ҚАУЛЫ 2026 жылғы 19 мамыр
Астана қаласы
№6003-26-00-2к/829
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков,
судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова,
арыз беруші А.Т.Бодыкованың, жеке нотариус Э.М.Макашеваның, мүдделі тұлғаның өкілі С.Т.Жанабаевтің қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында
арыз беруші Алтынай Танлановна Бодыкованың атқарушылық жазбаның күшін жою туралы электрондық форматтағы азаматтық істі арыз берушінің Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 22 қаңтардағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
А.Т.Бодыкова сотқа берген шағымында жеке нотариус Э.М.Макашева қарыз сомасын өндіру жөніндегі атқарушылық жазбаны үш жылдық талап қою мерзімі өтіп кеткеннен кейін жасағанын, көпқабатты үйді күрделі жөндеуден өткізу туралы шартпен таныспағанын, пәтерін басқа адамға сатып жібергенін көрсетіп, атқарушылық жазбаның күшін жоюды сұраған.
Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 18 қарашадағы шешімімен шағым қанағаттандырылып, жеке нотариус Э.М.Макашевамен 2025 жылғы 19 тамызда жасалған борышкер А.Т.Бодыковадан өндіріп алушы «Orda KZ Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі -ЖШС) пайдасына 66 823 теңге өндіру туралы №3860 тізіліммен тіркелген атқарушылық жазбаның күші жойылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 22 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, арыз беруші А.Т.Бодыкованың атқарушылық жазбаның күшін жою туралы шағымын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.
Арыз беруші кассациялық шағымында апелляциялық сот нотариус тарапынан жол берілген заң бұзушылықтарға дұрыс баға бермегенін, материалдық құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Іске қатысушы тұлғалардың түсініктемелерін тыңдап, іс материалдары мен кассациялық шағымның уәждерін зерттеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актісін күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Апелляциялық сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 шiлдедегі «Нотариат туралы» заңының (бұдан әрі -Заң) 92-1 бабының 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес атқарушылық жазба негізінде мынадай даусыз талаптар бойынша берешекті өндіріп алу жүргізіледі: пәтерлердің, тұрғын емес үйжайлардың, орынтұрақ орындарының, қоймалардың "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 42-бабының 5-тармағының 7), 8), 9), 10) және 11) тармақшаларында айқындалған жарналардан жалтаратын меншік иелерінен берешекті өндіріп алу туралы.
Заңның 92-2-бабының 1-тармағына сәйкес атқарушылық жазба:
егер ұсынылған құжаттар берешектің немесе борышкердің өндіріп алушы алдындағы өзге де жауапкершілігінің даусыз екенін растаса;
егер талап қою (арыз) құқығы туындаған күннен бастап үш жылдан аспайтын уақыт өтсе, жасалады.
Осы баптың екінші тармағына сәйкес егер атқарушылық жазба берілетін талап үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында өзге ескіру мерзімі белгіленсе, атқарушылық жазба осы мерзім шегінде беріледі.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 42-бабының 5-тармағының 7), 8), 9), 10) және 11) тармақшаларына сәйкес жиналыстың құзыретіне мынадай мәселелер жатады:
кондоминиум объектісін басқаруға арналған жарналардың ең төмен мөлшерін есептеу әдістемесіне сәйкес ағымдағы жарналар мөлшерін бекіту;
жинақтаушы жарналардың мөлшері осы Заңда көзделген мөлшерден асып кеткен жағдайда, олардың мөлшерін бекіту;
орынтұрақ орындары, қоймалар меншік иелерінің орынтұрақ орындарын, қоймаларды күтіп-ұстауға арналған ағымдағы жарналардың мөлшерін кондоминиум объектісін басқаруға арналған жарналардың ең төмен мөлшерін есептеу әдістемесіне сәйкес бекіту; нысаналы жарналарды жинау, олардың мөлшері, төлеудің мерзімдері мен өзге де шарттары туралы шешім қабылдау; орынтұрақ орындары, қоймалар меншік иелерінің нысаналы жарналарды жинау, олардың мөлшері, төлеудің мерзімдері мен өзге де шарттары туралы шешім қабылдау.
Осы заңның 2-бабының 1-1), 9-1) тармақшаларына сәйкес мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: ағымдағы жарналар - пәтерлер, тұрғын емес үйжайлар меншік иелерінің кондоминиум объектісін басқару бойынша шығыстарды жабуға арналған ай сайынғы міндетті жарналары;
жинақтаушы жарналар - пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар, орынтұрақ орындары, қоймалар меншік иелерінің кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін немесе оның жекелеген бөліктерін күрделі жөндеуге арналған ай сайынғы міндетті жарналары.
