ВС РК - Постановление от 16.01.2025 по делу 6001-24-00-6ап/1043 (Административное)

№6001-24-00-6ап/1043 №6001-24-00-6ап/1043 (2) №6001-24-00-6ап/1043 (3)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 16 қаңтар Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып, талап қоюшының өкілдері Ж.Ш.Сыздыковтың, Ж.Шаймұханбетұлының, Н.К.Камербаевтың,

жауапкерлердің өкілдері Е.З.Зұлқарнаевтың, Б.Мейрамбекұлының,

мүдделі тұлғалардың өкілдері Р.Б.Шайхиевтың, Д.А.Абжалиевтың, Г.А.Шонбаеваның, А.Бақытбекұлының қатысуыларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Шаған Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер Қызылорда облысының Сырдария ауданы әкіміне (бұдан әрі – Аудан әкімі), «Сырдария ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Бөлім) 2021 жылғы 12 мамырдағы №130 қаулыны заңсыз деп тану және жер учаскесін жалдауға жаңа мерзімге табыстаудан бас тарту әрекетіне дау айту туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 қаңтардағы қаулысына жауапкерлердің және мүдделі тұлға «Ордабай Ата» шаруа қожалығының келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Серіктестік жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 28 қыркүйектегі шешімімен талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.

Осы соттың 2023 жылғы 28 қыркүйектегі ұйғарымымен талап қоюшының шарт жасасуға міндеттеу бөлігінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 138 - бабының екінші бөлігінің 11) тармақшасына сай талап қоюы қайтарылған

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгертілген. Серіктестіктің талабы ішінара қанағаттандырылған.

Сырдария ауданы әкімінің 2021 жылғы 12 мамырдағы №130 қаулысы заңсыз деп танылған. Сырдария ауданы әкімінің талап қоюшы Серіктестіктің Сырдария ауданы Шаған ауыл округіндегі №11 ауыспалы егістіктің бірінші учаскесінен жалпы көлемі 437,0 гектар жер учаскесін жаңа мерзімге табыстау туралы арызы бойынша шешім қабылдамау әрекеті заңсыз деп танылған.

Жауапкер Аудан әкіміне талап қоюшының құқығын қалпына келтіру міндеттелген.

Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.

Осы соттың 2024 жылғы 24 қаңтардағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Арызданушылар кассациялық шағымдарында іс бойынша апелляциялық сот алқасы материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, апелляциялық сот актісінің күшін жоюды сұраған.

Сот алқасы кассациялық шағымның уәждері мен тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілмеген.

Іс материалдарынан анықталғандай, Аудан әкімінің 2005 жылғы 22 қыркүйектегі №275 қаулысымен талап қоюшыға Шаған ауыл округіндегі №11 ауыспалы егістіктің бірінші учаскесінде орналасқан №10-153-019-431 жер учаскесінен жалпы көлемі 437,0 гектар жер 15 жыл мерзімге ортақ үлестік уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен берілген.

Жер учаскесінің нысаналы мақсаты - тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін.

Осы қаулы негізінде Серіктестік пен Аудан әкімінің арасында 2005 жылғы 20 желтоқсанда №169 бөлінбейтін жер учаскесінде жер үлесін жалға беру туралы шарт жасалған.

Аудан әкімінің 2021 жылғы 12 мамырдағы №130 қаулысымен даулы жер учаскесін пайдалану мерзімінің аяқталуына байланысты Сырдария ауданының босалқы жері санатына қайтаруға, №275 қаулының күші жойылды деп тануға қаулы етілген.

2022 жылғы 2 наурызында, 2023 жылғы 24 қаңтарында Серіктестік Аудан әкімдігіне өзіне табысталған жер учаскесін жаңа мерзімге табыстау туралы арыздар берген.

Бұл арыздарға 2022 жылғы 4 наурыздағы №ЗТ-2022-01377980, 2023 жылғы 10 ақпандағы №ЗТ-2023-00112811 хаттармен жауап берілген.

Серіктестік сотқа жүгінген талабында өздерінің оңтайлы (қолайлы) акт қабылдап, жаңа мерзімге шарт жасау сұралған арыздары бойынша әкімдік жауап хаттармен шектеліп, шешім қабылдау туралы нақты құқықтық акт шығармағанын көрсеткен.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, талап қоюшы өзіне заңмен бекітілген мерзімде Аудан әкіміне тиісті түрде жазбаша жүгінбегенін, жалдау шартының мерзімі өтуіне байланысты талап қоюшының жер пайдалану құқығы тоқтатылғанын көрсетіп, Аудан әкімі тарапынан мөлшерлестік қағидаты сақталғаны жөнінде тұжырымға келген.

