6001-20-00-3гп/217
ҚАУЛЫ
2020 жылғы 11 тамыз Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Н.Қ.Сұлтанов, судьялар Ш.С.Иманиязова, З.Б.Кейкібасова,
арыз берушінің өкілі Ж[...],
мемлекеттік органның өкілі К[...] қатысуымен мобилді бейнеконференцбайланыс арқылы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында арыз беруші «ТЗК[...]» өндірістік кооперативінің (бұдан әрі – ӨК, Кооператив) Қазығұрт ауданы әкімдігіне 2013 жылғы 15 шілдедегі №350 қаулыны жарамсыз деп тану туралы арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2019 жылғы 9 қазандағы шешімін және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 19 желтоқсандағы қаулысын қайта қарау туралы арыз беруші «ТЗК[...]» ӨК-і өкілінің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
«ТЗК[...]» ӨК-і сотқа жоғарыда көрсетілген арызбен жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2019 жылғы 9 қазандағы шешімімен Кооперативтің арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 19 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Арыз беруші Ж[...] өтінішхатында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) өтінішхат уәждерін талқылап, іс бойынша арыз беруші өкілінің өтінішхат уәждерін қолдаған түсінігін, мемлекеттік орган өкілінің өтінішхатқа қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын тексеріп, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік
құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша сот сатылары мұндай заң бұзушылықтарға жол берген.
Іс құжаттарына қарағанда, «ЗК[...]» ӨК 2002 жылғы 23 қаңтардан бастап мемлекеттік тіркеуде тұрады.
Оңтүстік Қазақстан облысы, [...] әкімдігінің 2002 жылғы 8 ақпандағы № 72а қаулысымен «ЗК[...]» ӨКне Жаңа базар ауылдық округінің аймағында орналасқан жалпы аумағы 97,5 га жер учаскесі (бұдан әрі – даулы жер учаскесі) 49 жылға уақытша пайдалануға берілген.
Қазығұрт ауданы әкімдігінің 2013 жылғы 15 шілдедегі № 350 қаулысымен жоғарыда аталған қаулының күші жойылып, Кооперативке берілген даулы жер учаскесі ауданның арнайы жер қорына өткізілген.
Аталған қаулының қабылдануына Қазығұрт аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының «ЗК[...]» ӨК-нің тарапынан жер заңнамасының нормалары сақталмай отырғандығы туралы хаты негіз болған.
Атап айтқанда хатта «ЗК[...]» ӨК Қ[...] Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 65-бабын сақтамай, жер учаскесіне сәйкестендіру құжаттарын ресімдемеген, жер учаскесін жалға алу туралы шартын жасаспаған деп көрсетілген.
Алайда жергілікті атқарушы орган 2013 жылғы 15 шілдедегі №350 қаулысын шығарғанда «ЗК[...]» ӨК-де даулы жер учаскесінің қандай негіздер бойынша пайда болғанын ескермеген және осы қаулының заңдылығын тексеру барысында сот сатылары да бұған дұрыс мән бермеген.
Жоғарыда көрсетілген Қазығұрт ауданы әкімдігінің 2002 жылғы 8 ақпандағы № 72а қаулысында «ЗК[...]» ӨК-ге жер учаскесі жер үлесі құқығын беру шарттарына сәйкес 97,5 га (оның ішінде егістік – 33,7 га, одан суармалы егістік – 0,64 га, шабындық - 23,7 га, жайылым – 32,3 га және 7,8 га өзге жер) келісілген жобаға лайық берілсін делінген.
Сонымен қатар осы қаулының орындалуы, яғни ауданның жер есебіне тиісті өзгерістер енгізу, жерді пайдалануға құқық беретін құжаттарды, шартты ресімдеу аудандық жер ресурстарын басқару комитетіне тапсырылған.
Демек қаулының орындалуына жер пайдаланушымен бірге өкілетті орган да тиісті шара қолданбаған.
Бұдан басқа айта кетер жәйіт, Жаңа базар ауылы әкімі жекешелендіру комиссиясының 2002 жылғы 15 қаңтардағы № 454 қаулысына қарағанда, «Қ1[...]» ӨК-нен бөлініп шыққан кезде дәл осы көлемдегі жер учаскесі – 97,5 га «ЗК[...]» ӨК-нің мүшелеріне берілгені.
