ҚАУЛЫ 2025 жылғы 22 қазан 6003-25-00-4к/593 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші - судья Е.Б.Төлеев,
судьялар - Р.М.Айнақұлова, Н.М.Қабдрахманова,
талап қоюшының өкілі А.Ы.Мауленовтың, жауапкердің өкілі А.А. Рауылбековтың, мүдделі тұлға Замира Музрафшаевна Бадалшикованың, мүдделі тұлға «Kaspi Bank» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - Банк) өкілі Б.Иманалиевтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Берганбай Турабаевич Умурзаковтың жеке сот орындаушысы Азамат Мауленулы Сулейменовке (бұдан әрі - ЖСО) 2024 жылғы 24 желтоқсандағы, 2025 жылғы 8 қаңтардағы өтінішхаттарын қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулыларын, мүлікті сатылымға беру әрекетін заңсыз деп тану, 2025 жылғы 9 қаңтардағы электронды аукцион қорытындысы туралы хаттамасын және 2025 жылғы 10 қаңтардағы өндірілген ақшаны бөлу туралы қаулыларын заңсыз деп тану, күшін жою туралы талап қоюмен түскен әкімшілік ісін, қоюшының өкілі А.Ы.Мауленов пен мүдделі тұлға З.М. Бадалшикованың
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысына кассациялық шағымдарымен қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Берганбай Турабаевич Умурзаков жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 23 қаңтардағы ұйғарымымен талап қоюшының талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхаты қанағаттандырудан бас тартылып, жауапкердің 2024 жылғы 27 қарашадағы және 2023 жылғы 12 желтоқсандағы жылжымайтын мүлікті сатылымға шығару туралы қаулыларын заңсыз деп тану, күшін жою туралы талап қоюдың бөлігі қайтарылған.
Соттың 2025 жылғы 20 ақпанындағы ұйғарымымен жауапкердің электрондық аукционға өткізу туралы арыз және хабарлама берген әрекеттерін заңсыз деп тану туралы талап қоюдың бөлігі ӘРПК 138 бабының екінші бөлігінің 11) тармақшасы негізінде қайтарылған.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 ақпанындағы шешімімен 2024 жылғы 24 желтоқсандағы, 2025 жылғы 8 қаңтардағы өтінішхатын қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулыларын, мүлікті сатылымға беру әрекетін заңсыз деп тану, 2025 жылғы 9 қаңтардағы электронды аукцион қорытындысы туралы хаттамасын және 2025 жылғы 10 қаңтардағы өндірілген ақшаны бөлу туралы қаулыларын заңсыз деп тану, күшін жою туралы талап қою арызы қанағаттандырылған.
2024 жылғы 24 желтоқсандағы, 2025 жылғы 8 қаңтардағы өтінішхаттарын қанағаттандырудан бас тарту және 2025 жылғы 10 қаңтардағы өндірілген ақшаны бөлу туралы жауапкердің қаулылары заңсыз деп танылып, күші жойылған. Мүлікті сатылымға беру әрекеті заңсыз деп танылып, 2025 жылғы 9 қаңтардағы электронды аукцион қорытындысы туралы хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Сот шығындары туралы мәселе шешілген.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысымен Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 ақпанындағы шешімінің күші жойылған. Талап қоюшы Берганбай Турабаевич Умурзаковтың жеке сот орындаушысы Азамат Мауленулы Сулейменовке мүлікті сатылымға беру әрекетін заңсыз деп тану туралы талап қоюдың бөлігі кері қайтарылған. Талап қоюдың қалған бөлігінде қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.
