ҚАУЛЫ
2026 жылғы 18 ақпан 6003-26-00-4к/56 (2) Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – Д.Ә. Әбдіғалиев, судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов болып, прокурор А.Я. Нуртазанованың,
талап қоюшының өкілі А.А.Таниркуловтың, мүдделі тұлғаның өкілі А.А. Юлдашевтың қатысуыларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Алтын Сақа 2014» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) жауапкер «Шымкент қаласының білім басқармасының №55 «Самал» бөбекжай-бақшасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынға (бұдан әрі – Бақша) 2025 жылғы 15 қыркүйектегі арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімін заңсыз деп тану, 2025 жылғы 11 қыркүйекте жарияланған №14312766-ОК1 санды қорытындысы туралы хаттаманың күшін жою, 2025 жылғы 17 қыркүйектегі №39 санды тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы шартын жарамсыз деп тану, 2025 жылғы 28 сәуірдегі №14312766-ОК1 санды қорытынды хаттаманы қайта қарау міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 10 қарашадағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысына мүдделі тұлға «БАУМ-НОРМА» ЖШС-нің өкілінің берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талаптарымен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 10 қарашадағы шешімімен «Алтын Сақа 2014» ЖШСнің талаптары қанағаттандырылған.
2025 жылғы 15 қыркүйектегі арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімі, 2025 жылғы 11 қыркүйекте жарияланған №14312766-ОК1 санды қорытындысы туралы хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған. Бақша мен мүдделі тұлға «БАУМ-НОРМА» ЖШС-нің арасында жасақталған 2025 жылғы 17 қыркүйектегі №39 санды тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы шарты жарамсыз деп танылған.
Бақшаға 2025 жылғы 28 сәуірдегі №14312766-ОК1 санды қорытынды хаттаманы қайта қарау міндеттелген.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 желтоқсан қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, мүдделі тұлғаның апелляциялық шағымы – қанағаттандырусыз қалдырылған.
Мүдделі тұлға кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Жауапкер өкілінен Астана қаласына бара алмауына байланысты бейнеконференцбайланыс режимінде сот отырысына қосылу туралы өтініш келіп түсті.
Алайда, бұл өтінішхат қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында міндетті түрде жеке қатысу арқылы өткізуге тағайындалған, бұл туралы іске қатысушы тұлғалар алдын-ала хабарланған. Аталған мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай - ӘРПК) 115-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық сот кассациялық шағыммен қарсылықтың уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, келесідей қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Жауапкердің ұйымдастыруымен 2025 жылғы 26 наурызда №14312766ОК1 балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуді ұйымдастыру қызметі жөнінде электронды ашық конкурс 38 лот бойынша жарияланған.
2025 жылғы 28 сәуірдегі №14312766-ОК1 қорытындылар туралы хаттамаға сәйкес конкурстың жеңімпазы болып жеке кәсіпкер «Жарылкапов» айқындалған, ал «Алтын Сақа 2014» ЖШС-мен «БАУМ-НОРМА» ЖШС-нің өтінімдері конкурстан шеттетілген.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 тамыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 13 маусымдағы шешімімен «Алтын Сақа 2014» ЖШС-нің жауапкерге дау айту туралы талап қоюы қанағаттандырылып, 2025 жылғы 6 мамырдағы №14312766-ОК1 конкурс қорытындысы туралы хаттамасы, шешімі заңсыз деп танылып күштері жойылған, жауапкерге конкурс нәтижесін қайта қарау міндеттелген.
Жоғарыда көрсетілген заңды күшіне енген сот шешімі негізінде аталған конкурс ұйымдастырушымен қайта қаралып, нәтижесінде:
2025 жылғы 11 қыркүйекегі №14312766-ОК1 конкурс қорытындысы туралы хаттамаға сәйкес жеңімпаз болып 31 лот бойынша «БАУМ НОРМА» ЖШС-гі, ал қалған 7 лот бойынша талап қоюшы «Алтын Сақа 2014» ЖШС-гі айқындалған.
Талап қоюшының аталған қайта қаралған конкурс қорытындысымен келіспей жазған шағымы, жауапкердің 2025 жылғы 15 қыркүйектегі жазбаша жауабымен қанағаттандырудан бас тартылған.
