ВС РК - Постановление от 12.07.2024 по делу 6001-23-00-6ап/1869 (Административное)

6001-23-00-6ап/1869

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 12 шілде

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар Б.Т.Нажмиденов, Г.К.Нұрбаев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Т[...] жауапкерлер Түркістан облысы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы П[...], «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына, Б[...], У[...] Полатоваға сот орындаушының тұрғын үйді және жер учаскесін қарыз есебіне өткізу туралы қаулысын заңсыз деп тану, сот орындаушысының тұрғын үйді және жер учаскесін қабылдау-тапсыру актісін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша,

Түркістан облысы Келес аудандық сотының 2023 жылғы 4 мамырдағы ұйғарымына және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшының өкілі берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысы Келес аудандық сотының 2023 жылғы 4 мамырдағы ұйғарымымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің (әрі қарай-ӘПРК) 136-бабының 8-бөлігіне сәйкес талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алғандықтан, оны қалпына келтіру мүмкін болмағандықтан талап қою арызы Т[...] қайтарылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 маусымдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған шығарылған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып істі мәні бойынша қарау үшін бірінші сатылы сотқа жіберуді сұраған.

Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Б[...] 2014 жылғы 25 қаңтардағы қарыз шарты негізінде Б[...] 2019 жылғы 25 қаңтарға дейін 3 250 000 теңгені қарызға алған.

2014 жылғы 25 қаңтардағы кепіл шартына сәйкес, кепіл беруші Б[...] Б[...] алған аталған 3 250 000 теңгені қарызы - ның қайтаруын қамтамасыз ету мақсатында заңды некедегі жұбайы Т[...] келісімімен - Келес ауданы, Абай ауылы, Ергешов көшесі, №18 мекенжайда орналасқан тұрғын үй мен тұрғын үй орналасқан кадастрлық №19296-227-854 жер учаскесін кепіл ұстаушы Б[...] кепілге қойған.

Келес аудандық сотының 2019 жылғы 27 наурыздағы ұйғарымымен, талап қоюшы Б[...] жауапкер Б[...] қарыз ақша өндіру туралы азаматтық ісі бойынша дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім бекітіліп, жауапкер Б[...] талап қоюшы Б[...] 3 250 000 теңге қарызын өз еркімен 2019 жылғы 30 сәуірге дейін қайтарып беруге міндеттенген. Өз кезегінде талап қоюшы Б[...] жауапкер Б[...] келтірген талап қоюынан бас тартқан. Іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған. Медиациялық келісімде көрсетілген мерзімде Б[...] даулы қарызды қайтару міндеттемесін орындамағандықтан, атқару парағы жазылып, Б[...] оны орындауға Түркістан облыстық жеке сот орындаушылары атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы П[...] тапсырған, соңғы 2019 жылғы 13 мамырда қабылдаған қаулысымен жауапкер Б[...] талап қоюшы Б[...] пайдасына 3 250 000 теңге өндіру туралы атқарушылық іс жүргізуді қозғаған.

2019 жылғы 25 қыркүйектегі бағалау есебіне сәйкес, аталған тұрғын үй мен үй орналасқан жер учаскесінің құны 3 045 733 теңгені құраған.

Сот орындаушы П[...] 2020 жылғы 30 қаңтардағы сол қалпында қарыз есебіне өткізу туралы қаулысымен даулы жылжымайтын мүлік Б[...] өзара келіскен бағамен сол қалпында өткізілген және де осы күнмен сот орындаушы түзген актімен аталған мүлік қарыз есебінен Б[...] Б[...] сол қалпында алып берілген.

Аталған мүлікке Б[...] меншік құқығы 2020 жылғы 30 қаңтарда тіркелген, сонан соң ол бұл мүлікті «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының 2022 жылғы 7 қазандағы мәліметінде көрсетілгендей, 2020 жылғы 4 тамыздағы сатып алу-сату келісім шарты негізінде У.Л.Полатоваға сотқан, соңғы шартты 2020 жылғы 6 тамызда тіркеуден өткізіп, оның даулы мүлікке меншік құқығы пайда болған. Сот орындаушы Б[...] өз еркімен үйді қалаған бағасына сатуға мүмкіндік берген, алайда, ол өзінің бұл құқығын пайдаланбаған.

Қарыз алушы Б[...] талап қоюшы Т[...] 2003 жылғы 21 маусымнан бүгінгі күнге дейін заңды некеде тұрады, даулы үй мен жер телімінің Б[...] қарызы есебінен Б[...] өткізілгенін, ол 2020 жылғы 30 қаңтарда білген, жұбайының бұл әрекетін қолдаған және де жұбайымен бірге өз еркімен үйді Б[...] босатып берген. Сот алқасы, жергілікті соттардың сот орындаушы П[...] сот актісін орындаудағы әрекетін заңсыз деп тануға қандайда бір заңда көзделген негіз жоқ деген тұжырымымен толық келіседі.

С[...] Т[...] бүгінгі күнге заңда көзделген сот орындаушының әрекетіне шағым беру мерзімін өткізіп алған және өтіп кеткен шағымдану мерзімін қалпына келтіру туралы сотқа өтініш түсірмеген. Осының негізінде төмеңгі сатыдағы соттар әділеттілік өлшемшарттарын басшылықа алып, әкімшілік талапты қайтару туралы ұйғарымында негіздемелерін толық көрсеткен.

АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысы Келес аудандық сотының 2023 жылғы 4 мамырдағы ұйғарымы және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 маусымдағы ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшының өкілі У[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Дуйсенбаев Г.Б.

Судьялар

Нажмиденов Б.Т. Нұрбаев Г.К.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.