№6003-25-00-2к/4698
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 23 ақпан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов, талап қоюшы Ш.С.Исатаеваның және оның өкілі Б.У.Уразовтың, жауапкердің өкілдері Е.Г.Баяровтың, Т.Ж.Медеугалиеваның
қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Шынар Суйндиковна Исатаеваның жауапкер Атырау облысы Білім беру Басқармасының «Құрманғазы ауданы білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне тәртіптік жазаларды қолдану туралы бұйрықтардың күшін жою, бұрынғы лауазымына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақыны және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы бойынша Атырау облысы Құрманғазы аудандық сотының 2025 жылғы 30 маусымдағы шешімі мен Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қазандағы қаулысына талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Ш.С.Исатаева сотқа жүгініп, 2024 жылғы 16 қыркүйектегі №651 «ескерту», 2024 жылғы 14 қазандағы №729 «сөгіс», 2025 жылғы 31 қаңтардағы №87 «қатаң сөгіс», 2025 жылғы 18 ақпандағы №161 «лауазымынан босату» туралы бұйрықтардың күшін жоюды, «Ф.Оңғарсынова атындағы жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мектеп) директоры лауазымына қайта орналастыруды, мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін жалақы және 1 000 000 теңге моральдық зиян өндіруді сұраған.
Атырау облысы Құрманғазы аудандық сотының 2025 жылғы 30 маусымдағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.
Сот талап қоюшының тәртіптік теріс қылықтары іс материалдарымен және куәлардың жауаптарымен расталғанын, жұмыс беруші тарапынан тәртіптік жаза қолдану тәртібі сақталғанын, ал еңбек шартын бұзу туралы бұйрық заңды екенін көрсеткен.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қазандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Сот алқасы талап қоюшыға қатысты барлық тәртіптік жазалар заң талаптарына сәйкес, мерзімінде және дәлелдемелер жиынтығы негізінде қолданылған деген қорытындыға келген.
Кассациялық шағымда талап қоюшы соттар материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын, дәлелдемелерге жан-жақты баға бермегенін, сондай-ақ тәртіптік жаза қолдану тәртібі бұзылғандығын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот талап қоюшының және оның өкілінің шағымды қолдаған түсініктерін, жауапкер өкілдерінің сот актілерін күшінде қалдыру
туралы пікірлерін тыңдап, электронды іс құжаттарын зерделеп, дауланып отырған сот актілері төмендегі негіздерге байланысты өзгертілуге жатады деген тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарынан талап қоюшы Ш.С.Исатаева "Құрманғазы ауданы білім бөлімі" мемлекеттік мекемесінің (әрі қарай - Білім бөлімі) 2016 жылғы 24 қазандағы №624 бұйрығымен Мектеп директоры лауазымына тағайындалғаны анықталған.
Талап қоюшыға 2024 жылғы 16 қыркүйектегі №651 бұйрығымен «ескерту», 2024 жылғы 14 қазандағы №729 бұйрығымен «сөгіс», 2025 жылғы 31 қаңтардағы №87 бұйрығымен «қатаң сөгіс» тәртіптік жазалары қолданылған.
Аталған бұйрықтармен талап қоюшы таныстырылған, олар заңда белгіленген мерзімде қолданылған және дербес тәртіпте дауланбаған.
Талап қоюдың осы бөлігінде бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың қорытындылары кассациялық сот дұрыс деп санайды, өйткені талап қоюшының аталған тәртіптік жазаларды заңсыз деп тану туралы уәждері дәлелденбеген.
Алайда кассациялық сот еңбек шартын бұзу туралы 2025 жылғы 18 ақпандағы №161 бұйрыққа қатысты соттардың қорытындыларымен келіспейді.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – ЕК) 52-бабы 1- бөлігінің 16) тармақшасына сәйкес, егер жұмыскердің тәртіптік жазасы бола тұра ол еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамаса немесе тиісінше орындамаса, жұмыс беруші еңбек шартын өз бастамасы бойынша бұзуға құқылы.
Аталған норманы қолдану үшін бір мезгілде бірнеше шарттың болуы атап айтқанда: жұмыскердің қолданыстағы тәртіптік жазасы болуы; жаңа тәртіптік теріс қылық жасауы; ол әрекеттің дәлелді себепсіз жасалуы; сондайақ тәртіптік жаза қолдану тәртібінің толық сақталуы қажет.