Аталған заңның 34-1-бабының 1-тармағына сәйкес пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері ағымдағы, жинақтаушы және нысаналы жарналарды төлеуге міндетті.
Осы заңның 34-1-бабының 9-тармағына сәйкес пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері ағымдағы және жинақтаушы жарналарды уақтылы төлемеген, орынтұрақ орындарының, қоймалардың меншік иелері орынтұрақ орнын, қойманы күтіп-ұстауға арналған ағымдағы жарналарды, сондай-ақ нысаналы жарналарды уақтылы төлемеген кезде осы баптың 8- тармағында белгіленген күннен кейінгі күннен бастап Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өсімпұлдар есепке жазылады.
Талап қоюдың ескіру мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген төлемдер бойынша берешекті өтеу жөніндегі талапқа қолданылмайды.
Апелляциялық сот бұл көрсетілген заң нормаларына сәйкес пәтерлердің меншік иелері кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін немесе оның жекелеген бөліктерін күрделі жөндеуге арналған ай сайынғы міндетті жарналарынан тұратын жинақтаушы жарналарды төлеуге міндетті және бұл төлемдер бойынша талап қоюдың ескеру мерзімі берешекті өтеу жөніндегі талапқа қолданылмайтыны туралы негізді тұжырымға келген.
Іс материалдарынан анықталғандай Қызылорда қаласының нотариусы Э.М.Макашевамен 2025 жылғы 19 тамызда жасалған атқарушылық жазба бойынша борышкер А.Бодыковадан өндіріп алушы «Orda KZ Сервис» ЖШСнің пайдасына барлығы 66 823 теңге өндірілген. Бұл берешек жинақтаушы жарна төлемдері болып табылады және талап қоюға ескеру мерзімі қолданылмайды.
Даулы атқарушылық жазбамен келіспей арыз беруші 2025 жылғы 19 тамызда нотариусқа қарсылығын тапсырған.
Нотариус арыз беруші тапсырған қарсылығына 2025 жылғы 20 тамыздағы №841 даулы жазбаның күшін жоюдан бас тартуды 2025 жылғы 6 қазанда электрондық почта арқылы арыз берушіге жолдаған.
Бірінші сатыдағы сот Заңның 92-1-бабына сай, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу шығыстарын өндіріп алу даусыз талаптарға жатпайтындығын көрсетіп, атқарушылық жазбаның күшін жойған.
Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымын дұрыс негізсіз деп танып, жинақтаушы жарналарын өндіру даусыз талаптарға жататынын және мұндай талап бойынша ескеру мерзімі қолданылмайтыны туралы орынды тұжырым жасаған.
Істі соттарда қарау барысында арызданушы тұрған Қызылорда қаласы, Құлтекенов көшесі №96 көп пәтерлі тұрғын үйіне күрделі жөндеу жұмыстары Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011- 2020 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында қайтарымды қаражат есебінен (бюджеттік кредит) жүргізілгені, 2014 жылдың 5 желтоқсанында күределі жөндеу жұмыстары қабылданғаны анықталған.
Пәтер иелерінің бастамашы тобының 2012 жылғы 23 қазандағы хаттамасына және оған тіркелінген қосымшаға сәйкес, арыз беруші А.Бодыкова жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары үшін 2015 жылдың 1
ақпанынан бастап 2022 жылдың 3 қыркүйегіне дейін (67 ай) ай сайын 2 095,20 төлеуі тиіс болғаны, төленбей қалған қарыз сомасы 66 823 теңге құрағаны даусыз өз дәлелін тапқан. Бұл берешек жинақтаушы жарна төлемдері болып табылғандықтан оған талап қоюдың ескеру мерзімі қолданылмайды.
Арыз берушінің пәтері 2020 жылдың 3 қыркүйегінде басқа адамға сатылғаны оны берешек қарызды төлеуден бостапайды.
Өйткені, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 18-бабының 3- тармағына, 32-бабының 1-тармағына және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 215-бабына сәйкес, арыз беруші меншік иесі ретінде ортақ мүлікті күтіп-ұстауға байланысты шығыстарға қатысуға міндетті болған.
Сондықтан апелляциялық сот атқарушылық жазба заңды берілген деп тапқан.
Жауапкердің кассациялық шағымында келтірген уәждері дәйексіз, оларға апелляциялық сот актісінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында апелляциялық сот тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Арыз берушінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актісі күшінде
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 22 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Арыз берушінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
А.Тогумбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.