Бірінші саты соты талап қоюды қанағаттандыру туралы қорытындысын 2025 жылғы 28 сәуірдегі №14312766-ОК1 қорытынды хаттамаға сәйкес талап қоюшы «Алтын Сақа 2014» ЖШС-гі мен «БАУМ НОРМА» ЖШС-нің өтінімдері конкурстан шеттетілгенін, бірақ заңды күшіне енген сот шешімімен талап қоюшының талап қоюы қанағаттандырылып, аталған конкурс қорытындылары туралы хаттама, шешім заңсыз деп танылғанын, күші жойылғанын, жауапкерге конкурс нәтижесін қайта қарау мінделгенімен негіздеген.
Сондай-ақ, мүдделі тұлға «БАУМ НОРМА» ЖШС-гі аталған конкурс қорытындысына шағымданбағанын, яғни соңғының өтінімдері конкурс қорытындысы туралы хаттамаға сәйкес шеттетілгенін, онымен шағымданушы келіскенін, алайда жауапкер - ұйымдастырушымен мүдделі тұлға конкурсқа қатысқаны және оған балл берілгені, соның салдарынан ол жеңімпаз болғаны заң нормаларына қайшы екендігі туралы бірінші сатыдағы сот істі қарау барысында анықтап, оған құқықтық баға беріп бұл талап қоюды қанағаттандыруға негіз болатыны жөнінде сот дұрыс тұжырым жасаған.
Сәйкесінше, сот 2025 жылғы 28 сәуірдегі конкурс қорытындысына мүдделі тұлға шағым бермегендігін, яғни оның қорытындысымен келіскендігін, ал қайта қаралған конкурсқа ұйымдастырушы тарапынан «БАУМ НОРМА» ЖШС-нің өтініші негізсіз қаралғандығын көрсете келе, жауапкер тарапынан конкурсты қайта қарау кезінде заң бұзушылық орын алғандығымен негіздеген.
Бұл ретте, апелляциялық саты бірінші сатылы соттың «Алтын Сақа 2014» ЖШС-нің уәждері негізді деп танығанын, себебі заңды күшіне енген сот шешімінде көрсетілмеген мән жаймен қайта қаралғанын, шеттетілген «БАУМ НОРМА» ЖШС-нің өтінімін қайта қарау заңға қайшы екендігі туралы негізді тұжырым жасаған деп тұжырымдаған.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 76-бабының 3- тармағында бекітілгендей, соттар шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады. ӘРПК-нің 84-бының 3-тармағына сай заңсыз әкімшілік актінің күші жойылған кезде әкімшілік актіні заңсыз деп танудың заңды салдары туралы шешім қабылданады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 158-бабына сай мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.
Бірінші сатылы сот заңсыз қабылданған қорытындылар туралы хаттаманың негізінде жасалған жауапкер мен жеңімпаздың арасындағы шарт жарамсыз деп тануға жатады деп санаған.
Талап қоюшының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі №39 санды тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы шарты жарамсыз деп тану туралы негізінде талап қою қанағаттандырылған.
АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағымның уәждері мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер төмен тұрған сатыдағы соттарда қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.
Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.
Жоғарыда аталғанның негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға, мүдделі тұлға өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
Талап қоюшының өкілі А.Таниркуловтың өтінішхаты бойынша 2026 жылғы 6 ақпандағы заңгерлік қызмет көрсету шартына сәйкес 300 000 теңге және жол шығындары 49 247 теңге, жалпы соммасы 349 247 теңге төленген қаражатты жауапкерден өндіруді сұраған.
АПК-нің 113-бабының 1-бөлігіне сай, сот пайдасына шешім шығарылған тараптың өтінішхаты бойынша процеске қатысқан және осы тараппен еңбек қатынастарында тұрмаған өкілдің (бірнеше өкілдің) көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстарын тараптың іс жүзінде жұмсаған шығыстары мөлшерінде басқа тараптан алып береді.
Осыған орай, талап қоюшы өкілінің сот шығыстарын өндіру туралы өтініші қанағаттандырылуға жатады.
ӘРПК–нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 10 қарашадағы шешімі және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға «БАУМ-НОРМА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен талап қоюшы «Алтын Сақа 2014» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына сот шығындары 300 000 (үш жүз мың) теңге және жол шығындары 49 247 (қырық тоғыз мың екі жүзі қырық жеті) теңге, жалпы соммасы 349 247 (үш жүз қырық тоғыз мың екі жүз қырық жеті) теңге өндірілсін.
Мүдделі тұлға «БАУМ-НОРМА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Д. Әбдіғалиев Судьялар Г. Ыдырысова М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.