Іс құжаттарына сәйкес, Мектептің автокөлігін пайдалану фактісі кәсіподақ ұйымының шешімімен және Мектеп директорының тиісті бұйрығымен рәсімделген. Автокөлік Мектеп қызметкерлерін тасымалдау мақсатында пайдаланылған, бюджет қаражатының заңсыз жұмсалғаны анықталмаған.
Соттар аталған мән-жайларға жеткілікті құқықтық баға бермеген, сондай-ақ жұмыс берушінің мүлкін пайдалануға қатысты нақты тыйымды және оның бұзылғанын дәлелдейтін анық дәлелдемелер келтірмеген.
Осыған байланысты кассациялық сот талап қоюшының әрекеттерінде ЕК-нің 52-бабы 1-бөлігінің 16) тармақшасында көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзуға жеткілікті құқықтық және фактілік негіздер болмаған деген қорытындыға келеді.
Сонымен қатар жұмыс берушімен тәртіптік жаза қолдану тәртібі сақталмағандығы анықталды.
ЕК-нің 65-бабының 2-бөлігіне сәйкес жұмыс беруші тәртіптік жазаны қолданар алдында жұмыскерден жазбаша түрде түсініктеме талап етуге міндетті. Түсініктеме беру туралы талап жазбаша нысанда рәсімделіп, жұмыскерге тапсырылуға тиіс. Егер жұмыскер талапты алудан бас тартса немесе жалтарса, бұл туралы акт жасалады. Талап алынған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жұмыскер түсініктеме беруге құқылы.
Бұл талаптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы №1 «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 19тармағында да көзделген. Аталған тармаққа сәйкес соттар еңбек шартын бұзу заңды деп тану үшін тәртіптік жаза қолданудың барлық рәсімдік талаптарының сақталғанын тексеруге міндетті.
Білім бөлімнің талап қоюшымен еңбек шартын бұзу туралы 2025 жылғы 18 ақпандағы №161 бұйрықты шығаруға 2025 жылғы 17 ақпанда «Құқық және Шындық» РҚБ Instagram әлеуметтік желісіне жарияланған Мектептің бала тасымалына арналған автокөлігін демалыс күні мақсатсыз пайдалануға жол бергені үшін, яғни тәртіптік жазасы бола тұра еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамағаны немесе қайталап тиісінше орындамағаны себеп болған.
Іс құжаттарынан Білім бөлімі 2025 жылғы 17 ақпанда талап қоюшыдан бөлім басшысының кабинетінде ауызша түрде түсініктеме сұратқанын, ал талап қоюшы түсініктеме беруден бас тартқаны туралы акт жасалғанын көруге болады. Келесі күні, яғни 2025 жылғы 18 ақпанда даулы №161 еңбек шартын бұзу туралы бұйрығы шығарылған.
Алайда түсініктеме беру туралы талап жазбаша түрде рәсімделмеген және жұмыскерге түсініктеме беру үшін заңда көзделген екі жұмыс күндік мерзім берілмеген.
Осылайша жұмыс беруші ЕК-нің 65-бабының 2-бөлігінің талаптарын бұза отырып, тәртіптік жаза қолданған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аталған нормативтік қаулысының 24-тармағына сәйкес, егер сот еңбек тәртібін бұзу фактісі болғанымен, еңбек шарты тәртіптік жаза қолдану тәртібі немесе мерзімі бұзылып бұзылғанын анықтаса, жұмыскер жұмысқа қайта алынуға жатады.
Осыған байланысты кассациялық сот талап қоюшыны жұмыстан босату туралы 2025 жылғы 18 ақпандағы №161 бұйрық заңсыз шығарылған деген қорытындыға келеді.
Сондықтан талап қоюшыны бұрынғы жұмысына қайта орналастыру туралы талап қанағаттандырылуға жатады.
ЕК-нің 161-бабының талаптарына сәйкес заңсыз жұмыстан босатылған жұмыскерге мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін орташа жалақы төленеді.
