Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 21.05.2026 по делу 6003-25-00-2к/5581 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/5581

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 21 мамыр Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья Г.Б. Бастаубаев, судьялар Н.О.Косанов, М.Т. Кадырова, талап қоюшының өкілі Б.Ж. Омаровтың,

жауапкердің өкілдері Г.И. Каиржанованың, А.Т. Есжанованың

қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Астана қаласы «Байқоныр» ауданының әкім аппараты» мемлекеттік мекемесінің «FTC win» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі жауапкердің Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 31 шілдедегі шешіміне және Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 қарашадағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

«Астана қаласы «Байқоныр» ауданының әкім аппараты» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі- Әкім аппараты) «FTC win» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі- ЖШС, Серіктестік) жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Серіктестік конкурстық құжаттамаға анық емес ақпарат ұсынғанымен негіздеген.

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 31 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырылып, «FTC win» ЖШС-гі мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған.

Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 қарашадағы қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот шағымды қолдаған жауапкердің өкілдерін, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілін тындап, келесі тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады.

Іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол берілген.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 3-бабының 1) тармақшасына сәйкес, анық емес ақпарат - біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша әлеуетті өнім берушінің және (немесе) тартылатын қосалқы мердігердің (бірлесіп орындаушының) конкурсқа, аукционға қатысуға арналған өтінімінде және растаушы құжаттарында қамтылған, сол сияқты ұсынылған өтінімде шынайы мазмұнды бұрмалайтын және шындыққа және әлеуетті өнім берушінің растаушы құжаттарына сай келмейтін түзетулер арқылы енгізілген жалған мәліметтер.

Әкім аппараты №13542982-1 аудан бойынша ішкі орамдық аумақтардың жасыл желектерін ағымдағы күтіп ұстау және баптау жұмыстары, №135430311 Байқоңыр ауданындағы жасыл желектерді күтіп ұстау және 13543205-1 аялдамалар кешендерін ағымдағы күту және ағымдағы жөндеу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялаған.

Серіктестік аталған конкурсқа қатысып, өтінімде біліктілік талаптарына сәйкестігін растау үшін және материалдық ресурстардың бар екендігін дәлелдеу мақсатымен «Престиж Строй 7» ЖШС-мен жасалған жалдау шартын, сондай-ақ жалға берушінің коммуналдық жабдықтарды сатып алғанын растайтын шот-фактураны қоса ұсынған.

2016 жылғы 22 қазандағы №00000000113 шот-фактурада «Престиж Строй 7» ЖШС-нің мекен жайы Байқоңыр ауданы деп көрсетілген, ал Байқоңыр ауданы 2018 жылғы 26 ақпанда құрылғанын талап қоюшы негізге алып, оны конкурстық өтінім бойынша анық емес ақпарат беру фактісі анықталған деп бағалап, жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тануды сұраған.

Бірінші және апелляциялық соттар талап қоюды қанағаттандырып, Серіктестік конкурсқа қатысу барысында материалдық ресурстарына қатысты анық емес ақпарат ұсынғаны дәлелін тапты деп тұжырымдаған.

Кассациялық сатыдағы сот соттардың жауапкер мемлекеттік сатып алуға қатысу барысында анық емес ақпарат ұсынды деген қорытындыларымен келіспейді. Анықталғандай, жауапкер конкурсқа қатысу туралы өтінімінде жалдау шартында автокөліктерін жалдаудан басқа, оларға қосалқы ретінде жабдықтарын жалдау туралы құжаттар ұсынған. Оның ішінде сол жабдықтарды жалға беруші «Альян-КЗИ» ЖШС-нен сатып алғаны туралы 2016 жылғы 22 қазандағы №00000000113 шот-фактураны ұсынған. Алайда, жалға берушінің жабдықты сатып алғанын растайтын шотфактура конкурстық құжаттамада міндетті түрде ұсынылуға тиіс құжат ретінде көзделмеген. Осыған байланысты салық органдарының ақпараттық жүйесінде аталған шот-фактура жөніндегі мәліметтердің расталмауы өздігінен өнім берушінің біліктілік талаптарына сәйкес келмейтінін не көрінеу жалған мәліметтер ұсынғанын білдірмейді, өйткені ол қосымша сипаттағы құжат болып табылады.Яғни шот-фактура салық салу мақсаттары үшін тексерілуге жатады, мүліктің тиесілігін анықтамайды. Сондықтан мүлікке қатысты анық емес мәлімет беру болып саналмайды.

Кассациялық сот жауапкердің өтінімде ұсынылған мәліметтер шынайы мазмұнды бұрмалайтын және шындығына сәйкес келмейтін жалған мәліметтер қатарына жатпайды деген қорытындыға келді. Мұндай жабдықтың нақты болуын және оны жалға беру фактісін салық органдарындағы мәліметтері жоққа шығармайды.

Осыған байланысты кассациялық сот жергілікті соттардың сот актілерің істің мән-жайлары толық зерттелмеген және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмаған деген негізбен кұші жойылуға жатады деп есептейді. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 31 шілдедегі шешімінің және Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 қарашадағы қаулысының күші жойылып, талап қою қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылсын.

Жауапкер «FTC win» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне артық төленген 18 677 (он сегіз мың алты жүз жетпіс жеті) теңге қайтарылсын. Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б. Бастаубаев

Судьялар Н.О. Косанов

М.Т. Кадырова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.