ВС РК - Постановление от 18.03.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2376 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 18 наурыз 6001-24-00-6ап/2376 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Г.К. Нұрбаев болып,

жауапкер өкілі А.Қ. Оразаевтың,

мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Абай облысының аумақтық инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі О.Серикказиновтың қатысуларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшылар Сауле Амантаевна Исаханованың, Еркебулан Хамитович Шарипхановтың жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Семей қалалық аумақтық инспекциясы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Инспекция) нұсқамаларын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 14 наурыздағы шешіміне, Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 маусымдағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 14 наурыздағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған. Инспекцияның 2023 жылғы 23 тамыздағы №2, 2023 жылғы 24 тамыздағы №5 нұсқамалары заңсыз деп танылып, күштері жойылған.

Инспециядан талап қоюшылар С.А. Исаханованың, Е.Х. Шарипхановтың пайдаларына әр қайсысына 1 725 теңге мемлекеттік баж салығы және өкілге заң көмегі үшін төленген шығын 100 000 теңге өндірілген.

Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Инспекция кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы жауапкер өкілдерінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда «Жалаулы» фермер қожалығы (бұдан әрі – ФҚ) мен «Қызылтас» шаруа қожалығына (бұдан әрі – ШҚ) Абай облысы Ветеринария басқармасының «Семей-Вет» ШЖҚ КМК тарапынынан ветеринария саласындағы заң бұзушылықты жою туралы 31 наурыз 2023 жылы №№ 131, 132, 1 тамыз 2023 жылы №333 және 14 тамыз 2023 жылы №351 ұсыны хаттары жіберілген.

Ветеринария басқармасының «Семей-Вет» КМК директорынан келіп түскен ветеринария саласындағы заң бұзушылық туралы 2023 жылғы 22 тамыздағы №358, 2023 жылғы 23 тамыздағы №364 қызметтік хаттары негізінде жауапкер Инспекция ветеринария саласындағы заң бұзушылықты жою туралы «Қызылтас» ШҚ-на 2023 жылғы 23 тамыздағы №2 нұсқама, «Жалаулы» ФҚ-на 2023 жылғы 24 тамыздағы №5 нұсқама (бұдан әрі – Нұсқамалар) берген.

Нұсқамалармен келіспеген «Жалаулы» ФҚ-ғы мен «Қызылтас» ШҚ-ғы жоғарыдағы талаптармен сотқа жүгінген.

Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.

Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 14-бабының 1-1 тармағына сәйкес Мемлекеттік ветеринариялықсанитариялық бақылау тексеру, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау және тергептексеру нысанында жүзеге асырылады. Мемлекеттік ветеринариялықсанитариялық қадағалау осы Заңға және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне (бұдан әрі – Кәсіпкерлік кодексі) сәйкес жүзеге асырылады.

Тексеру және бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

Тергеп-тексеру Кәсіпкерлік кодексіне, осы Заңға және Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Аталған баптың 7-1 тармағына сәйкес сәйкес бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды белгіленген мерзімдерде орындамау бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды тағайындауға негіз болып табылады.

Ал, осы баптың 8,9,10 тармақтарына сәйкес Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайда, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор тексеру нәтижелері бойынша айқындалған бұзушылықтардың сипатына қарай нұсқама жасайды, әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарады.

Кәсіпкерлік кодексінің 144-1 бабының 3-тармағының 3) тармақшасына да сай бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау қорытындылары бойынша, бұзушылық болған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғамай, бірақ бақылау мен қадағалау субъектісіне оны жою тәртібі міндетті түрде түсіндіріле отырып, қорытынды құжаттар (анықтама, қорытынды, ұсынымдар және басқалар) жасалады.

Осы баптың 4-тармағына сәйкес бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды талдау нәтижелері бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды жүргізу үшін бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) іріктеуге негіз болып табылады.

Жауапкер болса бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай, ұсынымның орнына талап қоюшыларға Нұсқамалар шығарған.

Яғни, әкімшілік рәсімінің тәртібін жауапкердің сақтамауы талап коюшылардың құқықтарының бұзылуына әкеліп соқтырған.

Соттардың келтірген басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген. Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 14 наурыздағы шешімі, Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Семей қалалық аумақтық инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Г. Нұрбаев

Көшірмесі дұрыс

Судья С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.