Апелляциялық алқа қаулысымен келіспей, талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында кепілге қойылған даулы мүлік Д.Менделеев (қазіргі Григорий Потанин) көшесі, 26 «А» мекен-жайында орналасқан кадастрлық нөмері 19-295-083-079, көлемі 0,136273 га жер учаскесімен бірге жалпы алаңы 89,10 шаршы метр, тұрғын алаңы 61,10 шаршы метр құрайтын тұрғын үйдің (бұдан әрі - даулы жылжымайтын мүлік) орнында алаңы 89,10 шаршы метр тұрғын үй жоқ екенін, құжаттандырылмаған алаңы 190,42 шаршы метр басқа тұрғын үй құрылысының бар екенін көрсеткен. Жауапкер нақты іс жүзіндегі мүлікке сай келмейтін даулы мүлікті сатылымға шығарған. Апелляциялық саты сотының қаулысының күшін жойып, бірінші саты сотының күшін күшінде қалдыруды сұраған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысымен келіспей, мүдделі тұлға З.М. Бадалшикова кассациялық шағым келтіріп, жұбайы Умурзаков екеуіне ортақ мүліктің сатылғаны жайлы бейхабар болғанын, алаңы 190,42 шаршы метр тұрғын үйі бар 54 632 000 теңгеге бағаланған жер телімінің сатылып кеткенімен келіспейтінін, заң ережелерінің бұзылғанын көрсетіп, қаулы күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық шағым уәждерімен іс құжаттарын зерделеп, шағымдар уәждерін қолдаған талап қоюшының өкілі А.Ы.Мауленовтың, мүдделі тұлға З.М. Бадалшикованың түсініктемелерін, олармен келіспеген жауапкердің өкілі А.А. Рауылбековтың, Банктың өкілі Б.Иманалиевтың түсініктемелерін тыңдап, қассациялық сот төмендегі тұжырымға келеді.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Іс құжаттарына қарағанда, Б.Умурзаков Банктен заем алған, оны қамтамасыз ету үшін бірнеше жылжымайтын мүлікті кепілге беру шарттары жасалған. Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2009 жылғы 18 маусымдағы шешімі негізінде Б.Умурзаковтан Банктың пайдасына 3 813 954,21 теңге және 114 419,00 теңге сот шығындары өндірілген. 7 шілде 2009 жылы №2-2210/2009 атқару парағы берілген.
2023 жылғы 22 ақпанында №892/23-79-6743 атқарушылық іс қозғалған.
Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2014 жылғы 11 желтоқсандағы шешімі негізінде талап қоюшыдан Банктың пайдасына 11 811 525 теңге және 354 345 теңге сот шығындары өндірілген.
2023 жылғы 20 мамырда №2293/23-79-6743 атқарушылық іс қозғалған.
2025 жылғы 17 ақпандағы Банктың анықтамасына сәйкес екі атқарушылық құжат бойынша 2021 жылдан бері талап қоюшының зейнетақысынан 1 261 398 теңге ұсталған, талап қоюшы 2024 жылғы 14 ақпанда 500 000 теңге, 19 ақпанында 500 000 теңге, 27 маусымда 200 000 теңге Банк кассасына төлеген, сатылған мүліктен 10 64 166,02 теңге түскен, қалған қарызы 2 988 678,94 теңге құрайды.
Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотының 12 сәуір 2016 жылғы ұйғарымынан И.Умурзаковаға тиесілі (7 наурыз 2017 жылы И.Умурзакова қайтыс болғаннан кейін меншік құқығы Б.Т. Умурзаковқа ауысты) Д.Менделеев көшесі, 26 мекен-жайында орналасқан кадастрлық нөмері 19295-083-080, көлемі 0,0800 га жер учаскесімен бірге жалпы алаңы 166,72 шаршы метр, тұрғын алаңы 117,62 шаршы метр құрайтын кепілге қойылған тұрғын үйге 21 тамыз 2014 жылы тыйым салынған. 8 қаңтар 2007 жылғы 12Ф/2007-116-ЗН/1 кепілге беру туралы келісім шарт негізінде Шымкент қаласы, Гайдар көшесі, 65 мекен-жайында орналасқан кадастрлық нөмері 19-309-037-260, көлемі 0,0272 га жер учаскесімен бірге жалпы алаңы 85,4 шаршы метр, тұрғын алаңы 74,6 шаршы метр құрайтын Махамедов Каримжан Якуповичке тиесілі тұрғын үйдің кепілге қойлғаны көрінеді.
Алайда сот орындаушысы кепілдегі басқа екі үйді сатылымға беруге шара қолданбай, даулы 19-295-083-079 жер учаскесіндегі үйді сатылымға берген.
2025 жылғы 9 қаңтардағы электрондық аукцион қорытынды хаттамасына сәйкес женімпаз болып Р.Мингалеева танылған.
Бұл арада Банктің де шешімді орындаудың тәсілі мен тәртібін өзгерту туралы сотқа арыз бергенінде, толық мағлұмат ұсынбағаны байқалады.
