6001-24-00-3гп/87
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 5-наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші - Н.К.Шәріповтің, судьялар: М.Т.Балкеннің, Б.Р.Ералиеваның, прокурор М[...], талап қоюшы Қ[...], талап қоюшының өкілі Н[...], жауапкердің өкілдері: М[...], С[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «Аяла» дара кәсіпкер Қ[...] жауапкер «Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының № 8 Жаңақорған ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Мекеме) мемлекеттік сатып алу туралы шарты бойынша жеткізілген тауарды қабылдауды міндеттеу туралы талап қоюымен қозғалған электрондық азаматтық ісі бойынша қабылданған Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9-қарашадағы қаулысын қайта қарау туралы Мекеменің өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
«Аяла» дара кәсіпкер Қ[...] (бұдан әрі - «Аяла» ДК) жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда шарт бойынша жеткізілген спорттық тауарларды Мекеменің қабылдамауы негізсіз деген уәждерімен оларды қабылдауды міндеттеуді сұраған.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 16-тамыздағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9-қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған. Мекемеге 2023 жылғы 28-наурызда жасалған №48 тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы шарты бойынша жеткізілген тауарларды қабылдау міндеттелген.
Өтінішхат иесі апелляциялық сот актісімен келіспейтіндігін, соттың түйіндері істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, аталған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін өз күшінде қалдыруды сұраған.
Сот алқасы арызданушының өтінішхатты қолдаған түсінігін, талап қоюшының өкілдерінің қарсылығын, прокурордың қорытындысын
тыңдап, өтінішхат уәждерін талқылап, іс-құжаттарын зерделеп, келесідей қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық алқаның тарапынан жол берілген деген пікірге келуге болады.
Азаматтық іс құжаттарынан көрінгендей, тараптар арасында 2023 жылы 28-наурызда мемлекеттік сатып алу туралы шарты жасалғаны анықталған. Шарттың талаптары бойынша «Аяла» ДК тауарды жеткізуге, ал Мекеме тауарды қабылдап, төлем жасауға міндеттенген. Тауардың сипаттамасы - 98 дана спорттық татами, оның ішінде 32 татами сары түсті, 66 татами қызыл түсті. Орындау уақыты - шартқа қол қойған күннен бастап 16 жұмыс күні болып белгіленген.
Істі қарау барысында анықталғандай, аталған шарт 2023 жылы 29-наурызда тіркелгендіктен, тауарды жеткізу 2023 жылдың 19сәуіріне дейін орындау қажет болған. Дегенмен талап қоюшының шарт талаптарын бұза отырып 2023 жылдың 4-мамырында тек 68 дана татами ғана жеткізгені белгілі болған. Ал, жеткізілген тауар шарттың талаптарына сәйкес келмейтініне байланысты жауапкермен қабылданбаған және бұл туралы акт толтырылған.
Алайда талап қоюшы жауапкердің бұл әрекеттерімен келіспей жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген. Бірінші сатыдағы сот келесі негіздермен талап қоюшының талабынан бас тарту туралы шешім қабылдаған. Шарттың 2-қосымшасына сәйкес тауардың техникалық ерекшеліктері бойынша спорттық татами «А» санатындағы дзюдо күресі бойынша өткізілетін жарыстарға арналған халықаралық стандарттарға сай болу керек.
Сот, шарттың қосымшасында татами салмағының екі түрлі көрсетілгенін анықтаған. Яғни, қосымшада жеткізуге жататын татами Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) халықаралық, республикалық чемпионаттарын өткізуге сәйкес келетін стандарттарға бір маттың салмағы 16-18 килограмм, тығыздығы текше метрге 180 килограммнан кем емес талаптар көрсетілген. Соңынан қалындығы 4 сантиметр, салмағы 7,7 немесе 3,8 килограмм деп көрсетілген. Сонымен қатар, бұл параметрлерді тапсырыс берушімен келісу қажет деп көрсетілген.
Азаматтық істі қарау барысында бірінші сатыдағы сот, талап қоюшының жеткізген тауары техникалық ерекшеліктерге сәйкес емес деген пікірге келген. Өйткені сот істі зерделеу кезінде, талап қоюшының техникалық сипаттамада көрсетілген спорттық татамидың қалыңдығы 4 сантиметр, салмағы 3,8 килограмм, көлемі 2 х 1 метр деп көрсетілген техникалық ерекшеліктегі талапты ғана ескере отырып тауарды жеткізгенін, ал жауапкердің сотқа ұсынған дәделдемелерін (фото, видео) зерттеу кезінде татамидің арасында бос кеңістіктердің бар екенін және олардың өлшемдері шартта көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтіндігін анықтаған.
