6001-22-00-6ап/2648
Қ А У Л Ы
2023 жылғы 9 тамыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев, судьялар Б.Т.Нажмиденов, Г.К.Нұрбаев болып, талап қоюшы С[...], жауапкер М[...],
жауапкердің өкілі Б[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы С[...] жауапкер Астана қаласының атқарушы округінің жеке сот орындаушысы М[...] жеке сот орындаушының автокөлікті алып қою әрекеттерін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 28 қыркүйектегі шешіміне және Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 қарашадағы қаулысына жауапкердің және мүдделі тұлғаның берген кассациялық шағымдарымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 28 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Астана қаласының атқарушы округінің жеке сот орындаушысы (бұдан әрі – ЖСО) М[...] «Porsche Cayenne» маркалы автокөлік құралын алып кеткен әрекеттері заңсыз деп танылған.
Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер және мүдделі тұлғаның кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған шығарылған бірінші сатылы және апелляциялық сатылық сотының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Іс құжаттарын зерттеп, шағым уәждерін жан-жақты талқылап, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
ЖСО 2022 жылы 24 маусымда С[...] жылжымалы мүлкін алып қою және 2022 жылғы 9 тамызда автокөлікті алып ұстап алумен арнайы автотұраққа орналастыру туралы шараларын қолданған.
«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі Заң) 23-бабының 1,2тармағына сәйкес, атқарушылық әрекеттер кемiнде екi куәгердің қатысуымен жасалуы мүмкiн. Үйге орналастыру және үйден шығару туралы шешiмдердi, борышкердiң мүлкiн пайдалануға тыйым салуға, алып қоюға және беруге, оның тұрғын үйiн, үй-жайлары мен қоймаларын ашуға, тексеру жүргiзуге байланысты әрекеттердi орындау кезiнде куәгерлердің қатысуы мiндеттi. Бұл ретте, ЖСО М[...] автокөлікті алып қою барысында С[...] ұлының жүргізу үстінде орынға шыққан. Осыған байланысты, жеке сот орындаушысы 2022 жылғы 11 тамызда «Porsche Cayenne» маркалы автокөлік құралы мүлікін тізімдеу және тыйым салу хаттамасы толтырылған.
Заңның 66-бабының 2-тармағына сәйкес, мүлiкке тiзiмдеме жасау борышкердiң және куәгерлердiң қатысуымен жүргiзiлуге тиiс. Атқарушылық әрекеттер жасалатындығы туралы алдын ала хабардар етілген, борышкер болып табылатын жеке адам немесе заңды тұлғаның өкiлi болмаған жағдайда, тiзiмдеме куәгерлердiң қатысуымен жасалады. ЖСО-сы хабарламаны электронды түрде борышкер С[...] ұялы телефонына жіберген, бірақ атқарушылық іс жүргізу барысында борышкер қатысқан жоқ.
2022 жылдың 11 тамыздағы мүлікін тізімдеу және тыйым салу хаттамасынан екі куәгерлердiң қатысуымен жүргiзiлген, бірақ атқарушылық құжаттарында куәгерлердiң жеке басын анықтайтыны туралы құжаттар тіркелмеген. 2022 жылғы 11 тамыздағы хаттамасында тізімделген мүлік, ол «Porsche Cayenne» маркалы автокөлік ЖСО М[...] алынғаны туралы белгіленген. Ал, көлікті сақтау борышкердің өзіне жүктелмегендіктен хаттамада автотұрақтың мекенжайы көрсетілмеген.
ЖСО автокөлікке тыйым салынбаған. Мүлікті сақтау шарты және қабылдау-тапсыру актісі жасалмаған. 2022 жылы 27 тамыздағы хатқа сәйкес, ЖСО сотқа атқарушылық құжаттарды жіберіп, 2022 жылы 31 тамызда борышкердің мүлкінен өндіріп алу туралы қаулыны шығарып, оған прокурор санкциясын 2022 жылы 5 қыркүйегінде алған.
Сот алқасы, жергілікті соттардың жауапкердің борышкердің автокөлігін алып қою әрекеттерін заң талаптарын бұза отырып жасалғаны туралы тұжырымымен толық келіседі. Осының негізінде төменгі сатыдағы соттар әділеттілік өлшемшарттарын басшылықа алып, әкімшілік талапты қанағаттандыру жайлы негіздемелерін толық көрсеткен.
АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 28 қыркүйектегі шешіміне және Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 қарашадағы қаулысы өзгеріссіз, жауапкер М[...] және мүдделі тұлға С[...] кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б. Судьялар Нажмиденов Б.Т. Нұрбаев Г.К.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.