Апелляциялық сот алқасы бұл тұжырыммен келіспей, әкімдік ӘРПК-нің 3-тарауындағы әкімшілік рәсім жүргізу тәртібін сақтап, тиісті рәсімдерді (жолданымды қабылдап-тіркеу, істің нақты мән-жайларын зерттеу, тыңдау жүргізу, тыңдау хаттамасын дайындау және онымен әкімшілік рәсімге қатысушының, мүдделі тұлғалардың танысу мүмкіндігін қамтамасыз ету, материалдармен таныстыру) жүргізуі және оның нәтижесімен әкімшілік акт қабылдауы тиіс болғанын, алайда бұл рәсімдер жауапкер тарапынан жүргізілмеген. Әкімшілік орган басшысы ретінде Аудан әкімінің тарапынан жолданым бойынша қандай да бір әкімшілік акт қабылданбағанын көрсеткен.

Яғни, әкімдік тарапынан әкімшілік рәсім жүргізу тәртібі бұзылғанын, Серіктестіктің құқығы шектелгенін анықтаған. Сондықтан Серіктестіктің даулы жер учаскесін жалдауға жаңа мерзімге шарт жасасуға құқық беруді сұраған арызын әкімдік заң талаптарын сақтай отырып, қайта қарауы қажет деп тұжырымдаған. Соттармен анықталғандай, кадастрлық нөмірі №10-153-019-431 жалпы көлемі – 709,0 гектар, оның ішінде талап қоюшының 437,0 гектар жер учаскесі бөлінбейтін жер учаскесі болып саналған және шарт бойынша жердің пайдалану кезені 2020 жылда аяқталған. Осыған қоса, 2006 жылғы 20 қаңтардағы Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен талап қоюшыға 46 жылға ұзақ мерзімге берілген кадастрлық нөмірі 10-153-019431 нөмерімен 709,0 гектар жалпы жер көлемінің ішінде-203,0 гектар жер учаскесі талап қоюшының үлесі деп танылған. Пайдалану кезені қазіргі таңда өтпеген.

Талап қою арызында Серіктестік 2020-2022 жылдар арасында Серіктестіктің жарғылық капиталындағы 90% үлеске заңсыз ие болған құрылтайшыларға қатысты сот процесстері жүрген, оған қоса Шаған ауылының халқы арасында жерге қатысты даулар пайда болғанын, яғни жер учаскесінің пайдалануын жаңа мерзімге ұзарту туралы шарт жасасуға кедергі болғанын көрсеткен.

Апелляциялық сот алқасымен көрсетілгендей, көлемі 437 гектар болатын даулы жер учаскесі - Шаған ауыл округіндегі №11 ауыспалы егістіктің бірінші учаскесіндегі кадастрлық нөмірі №10-153-019-431 учаскенің (жалпы көлемі 709 гектар) құрамында орналасқан. Бұл бөлінбейтін жер учаскесі болып табылады. Инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жер болып табылады. Серіктестікке табысталғанда дақылдарды кезектестірудің (ротациялаудың) белгіленген схемасын сақтау міндетімен берілген. №275 Қаулыға қарағанда жер учаскесі Серіктестікке ортақ үлестік құқықпен табысталған.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 99-бабының 3-тармағында көрсетілгендей, бұрын таратылып берiлген және бөлiнбейтiн болып танылған инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жердi пайдалану ортақ (үлестiк, бiрлескен) меншiк (ортақ (үлестiк, бiрлескен) жер пайдалану) құқығымен жүзеге асырылады және үлестi нақтылы қалпында бөлiп шығаруға жол берiлмейдi.

Одан бөлек, ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру Кодекстің 98-бабында көзделген арнайы тәртіппен, оның экономикалық тұрғыдан орындылығы ескеріле отырып жүргізіледі. Апелляциялық саты сотының талапты қанағаттандыру жайлы негіздері дауланып отырған қаулыда егжей-тегжейлі көрсетілген. Кассациялық шағымдар өзінің мазмұны мен мәні пікірлерде келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.

Істегі дәлелдемелерге апелляциялық сот алқасымен тиісті құқық баға берілген, сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымдарда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актісі ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкерлер «Сырдария ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің, Қызылорда облысының Сырдария ауданы әкімінің, мүдделі тұлға «Ордабай Ата» шаруа қожалығының кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.