Шымкент қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соттың 16 маусым 2023 жылғы ұйғарымымен Бантің арызы қанағаттандырылып, Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2009 жылғы 18 маусымдағы шешімі мен Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2014 жылғы 11 желтоқсандағы шешімді орындаудың тәсілі мен тәртібі өзгертіліп, Д.Менделеев көшесі, 26 «А» мекен-жайында орналасқан кадастрлық нөмері 19-295-083-079, көлемі 0,136273 га жер учаскесімен бірге жалпы алаңы 89,10 шаршы метр құрайтын кепілдегі тұрғын үйге өндіріп алу туралы ұйғарым шығарған.
Алайда 16 маусым 2023 жылы жалпы алаңы 89,10 шаршы метр құрайтын үйдің орнына 2019 жылы алаңы 190,42 шаршы метр басқа тұрғын үй құрылысы салынған.
2024 жылғы 30 шілдедегі «Global Capital» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жасаған Бағалау қорытындыдағы мүлікті қарау актісінде 2006 жылғы 24 қарашадағы техникалық паспортта (1-И) көрсетілген тұрғын үйдің (Литер А) жер учаскесінде болмауына байланысты, тек жер учаскесінің нарықтық кұны анықталғанын және жер учаскесінде орналасқан тұрғын үй бойынша есеп жасалынбағанын көрсетіп, жер учаскесінің құнын 11 514 850 теңгеге бағалағаны туралы жазған.
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Заңының (бұдан әрі - Заң) 126-бабының үшінші бөлігіне сәйкес сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті. Жауапкер талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделерін ескермегені анықталып отыр.
«Соттардың атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 31 наурыздағы № 1 Нормативтік қаулысының 13 тармақшасына сәйкес Егер атқарушылық іс жүргізу тарабы сауда-саттықты даулау жөнінде сот орындаушысының әрекеттеріне шағыммен сотқа жүгінсе, сот орындаушысы сатып алу-сату шартын жасасудан тартынуға тиіс, тарап бір мезгілде шағымды берумен бірге соттың алдына қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы мәселені (мысалы, шағым мәні бойынша шешілгенге дейін сатып алу-сату шартын жасасуға тыйым салу және т.б.) қоюға құқылы. Электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттама борышкердің тыйым салынған мүлкіне сатып алу-сату шартын жасасу үшін негіз болып табылады, демек АК-нің 7-бабының 7) тармақшасына орай сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасаумен қатар хаттамаға да шағым жасалуы тиіс.
АПК-нің 15-бабының екінші бөлігіне сәйкес тараптар азаматтық сот ісін жүргізу барысында өз ұстанымын, оны қорғау тәсілдері мен құралдарын өз бетінше және соттан, басқа органдар мен тұлғалардан тәуелсіз таңдайды.
Осыған байланысты, өткізілген сауда-саттықтың нәтижелері бойынша сот орындаушысы мен сатып алушының арасында жасалған сатып алу-сату шарты талап қою тәртібімен даулануы мүмкін.
Осы нормативтік қаулының 14 тармағына сәйкес егер сот саудасаттықтың нәтижелері борышкердің немесе өндіріп алушының құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әсер еткенін немесе әкеп соққанын анықтаса, сауда-саттықты даулау жөніндегі сот орындаушысының әрекеттеріне дауларды қарау кезіндегі шағым қанағаттандырылуға жатады.
