6001-23-00-3г/982
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 3 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ш.С.Иманиязова талап қоюшылар Ш[...], Ш[...], Ш[...], Ш[...] жауапкерлер Ю[...], Ш[...], Шымкент қаласының әкімдігіне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ-не, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-ға шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген жер учаскелеріне өтетін жолдағы заңсыз қоршауды өз есебінен бұзуға міндеттеу туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотының 2022 жылғы 13 мамырдағы шешімін және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 17 тамыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Ю[...] мен Ш[...] өкілі М[...] өтінішхатын алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшылар жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жауапкерлер салған құрылыс шаруа қожалығына тиесілі жер учаскесін мақсаты бойынша пайдалануға кедергі келтіреді деген уәждерімен негіздеген.
Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотының 2022 жылғы 13 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, талап қоюшыларға шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген жер учаскелері жанынан өтетін ұзындығы 230 метр, ені 15 метр жолдағы заңсыз қоршау Ю[...] мен Ш[...] есебінен бұзу міндеттелген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 17 тамыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхат иесі сот актілерімен келіспейтіндігін, соттың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, осы сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені туралы өтінішхат иесінің уәждері кассациялық сатының сот отырысында зерттеліп қаралуға жатады.
АПК-нің 449-бабының 2-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың шегiнен шығуға және шағым жасалған сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2018 жылғы 5 қаңтардағы сатып алусату шарты негізінде Ш[...] Шымкент қаласы, «Қаратау» шағын ауданы, 239 орамында орналасқан кадастрлық нөмірі [...] (көлемі 1,2800 га) жер учаскесін уақытша ұзақ мерзімді өтеулі жер пайдалану құқығымен шаруа қожалығын жүргізу үшін сатып алған. Жер учаскесіне құқығы Ш[...] пен Ш[...] атына мемлекеттік органда тіркелген.
2018 жылғы 14 ақпандағы сатып алу-сату шарттары негізінде Шымкент қаласы, «Қаратау» шағын ауданы, 239 орамында орналасқан кадастрлық нөмірі [...] (көлемі 1,0400 га) және кадастрлық нөмірі [...] (көлемі 0,8600 га) жер учаскелері уақытша ұзақ мерзімді өтеулі жер пайдалану құқығымен шаруа қожалығын жүргізу үшін Ю[...] сатып алған. Жер учаскесіне құқығы Ю[...] мен Ш[...] атына мемлекеттік органда тіркелген.
Бірінші сатыдағы сот жауапкерлердің жерінің жанындағы ені 15 метр, ұзындығы 230 метр болатын жер учаскесі ешкімге берілмеген, мемлекетке тиесілі және көпшілік пайдаланатын жер ретінде белгілінген; тек осы жер арқылы талап қоюшылардың жеріне ауылшаруашылық техникалары өтуге болады, алайда бұл жер жауапкерлердің жерімен біріктіріліп, екі жағынан сымтемірмен қоршалған және тор есік орнатылған; аталған мән-жай 2022 жылғы 10 қаңтардағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-ның мамандарымен жасалған жер учаскесін зерттеу актісімен расталған деп қорытындыланған.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымын қолдаған.
Өтінішхат иесі жергілікті соттардың мұндай тұжырымымен келіспей, олар істі бір жақты қарағанына, талап қоюшылар даулап отырған жер учаскесін көпшілік пайдаланатын жол екенін растайтын сотқа нақты құжаттар ұсынбағанына және сот отырысы болатыны туралы жауапкерлерге сот хабарлама бермегеніне назар аударған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 244-бабына сай заңсыз құрылыс оны жүзеге асырған адамның есебінен бұзылады.
Талап қоюшалар бұзуды сұраған қоршауды жауапкерлер орнатпағанын, қоршау алма баудың бұрынғы иесі бар кезде де болғанын, яғни талап қою тиісті жауапкерге берілмегенін, сондай-ақ талап қоюшылардың меншік құқығына ешқандай нұқсан келмегенін, ол тек жергілікті мемлекеттік атқарушылық органдар тарапынан жүзеге асырылатынын, осы мән-жай
уәкілетті органдардың қатысуымен болған көшпелі сот отырысы барысында зерттеліп, толығымен дәлелденгенін арызданушы өтінішхатта көрсеткен.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 164-1-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекет меншігіндегі және жер пайдалануға берілмеген жер құрамынан өз бетінше иеленіп алынған жер учаскесін қайтаруды талап етуді жер учаскесі орналасқан жер бойынша жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
Соттар осы заң талаптарын негізге алып, дұрыс қолданбағанын өтінішхатта келтірілген.
Арызданушы жауапкерлердің жер учаскелері жанынан талап қоюшылар жүк көліктері өтуге ашып беруді сұраған жер учаскесінде «СР[...]» ЖШС-нің теңгеріміндегі Шымкент қаласы ауыз сумен қамтамасыз ететін 2 желі диаметр 500 мм магистралды су құбыры жүргізілгені туралы 2022 жылғы 26 сәуірдегі хатқа соттар назарға аудармағанына сілтеме жасаған.
«Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 маусымдағы №6 нормативтік қаулысының талаптарына сай шығарылған сот шешімдері өзге сот дауларының туындауына жол бермеуі керек.
Арыз беруші сот шешімі «СРМ[...]» ЖШС-нің мүддесіне қайшы келетіндігі және жаңа даудың туындауы мүмкіндігі жөнінде уәждеген.
Сондай-ақ арыз иесі баудағы алма талдарына кемінде 10-12 жыл болғанын, талап қоюшылардың жеріне басқа өтетін жол бар екенін сот біле тұра, талап қоюшылардың талабы негізсіз қанағаттандырығанын көрсеткен.
Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот мәжілісінде қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.
АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотының 2022 жылғы 13 мамырдағы шешімін және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 17 тамыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхатты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін. Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья Ш.Иманиязова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.