Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Определение от 13.11.2025 по делу 6003-25-00-2/11 (Гражданское)

ҰЙҒАРЫМ

2025 жылғы 13 қараша Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі Кассациялық сотының судьясы А.К.Есдаулетов, Қазақстан Республикасының әскери сотының соттар арасындағы дауды шешу жайлы ұсынуын қарап,

АНЫҚТАДЫ:

К.А.Бердикулов сотқа талап қоюмен жүгініп, онда жауапкер Д.С.Талғатбековтен негізсіз баю салдарынан иеленген 835 000 теңгені өндіруді сұраған.

Қызылорда облысының Қазалы аудандық сотының 2025 жылғы 22 қазандағы ұйғарымымен азаматтық іс соттылығы бойынша Ақтөбе гарнизонының әскери сотының қарауына берілген.

Қазақстан Республикасының әскери сотының төрағасы Ғ.Нәсірдинов ұсынуында даудың әскери қызметшінің құқықтық қатынасына байланысты болмағандықтан азаматтық істің соттылығын анықтап беруді сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 34-бабының 6-бөлігіне сәйкес әртүрлі облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада орналасқан бірінші сатыдағы соттар арасындағы дауды кассациялық сот тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың ұсынуы бойынша шешеді.

Осы баптың 2-бөлігінің талабы бойынша, мамандандырылған басқа соттардың соттылығына жататын істерді қоспағанда, егер тараптардың бірі әскери қызметші, әскери басқару органдары, әскери бөлім болып табылса, әскери соттар азаматтық істерді қарайды.

Бұл процестік норманың ұғымы бойынша құқықтық қатынастың субъектілік құрамының - тек бір жағының әскери қызметші болуы ғана емес, дау тікелей әскери қызметшінің қызметін өткеруге, әскери қызметке байланысты болуы қажет.

Талап қоюдың негізі мен нысанасына қарағанда тараптар арасында дау жауапкердің әскери бөліміне жөнелтілгенге дейін негізсіз баю салдарынан иеленген қаражатты қайтармаудан туындаған.

Яғни, талап әскери қызметтің мүдделерін қозғамайды, жауапкердің әскери қызметті өткеруіне қатысты емес.

Бұдан бөлек, АПК-тің 29-бабының 1-бөлігі мен 34-бабының 1- бөлігінің талабына сәйкес талап қою жауапкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі.

Соттылық қағидалары сақтала отырып, соттың іс жүргізуіне қабылданған іс кейіннен ол басқа соттың соттылығына жатқызылса да, сот оны мәні бойынша шешуге тиіс.

Іс құжаттарына қарағанда жауапкер Д.С.Талғатбековтың тұрғылықты жері болып Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Бозкөл елді мекені, А.Мамытов көшесі,31-үй болып табылады.

К.А.Бердикулов осы талаппен жауапкердің тұрғылықты жері бойынша Қазалы аудандық сотына 2025 жылғы 4 шілдеде жүгінген.

Жауапкер сотқа іс бойынша оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен шығарылған сот шешімінің күшін жою жайлы арызбен 15 тамызда жүгініп, 28 тамызда сот шешімінің күші жойылып, іс жүргізу жаңғыртылған.

Өз кезегінде, Қазалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің мәліметі бойынша жауапкер Д.С.Талғатбеков тек 12 қазанда Ақтау қаласындағы №25744 әскери бөліміне жөнелтілген.

Сондықтан, талап қою соттылық қағидалары сақтала отырып берілгендіктен, іс Қазалы аудандық сотының қарауына жатады. АПК-нің 268, 269, 34 - баптарын басшылыққа алып, сот

ҰЙҒАРЫМ ЕТТІ:

Талап қоюшы К.А.Бердикуловтың жауапкер Д.С.Талғатбековтен негізсіз баю салдарынан иеленген қаражатты өндіру жайлы азаматтық ісі соттылық қағидалары бойынша Қызылорда облысының Қазалы аудандық сотының қарауына берілсін. Қазақстан Республикасының әскери сотының ұсынымы қанағаттандырылсын.

Судья А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.