6003-25-00-2к/2875
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 3 наурыз
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,
прокурор Н.А. Молдахановтың, аудармашы Е.Төкештің, талап қоюшының өкілі Б.К.Икибаеваның, жауапкер «Киікбай KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі- «Киікбай KZ» ЖШС, Серіктестік) өкілдері Б.А.Ахмедовтың, Т.Ж.Аяповтың, Ұлытау ауданының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – ММ, Мекеме) өкілі Ә.Ә. Советтің, «Ұлытау ауданының Аманкелді ауылдық округінің әкімшілігі» өкілі Б.Б.Байжантаевтің қатысуларымен, ашық сот отырысында
талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті Ұлытау облысының жер ресурстарын басқару Департаменті» республикалық ММ-нің (бұдан әріДепартамент) жауапкер «Киікбай KZ» ЖШС-не жер учаскесін мемлекетке қайтару туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер «Киікбай KZ» ЖШС-нің Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 6 қаңтардағы шешіміне және Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 наурыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 наурыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 6 қаңтардағы шешімімен Департаменттің талап қоюы қанағаттандырылған. Кадастрлық № 09-106-005-171 жалпы көлемі 90 000 га жер учаскесі мемлекет иелігіне қайтарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Жауапкер кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық шағымды қолдаған жауапкердің өкілдері Б.А.Ахмедовты, Т.Ж.Аяповты, кассациялық шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі Б.К.Икибаеваны, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор Н.А.Молдахановтың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп
соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Казақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі-Жер кодексі) 92-бабының 3) тармағына сәйкес, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесі пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап бір жыл бойы мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайларда, мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.
Жер учаскесiнің меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама табыс етілген күн жер учаскесін пайдаланбау фактісі анықталған кез деп есептеледі.
Іс құжаттарында 2018 жылғы 11 маусымдағы №23/29 Ұлытау ауданы әкімдігінің қаулысы негізінде жауапкер «Киікбай KZ» ЖШС-не 90 000 га жер учаскелері уақытша 49 жыл ұзақ мерзімге өтеулі (жалдау) жер пайдалану құқығы берілген.
Мекеме мен Серіктестіктің арасында 2018 жылғы 30 шілдеде №54 жер учаскесін жалға беру туралы келісім-шарт жасалған.
Ұлытау ауданының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің 2023 жылғы 25 мамырдағы хатымен Ұлытау аудан аймағында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Серіктестікпен игерілмей және жер заңнамасын бұзып отырғандығы анықталған.
Осының негізінде 2023 жылғы 18 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистикалық және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ұлытау облысы бойынша басқармасымен «Киікбай КZ» ЖШС-не қатысты Департаменттің тексеру тағайындау туралы №2362000001505012/00009 актісі тіркелген.
Актіге сәйкес Департамент тексеру жүргізіп, нәтижесінде акт жасалып, «Киікбай КZ» ЖШС-не бір жыл ішінде жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға кірісу қажеттігі туралы нұсқама берілген.
«Киікбай КZ» ЖШС-нің өкілі Ж.Аяпов Департаменттің 2023 жылғы 21 қыркүйектегі №4 нұсқамасымен танысқан. Алайда, нұсқамада көрсетілген мерзімде «Киікбай КZ» ЖШС-і Департаменттің талабын орындамаған.
Пайдаланбау фактісі Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасында Серіктестіктің атына мал басы тіркелмегендігі «Ұлытау аудандық ветеринарлық станциясының 2023 жылғы 21 қыркүйектегі №01-05/246 хатымен расталған.
«Соттардың жер заңнамасын қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі №6 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – нормативтік қаулы) 10-тармағында
көрсетілген талаптар жергілікті соттармен толығымен сақталған және жол берілген бұзушылықтардың салдарын жою үшін жауапкер ешқандай шаралар қабылдамағаны анықталған.
Бірінші сатыдағы сот іс құжаттарға тіркелген дәлелдемелер жиынтығына құқықтық баға беріп, талап қоюшының талаптарын негізді және қанағаттандырылуға жататыны туралы дұрыс қорытындыға келген. Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 155-бабының талаптары көрсетілген тарныстыру парағымен жауапкер 2023 жылдың 23 қыркүйекте танысқан, одан басқа жер құқығы қатынастары субъектілері жерлерінің пайдалануы мен қорғалуы үшін тексеру парағымен, тексеруді тағайындау туралы актісімен жауапкер танысып, қол қойған.
Демек, жауапкердің 2023 жылғы 21 қыркүйектегі №4 нұсқамамен таныспадым деген уәжі негізсіз.
Жауапкердің шағымындағы басқа уәждері соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттардың тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Жауапкердің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды. Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 6 қаңтардағы шешімі және Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Киікбай KZ» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: А.О.Тогумбетова
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.