Содан 2002 жылғы 25 қаңтарда жасасқан жер үлесі құқығы беру шарттары негізінде «ЗК[...]» ӨК-нің мүшелері жер үлесіне құқығы жөніндегі куәлік иесі бола тұра, өз жерге үлес құқығын Кооперативке 49 жыл мерзімге берген. Бұл
құжаттардың заңдылығына дау айтылмаған, Түркістан облысы мемлекеттік архивінде сақтаулы, іске архивтік көшірмелері тіркелген.
Жер кодексінің 43-бабының 11-тармағына сай осы Кодекс қолданысқа енгiзiлгенге дейiн азаматтар мен заңды тұлғаларға бұрын қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берiлген жер учаскелерiне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгiленген жер учаскелерiне құқықтардың өзгеруi ескерiле отырып, заңдық күшiн сақтайды.
Жер кодексіне сәйкес мұндай құжаттарды жер учаскелерiне меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын куәландыратын құжаттарға ауыстыру құқық иеленушілердiң қалауы бойынша жүзеге асырылады.
«ЗК[...]» ӨК-ге жер учаскесiне жер пайдалану құқығы заң талаптарына сәйкес берілгенімен, Жер кодексінің 81-бабында қарастырылған негіздерсіз оның жер пайдалану құқығы тоқтатылған.
Ал 2013 жылғы 17 қыркүйекте «ЗК[...]» ӨК-нің бұрынғы төрағасы Ж[...] (2006 жылдан бері еңбекке жарамсыз мүгедек болып танылған) даулы жерден бас тарту және қаулының күшін жою туралы өтініші Қазығұрт аудандық әкімдігінің дау нысаны болып отырған қаулы шыққаннан кейін берілген.
«Өндірістік кооператив туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15бабының 9, 12-тармақтарына сәйкес, егер жалпы жиналысқа кооператив мүшелерінің немесе олардың сенімді өкілдерінің жартысынан астамы қатысса ол құқылы деп саналады, егер жалпы жиналыстың шешімі үшін жиналысқа қатысқан кооператив мүшелерінің немесе олардың сенім білдірген адамдарының жартысынан астамы дауыс берсе, ол қабылданды деп саналады. «ЗК[...]» ӨК-де жиналыс хаттамасы мен кооператив мүшелері жиналыс өткізбегендіктен жазылған өтініштің күші жоқ екендігін білдіреді және бұл жағдай жер пайдаланушының жер пайдалану құқығынан бас тартуы болып есептелмейді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 267-бабының 1-тармағына сәйкес, егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылады.
Сотта анықталғандай, Кооператив мүшелері даулы жер учаскесін өздеріне тиісті деп санап, осы күнге дейін салықтарын төлеп, жоңышқа, бидай егіп пайдалануда. Ал дау айтылған қаулы Кооперативтің жер учаскесіне қатысты құқығына нұқсан келтіреді және заң талаптарына қайшы болғандықтан, жарамсыз деп танылуға жатады.
Дауланып отырған қаулы туралы «ЗК[...]» ӨК 2019 жылғы 17 мамырда Түркістан облысы, [...] әкімі орынбасарының 2019 жылғы 2 мамырдағы № 1444 хатын алғаннан кейін білген.
Олай болса АПК-нің 294-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген сотқа жүгіну мерзімі арыз беруші үшін өтіп кетпеген.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы жергілікті соттар материалдық заң нормаларын дұрыс қолданбағандықтан, дауланып отырған сот актілерінің күші жойылып, арыз берушінің арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдау қажет деп санайды.
Тиісінше арыз берушінің өтінішхаты қанағаттандырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8)тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2019 жылғы 9 қазандағы шешімінің және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 3 қазандағы қаулысының күші жойылсын.
Іс бойынша арыз берушінің талабын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.
Түркістан облысы, [...] әкімдігінің 2013 жылғы 15 шілдедегі №350 қаулысы жарамсыз деп танылсын.
Қазығұрт ауданы әкімдігіне жол берілген заң бұзушылықтар толық көлемінде жойылып, заңды тұлғаның мүдделерін қалпына келтіру міндеттелсін. Арыз берушінің өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н. Сұлтанов
Судьялар Ш. Иманиязова
З. Кейкібасова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.