кезекте тұрған қазақстандықтар оны «Отбасы банк» АҚ арқылы бере алатынын түсіндірген.

2024 жылғы 30 сәуірге талап қоюшының кезегі 1093-ші болып, осы жылдың 29 мамырында көп балалы ана ретінде тұрғын үйді жалға алу үшін субсидияға құжаттарды тапсыру мақсатында, ол кезекте тұрғандарды есепке алудың бірыңғай ұлттық жүйесі (kezekte.kz) арқылы жауапкерге өтініш жолдап, өзін тұрғын үй кезегінен шығаруды сұраған.

Жауапкердің 2024 жылғы 30 мамырдағы 03-06/87 бұйрығымен талап қоюшының «жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер» санаты бойынша кезегі 2010 жылғы 01 шілдеден 2020 жылғы 19 қаңтарға ауыстырылған, ал келесі күні (31 мамырда) ол кезектен шығарылған. Алайда ол жалға берілетін тұрғын үйге арналған субсидияны ала алмаған.

Кейін, 2024 жылғы 11 қыркүйекте ол кезекте тұрғандарды есепке алудың бірыңғай ұлттық жүйесі (kezekte.kz) арқылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебіне «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондайақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар» санаты бойынша кезекке тұрғызу туралы өтініш берген және сол жылдың 01 қазанында аталған санат бойынша кезекке 6650-ші болып тұрғызылған.

Жалпы «Алтын алқа» алқасының иесі ретінде «көп балалы аналар» санаты бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке алынуы талап қоюшыға, «жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер» бойынша есепте тұрған басқа азаматтармен салыстырғанда басымдық береді.

Заңның 73-бабы 1-тармағының талаптары негізінде, «Алтын алқа» алқасымен марапатталуына байланысты белгіленген тәртіппен тұрғын үйге мұқтаж деп танылған талап қоюшының кезегі тұрғын үй алғанға дейін ешбір ауыстырылуға жатпайды.

Қосымша ескерер мәселе, Заңның 67-бабын 1-2) тармақшасымен толықтырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 06 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының алғашқы ресми жарияланған күні ескеріліп, ол сол жылдың 20 мамырында қолданысқа енгізілген.

Мұндай жағдайда, талап қоюшының өзіне тиесілі санатқа тіркеуге негіз болған күннен, яғни 2019 жылдың 20 мамырынан бастап «Алтын алқа» алқасымен марапатталған «көп балалы аналар» санатына есепке алынуы, сөйтіп мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж деп танылуы, төменгі сатыдағы соттардың парасаттылық пен әділеттілік өлшемшарттарын негізге алып дұрыс бағаланған, әрі бұл ӘРПК-нің 7-бабында көзделген заңдылық қағидатына сәйкес келеді.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімі мен қаулысын заңды және негізді деп тауып, оларды бұзуға немесе өзгертуге қандай да бір себептер анықталмады деп санайды.

Кассациялық шағымның уәждері бұрын да төменгі соттардың зертеуінен өтіп, тиісті құқықтық бағаға ие болған. Қандай да бір жаңа, әрі заңды уәждер кассациялық шағым иесінен қазіргі кезде кассациялық сотқа ұсынылмады.

Осы себепті, іс бойынша шығарылған сот актілері өзгеріссіз, ал жауапкердің кассациялық шағымы - қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша шығарылған Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 17 ақпандағы шешімі, Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Е.М. Нұралиев

Судьялар

Л.С. Кудекова

Ш.С. Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.