КСАД РК - Постановление от 28.05.2026 по делу 6003-26-00-4к/522 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 28 мамыр №6003-26-00-4к/522 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші - судья Д.Ә. Әбдіғалиев,

судьялар - Д.Н. Нұрлыбаева, Г.М.Ыдырысова,

қатысушылар:

прокурор — А.С. Қамашев,

талап қоюшылардың өкілі — А.Ш. Шәріпбеков,

талап қоюшылардың Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қазандағы қаулысына кассациялық шағымдары бойынша келіп түскен,

«Түркістан» тұтыну кооперативінің, дара кәсіпкер Жазира Жұматайқызы Ахметованың және «Түркістан-Сауда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Түркістан облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, мүдделі тұлғалар «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне, «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне, «Турснаб-KZ», «Томирис», «Райымбек» дара кәсіпкерлеріне, дара кәсіпкер Эльмира Данибековна Тлемисоваға конкурстардың қорытындысы туралы хаттамаларды заңсыз деп танып, олардың күшін жою туралы әкімшілік істі ашық сот отырысында қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшылар жоғарыда көрсетілген әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінді.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

«Түркістан облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесі өткізген мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) жобалары бойынша жекеше әріптесті анықтау жөніндегі конкурстың қорытындылары туралы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі №399414-1, №399406-1, №399400-1, №399460-1 хаттамалар заңсыз деп танылып, олардың күші жойылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күші жойылып, «Түркістан» тұтынушылар кооперативінің, ДК Ж.Ж. Ахметованың және «Түркістан-Сауда» ЖШС-ның талап қою арызы сотқа жүгіну мерзімін өткізіп алғаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 138-бабының екінші бөлігі 15) тармақшасының негізінде қайтарылған.

Талап қоюшылар кассациялық шағымында облыстық сот алқасының қаулысының күшін жоюды, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Жауапкер мен мүдделі тұлға — Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті сот отырысына бейнебайланыс арқылы қатысу туралы өтінішхат берген. Бұл өтінішхат қанағаттандырылмады, өйткені сот отырысы Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында тараптардың міндетті жеке қатысуымен өткізілетін болып тағайындалған және процеске барлық қатысушылар бұл туралы алдын ала хабардар етілген.

Процеске басқа қатысушы тұлғалар сот отырысының уақыты, орны және форматы туралы тиісінше хабарланғанына қарамастан, отырысқа келмеді және келмеу себептерін сотқа хабарламады.

ӘРПК-нің 115-бабының біроінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысушы тұлғалардың келмеуі олар тиісінше хабардар етілген жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болмайды.

Талап қоюшының өкілін, прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерін талқылап, істің материалдарын зерттеген кейін, кассациялық сот мынадай қорытындыға келді.

ӘРПК-нің 169-бабы бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабы бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сот мұндай бұзушылықтарға жол берген.

Істің материалдары бойынша Түркістан облысының білім басқармасы 2024 жылдың шілде - тамыз айларында мектеп асханаларын жаңғырту және пайдалану мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) бойынша конкурстар жариялаған.

Конкурстардың қорытындысы бойынша 2024 жылғы 2 қыркүйекте №399406-1, №399400-1, №399414-1, №399460-1 хаттамалары жасалып, жеңімпаздар ретінде «Райымбек», «Томирис», «Тұрснаб-KZ» және Ә.Д.Тлемісова дара кәсіпкерлер танылған. Бұл ретте талап қоюшылар — «Түркістан» тұтынушылар кооперативі, дара кәсіпкер Ж.Ж. Ахметова және «Түркістан-Сауда» ЖШС бағалау өлшемшарттары бойынша жоғары балл жинағанына қарамастан, жеңімпаздар деп жарияланбаған.

Талап қоюшылар конкурс қорытындыларымен келіспей, 2024 жылғы 28 тамызда Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне шағымдар жолдаған. Аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша 2024 жылғы 25 желтоқсанда №90 аудиторлық есеп жасалған, онда конкурс өткізу кезінде бұзушылықтар мен жеңімпаздарды заңсыз таңдау фактісі анықталған.

2024 жылғы 30 желтоқсандаТүркістан облысының Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Білім басқармасына анықталған бұзушылықтарды жою және кінәлі лауазымды адамдарды тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы нұсқау жолдаған. 2025 жылғы 14 ақпанда Агенттік талап қоюшыларға осы берілген шағымдар бойынша ресми жауап жіберген. 2025 жылғы 18 ақпанда талап қоюшылар әкімшілік талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот конкурстар өткізу кезіндегі бұзушылықтар туралы дәлелдерді негізді деп танып, талап қоюды қанағаттандырған.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жойып, сотқа жүгіну мерзімін өткізіп алуына байланысты талап қоюды қайтарған.

Істің материалдарын зерделеп, кассациялық сот шағымда келтірілген дәлелдерге мынадай негіздер бойынша назар аудару қажет деп есептейді.

ӘРПК-нің 136-бабына сәйкес әкімшілік талап қою бір ай ішінде беріледі. Сотқа жүгіну мерзімін өткізіп алу мәселесі іс мәні бойынша қаралғаннан кейін емес, талап қоюды қабылдау кезінде немесе алдын ала тыңдауда шешіледі.

Іс материалдары бойынша бірінші сатыдағы сот талап қоюды қабылдап, істі мәні бойынша қарап, шешім шығарған. Демек, бірінші сатыдағы сот сотқа жүгіну мерзімі сақталған деп таныған.

«Әкімшілік істер бойынша сот шешімі туралы» 2024 жылғы 29 қарашадағы №5 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 13-тармағына сәйкес, егер бірінші сатыдағы сот шешім шығарып, бірақ талап қоюды беру мерзімін қалпына келтіру туралы мәселені қарамаған жағдайда, апелляциялық саты осы мәселені талқылай алмайды және апелляциялық шағымды мәні бойынша қарайды.

Жоғарыда келтірілгенге сәйкес, егер бірінші сатыдағы сот істі мәні бойынша қарап, шешім шығарса, апелляциялық саты мерзімді қалпына келтіру мәселесін талқылауға құқылы емес, ол мәні бойынша шешімнің заңдылығын тексеруге міндетті. Бұл қағида сот актілерінің құқықтық айқындылық және тұрақтылық қағидаттарына негізделген.

Алайда сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жойып, сотқа жүгіну мерзімін өткізіп алуға сілтеме жасап, талап қою арызын қайтарған.

Апелляциялық сатыдағы соттың мұндай әрекеттері процестік заңның талаптарына қайшы келеді.

Көрсетілген бұзушылықтар елеулі болып табылады, істің дұрыс шешілуіне әсер етті және шағым жасалған сот актісінің күшін жою үшін негіз болады.

Осындай мән-жайлар тұрғысынан кассациялық сот шағым жасалған қаулының күшін жойып, істі апелляциялық сатыдағы сотқа судьялардың басқа құрамында қайта қарауға жіберуге қажет деп есептейді.

Істі қайта қарау кезінде сотқа жоғарыда баяндалғанды ескеріп, істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеп, тараптардың дәлелдерін тексеріп, дауды заң талаптарына сәйкес шешу қажет.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 3) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

осы іс бойынша Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қазандағы қаулысының күші жойылсын. Іс апелляциялық сатыдағы сотқа басқа құрамда жаңадан қарауға жіберілсін.

Талап қоюшылар «Түркістан» тұтыну кооперативінің, дара кәсіпкер Жазира Жұматайқызы Ахметованың және «Түркістан-Сауда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымдары ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші судья Д. Әбдіғалиев

Судьялар Д. Нұрлыбаева

Г. Ыдырысова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.