Негізінен іс құжаттарынан мәлім болғандай, жеткізілуге жататын 98 дана татами шартпен көзделген мерзімде толықтай жеткізілмеген. Осы мән-жайларды ескере отырып сот, талап қоюды қанағаттандыруға негіз жоқ деген тұжырымға келген.
Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың бұл түйіндерімен келіспей, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдай отырып, тауардың техникалық ерекшеліктері бойынша оның салмағына және басқа да талаптарына екі бөлек талап қойылғандықтан, талап қоюшының жеткізген тауары стандартқа сәйкес келеді деп есептеген.
Сонымен қатар, қабылдау актісі жауапкермен біржақты толтырылған немесе оның толтыру күні көрсетілмей жасалған, сондай-ақ, тауардың қандай техникалық ерекшеліктерге сәйкес келмейтіні туралы актіде көрсетілмеген деген пікірге келе отырып, бірінші сатыдағы соттың бұл мән-жайларға дұрыс баға бермей, тек жауапкердің ұсынған фотовидео жазбасына сілтеме жасаған деген түйінге келген.
Бұған қоса, апелляциялық алқамен анықталғандай «Аяла» ДК тарапынан тауарды шартта көрсетілген мерзімде жеткізілмеу фактісі бойынша Мекеме Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюмен жүгінгені де анықталған. Бірақ, осы соттың 2023 жылғы 13-маусымдағы шешімімен Мекеменің бұл талабы қанағаттандырусыз қалдырылған. Аталған жағдайларды ескере отырып, апелляциялық алқа Аяла» ДК-нің талап қоюын қанағаттандыру туралы шешім шығарған.
Дегенмен кассациялық сот алқасы апелляциялық алқаның мұндай қорытындыларымен келесі негіздермен келіспейді.
Істі кассациялық алқада қараған кезде бірінші сатыдағы соттың талап қоюшының жеткізген спорттық татамиді техникалық ерекшеліктерге сәйкес келмейтіні туралы қорытындысы расталды. «Аяла» ДК тауарды жеткізу мерзімін бұзу фактісін теріске шығармады. Сонымен қатар, бірінші сатыдағы сотпен шартта көрсетілген спорттық татамидің көлемі мен сапасы жағынан техникалық ерекшеліктерге сәйкес келмейтіні туралы жауапкердің қарсы пікіріне де тиісті баға берілген. Бұл мән-жайлар фото және видео материалдармен расталған.
АПК-нің 72-бабына сәйкес, әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғану құралдарын пайдалануға, фактілерді растауға, оларға дау айтуға, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін және іс жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған дәлелдемелерді және дәлелдемелерге қарсы қарсылықтарды судья белгілеген мерзімдерде келтіруге тиіс.
Алқа заңның бұл тұрғысында талап қоюшымен спорттық татамилерді шартта көрсетілген мерзімде жеткізгені және олардың техникалық ерекшеліктерге сәйкес келетіні туралы дәлелдемелер келтірілмеген деген пікірге келеді. Ал, іске тіркелген сертификат көшірмесі талап қоюшының тауарды өндіру туралы түсініктемелеріне сәйкес келмейді.
Талап қоюшы шарт жасай отырып, жауапкермен тауарға қойылатын барлық қажетті шарттар мен талаптарды талқыламаған. Мерзімді және шарттың басқа да талаптарын бұза отырып тауарды жеткізу фактілер талап қоюшыға талапты қанағаттандыруға құқық бермейді.
Сот азаматтық істерді қарау және шешу кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасы конституциялық заңдарының, осы Кодекстің, басқа да нормативтік құқықтық актілердің, қолданылуға жататын Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының талаптарын дәлме-дәл сақтауға міндетті (АПК-нің 6-бабының 1-бөлігі).
Жоғарыдағылардың негізінде, кассациялық сот алқасы апелляциялық алқаның осы істі қарау барысында АПК-нің 224-бабының талаптары сақталмай, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамауы және анықтамауы, қолдануға жататын материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына және істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан деген қорытындыға келеді.
Істің мұндай тұрғысында, іс бойынша қабылданған апелляциялық алқаның қаулысын заңды және негізді деп табуға болмайды. Сондықтан кассациялық сот алқасы апелляциялық алқаның қаулысының күшін жойып, бірінші сатының шешімін күшінде қалдыру туралы шешім қабылдау қажет деген түйінге келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9-қарашадағы қаулысының күші жойылсын. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 16-тамыздағы шешімі күшінде қалдырылсын.
«Аяла» дара кәсіпкерінен мемлекет пайдасына 923 (тоғыз жүз жиырма үш) теңге мемлекеттік баж өндірілсін.
«Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының № 8 Жаңақорған ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Н.К.Шәріпов Б.Р.Ералиева
Судьялар
М.Т. Балкен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.