Олай болса 2025 жылғы 2 мамырдағы айлық табысы туралы анықтамаға сәйкес жауапкерден талап қоюшының пайдасына 2025 жылғы 18 ақпаннан 2025 жылғы 18 тамызға дейінгі кезең үшін зейнетақы жарналары, жеке табыс салығы және басқа да міндетті төлемдер алына отырып 3 218 801 теңге орташа жалақы өндіріп алуға жатады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 951бабының 1-тармағына сәйкес моральдық зиян – жеке тұлғаның мүліктік емес игіліктері мен құқықтарының бұзылуы салдарынан келтірілген жан немесе тән азабы.
АК-нің 952-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес моральдық зиян ақшалай түрде өтеледі және оның мөлшерін анықтаған кезде құқық бұзушылықтың сипаты мен тараптардың өзге де мән-жайлары ескеріледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 27 қарашадағы №7 «Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысының 14-тармағына сәйкес жұмыстан заңсыз босату жұмыскердің еңбек ету бостандығы мен еңбегі үшін сыйақы алу құқығын бұзады.
Осы мән-жайларды және талап қоюшының жұмыстан заңсыз босатылуын ескеріп, сот моральдық зиян ретінде 50 000 теңге өндіруді әділ және жеткілікті деп есептейді.
АПК-нің 108, 109 және 113-баптарына сәйкес әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын негізге ала отырып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына өкілдің көмегіне жұмсалған 350 000 теңге, сонымен қатар, жол жүру шығыны ретінде 71 514 теңге және мемлекет пайдасына 35 137 теңге бажды өндіргенді сот дұрыс деп санайды.
Істің мұндай тұрғысында, сот актілерін өзгертіп, талап қоюшының 2025 жылғы 18 ақпандағы №161 бұйрықтың күшін жойып, бұрынғы лауазымына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақысы мен моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюдан бас тарту бөлігінде шешім мен қаулының күшін жойып, осы бөлігінде талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруға жатады. Аталған бұйрықтың күшін жойып, талап қоюшыны жұмысқа қайта орналастырып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына бос жүруге мәжбүр болғаны уақыты үшін 3 218 801 теңге орташа айлық жалақы, 50 000 теңге моральдық зиян, 71 514 теңге жол жүруге жұмсалған шығын, 350 000 теңге өкілдің көмегіне жұмсалған шығын және мемлекет пайдасына 35 137 теңге баж өндірілуге, шешім мен қаулының қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылуға, шағым ішінара қанағаттандырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8)-тармақшасын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облысы Құрманғазы аудандық сотының 2025 жылғы 30 маусымдағы шешімі мен Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қазандағы қаулысы - өзгертілсін.
Талап қоюшы Шынар Суйндиковна Исатаеваның жауапкер Атырау облысы Білім беру Басқармасының «Құрманғазы ауданы білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне 2025 жылғы 18 ақпандағы №161 лауазымдық қызметінен босатып, еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтың күшін жою, бұрынғы лауазымына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақысын және моральдық зиянды өндіру талап қоюдан бас тарту бөлігінде шешім мен қаулының күші жойылып, осы бөлігінде талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылсын.
Атырау облысы Білім беру Басқармасының «Құрманғазы ауданы білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2025 жылғы 18 ақпандағы №161 лауазымдық қызметінен босатып, еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтың күші жойылып, Шынар Суйндиковна Исатаева «Ф.Онгарсынова атындағы жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры лауазымына қайта орналастырылсын.
Жауапкер Атырау облысы Білім беру Басқармасының «Құрманғазы ауданы білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінен талап қоюшы Шынар Суйндиковна Исатаеваның пайдасына бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 3 218 801 (үш миллион екі жүз он сегіз мың сегіз жүз бір) теңге орташа айлық жалақы, 50 000 (елу мың) теңге моральдық зиян, 71 514 (жетпіс бір мың бес жүз он төрт) теңге жол жүруге жұмсалған шығын, 350 000 (үш жүз елу мың) теңге өкілдің көмегіне жұмсалған шығын және мемлекет пайдасына 35 137 (отыз бес мың бір жүз отыз жеті) теңге баж өндірілсін.
Шешім мен қаулының қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын. Талап қоюшының шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова Судьялар А.Есдаулетов Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.