Заңның 73-бабының бірінші тармағына сәйкес меншік құқығы (шаруашылық жүргізу құқығы, оралымды басқару құқығы) жылжымайтын мүлікке және олармен жасалатын мәмілелерге құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделмеген борышкердің жылжымайтын мүлкінен өндіріліп алынған жағдайда, сондай-ақ жылжымайтын объектінің кадастрлық және техникалық есепке алу (түгендеу) жөніндегі жұмыстары жүргізілмесе немесе аяқталмаса, сот орындаушысы борышкерге, тіркеуші органға аталған әрекеттерді жүргізуге және жылжымайтын мүлікке құқықтарды кадастрлық, техникалық есепке алу мен мемлекеттік тіркеу жөніндегі құжаттарды табыс ету міндеттерін жүктеу туралы ұсыныспен сотқа жүгінеді. Заңның 72-бабының төртінші тармағына сәйкес өндіріп алуды қолданудың нысанасы - борышкер кепіл немесе міндеттемені қамтамасыз ету ретінде берген мүлік болған, не тыйым салынған мүлікті кезектілік тәртібімен өткізу атқарушылық құжат талаптарының толық орындалуына әкелмейтін немесе осы Заңда белгіленген орындау мерзімдерін ұлғайтатын жағдайда, мүлікті өткізу кезектілігі өзгертілуі мүмкін. Сот орындаушысы аталған мәнжайды борышкердің мүлкін өткізуге беру туралы қаулыда көрсетеді, оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
Жауапкердің бірнеше кепілге қойылған тұрғын үйлердің арасынан даулы мүлікті іріктеуі Заңның 3 бабының 5) тармақшасында көзделген өндіріп алушы талаптарының көлемі мен мәжбүрлеп орындату шаралары арақатынасының салыстырмалылығы принципын бұзғандықтан, талап қою ішінара қанағаттандырылуға жатады. 2025 жылғы 9 қаңтардағы электронды аукцион қорытындысы туралы хаттамасы заңсыз табылуға жатады. Бірінші сатыдағы соттың осы жайлы қорытындылары негізді болғандықтан, қалпына келтірілуге жатады.
Электрондық аукционда Р.Мингалеева 11 860 295,50 теңгеге даулы мүлікті сатып алып қаражаты жауапкердің шотына 2025 жылғы 13 қаңтарда салған.
2025 жылғы 10 қаңтардағы қаулыға сәйкес сауда саттықтан өндірілген қаражат өндіріп алушы мен жауапкер арасында екі атқарушылық өндіріс бойынша бөлінген.
ӘРПК 84-бабының 3-бөліміне сәйкес заңсыз әкімшілік актінің күші жойылған кезде әкімшілік актіні заңсыз деп танудың заңды салдары туралы шешім қабылданады.
Әкімшілік акт қабылданған кезден бастап та, ол заңсыз деп танылған кезден бастап та жарамсыз деп танылуы мүмкін.
Сот дау айтылған электронды аукцион қорытындысы туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жойғандықтан, құқықтық салдары ретінде аукционнан түскен қаражатты бөлу туралы қаулының күші де жойылуға жатады.
Апелляциялық қаулыдағы талап қоюдағы сатылымға беру әрекетін заңсыз деп тану бөлігін қайтару және өтінішхаттарды қанағаттандырусыз қалдыру туралы талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы бөлігімен кассациялық сот келіседі.
Апелляциялық сатыдағы сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуі әрі ӘРПК 12-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасындағы барлық күмәндар, қайшылықтар мен көмескіліктер әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндірілетіні ескермеуі қаулыны өзгертуге негіз болады.
АПК 109 бабының үшінші бөлігіне және 117 бабының бірінші бөлігіне сәйкес (3932 айлық есептік көрсеткіштен 0,5 және осы сомадан 50 пайыз) *2, яғни 5898 теңге жауапкерден мемлекеттің пайдасына мемлекеттік баж өндіріледі.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8)тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысы өзгертілсін.
Талап қоюдың 2025 жылғы 9 қаңтардағы электронды аукцион қорытындысы туралы хаттамасын, 2025 жылғы 10 қаңтардағы өндірілген ақшаны бөлу туралы қаулыларын заңсыз деп тану, күшін жою туралы бөлігін қанағаттандырудан бас тарту жөніндегі бөлігінің күші жойылып, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 ақпанындағы шешімінің 2025 жылғы 9 қаңтардағы электронды аукцион қорытындысы туралы хаттамасын, 2025 жылғы 10 қаңтардағы өндірілген ақшаны бөлу туралы қаулысын заңсыз деп танып күшін жою туралы бөлігі күшінде қалдырылсын.
Қаулының қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.
Жауапкер Азамат Мауленулы Сулейменовтен мемлекет пайдасына 5898 (бес мың сегіз жүз тоқсан сегіз) теңге өндірілсін.
Талап қоюшы өкілі А.Ы.Мауленов пен мүдделі тұлға З.М. Бадалшикованың кассациялық шағымдары ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші:
Е. Төлеев
Р. Айнақұлова
Судьялар:
Н. Қабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.