Қ А У Л Ы
2023 жылы 24 қазан 6001-23-00-6ап/526 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы ( сот алқасы ) құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Ж.Өміралиев, Ғ.Ө.Әлжанов болып, жауапкер өкілі С[...] және Е[...]
қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «№9 қалалық емхана» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жауапкер «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Шымкент қаласы Абай ауданының санитариялықэпидемиологиялық бақылау басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне іс-әрекетін заңсыз деп тану туралы
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 7 қыркүйектегі шешіміне және жеке ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 желтоқсаныңдағы қаулысына және ұйғарымына жауапкер «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялықэпидемиологиялық бақылау комитеті Шымкент қаласының санитариялықэпидемиологиялық бақылау департаменті Шымкент қаласы Абай ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің келтірген кассациялық шағымымен әкімшілік істі қарастырып,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «№9 қалалық емхана» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны (бұдан әрі - №9 қалалық емхана) аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жауапкер тарапынан тексерудің заңсыз жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша негізсіз бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым қабылданғандығымен негіздеген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 7 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
«Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Шымкент қаласы Абай ауданының санитарлықэпидемиологиялық бақылау басқармасы» республикалық мемлекеттік мекеменің (бұдан әрі - Басқарма) 2022 жылғы 17 мамырдағы тексеруді тағайындау туралы №67 актісі, 2022 жылғы 19 мамырдағы тексеру нәтижелері туралы №67 актісі және бұзушылықтарды жою туралы №67 ұйғарымы заңсыз деп танылып күші жойылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 желтоқсаныңдағы қаулысымен шешім өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында жергілікті соттардын сот актілерімен келіспей, қарау барысында құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актілерін күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруын сұрайды. Алқа отырысында кассациялық шағымын қолдап, ұйғарымдарды бұзуын сұраған уәждерін тындап, іс материалдарын зерттеп, шағымда келтірілген мән-жайларды тексеріп, сот алқасы келесідей тұжырымдарға келеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 168-бабының 1-бөлігіне сәйкес апелляциялық сатыдағы сотта апелляциялық шағым бойынша апелляциялық шағым жасау мен әкімшілік іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2022 жылы 26 сәуірде Шымкент қаласы, [...] экспедициясы Ақбозат көшесі №[...] үй тұрғыны О[...] «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» РММ-не Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы №9 қалалық емхана тарапынан медициналық қызметке қолжетімсіздік тудырып отырғаны жөнінде арызданған.
Аталған арыз 2022 жылы 26 сәуірде Басқармаға мәні бойынша қарау үшін жолданған.
Сонымен қатар, 2022 жылы 29 сәуірде Шымкент қаласы, [...] экспедициясы Ақбозат көшесі №[...] үй тұрғыны О[...] және Түркістан облысы, [...] қарасу елді мекені Жастар көшесі №[...] үй тұрғыны Ш[...] Басқармаға №9 қалалық емханада заң бұзушылықтар орын алғаны туралы арызданған.
Атап өтсе, шағымдарында №9 қалалық емхана ауласында жолдар тегіс болмағаны, ғимараттардың қабырғалары сырланған қабаты түскені, емхананың коридорларында тұрған кушеткалардың қапталған дермантиндері ескіргені, тозғаны, жұқарғаны, жыртылғаны, дез.ерітінділермен өндеуге келмейтіні, пациенттерді қарайтын бөлмеде отырып жатып тұратын кушаткаларға бір реттік төсеніштер төселмейтіні, медициналық қызметкерлер қол жуу режимін сақтамайтыны, фонендоскопты қолданғаннан соң өңделмейтіні көрсетілген.
2022 жылы 12 мамырда Басқарма №9 қалалық емханасын 2022 жылғы 13 мамырдан бастап 20 мамыр аралығында жоспардан тыс тексеру жүргізілетінін хабарлаған.
2022 жылы 17 мамырда Басқармамен №9 қалалық емхананың қызметіне тексеруді тағайындау туралы №67 акті шығарылған.
Бұл акті ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Шымкент қаласы бойынша басқармасында 2022 жылы 17 мамырда №2279111000602012/00068 санымен тіркеуге алынған. 2022 жылы 19 мамырда Басқарма қызметкерлерімен тексеру нәтижелері туралы №67 акті рәсімделген.
Басқармамен 2022 жылы 19 мамырда бұзушылықтарды жою туралы №67 ұйғарым шығарылған.
Бірінші сатыдағы сот, талап қою қанағаттандырылуға жататындығы туралы тұжырымын тексеру тағайындау және оны жүргізу барысында Басқарма тарапынан Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің талаптары өрескел бұзылғандығымен негіздеген.
Сот алқасы, соттың бұл тұжырымын төмендегі мән-жайларға сай заңды әрі негізді емес деп санайды.
Сот отырысында анықталғандай, Басқарма 2022 жылғы 19 мамырдағы №67 санды тексеру нәтижелері туралы актісінде төмендегі:
Қызыл-жар мөлтек ауданы, Жиделибайсын көшесі, №62В мекенжайдағы емхананың «В» корпусына кіре берісіндегі қатты жабын (цемент стяжка) бүтіндігі бұзылған, яғни 2020 жылғы 11 тамыздағы санитариялық қағидалардың 5-тарауы 46-тармағының талаптары сақталмаған;
Қызыл-жар мөлтек ауданы, Жиделибайсын көшесі, №62В мекенжайдағы емхананың «В» корпусына кіре берістегі ғимараттың сыртқы қабырғаларының сырлары түскен, яғни 2020 жылғы 11 тамыздағы санитариялық қағидаларының 5-тарауы 46-тармағының талаптары және тексеру парығының 10, 11 тармақтарының талаптары бұзылған;
Тұрлан мөлтек ауданы, Школьная көшесі, 2 «А» мекен-жайында орналасқан емхана бөлімшесінде коридорда тұрған кушеткалардың қапталған дермантиндері ескірген, тозған, жұқарған, жыртылған, яғни 11.08.2020 жылғы санитариялық қағидаларының 5-тарауы 49-тармағының талаптары және тексеру парағының 12-тармағының талаптары бұзылған;
тексеру кезінде №17 аймақтық дәрігер пациентті фонендоскоппен тыңдаған соң өңдемейтіндігі анықталды, яғни 2018 жылғы 28 тамыздағы санитариялық қағидалардың 3-тарауы 26-тармағының талаптары сақталмаған – деген қорытынды жасаған. Сот, жауапкердің даулы 2022 жылғы 19 мамырдағы №67 санды тексеру нәтижелері туралы актісінде көрсетілген №9 қалалық емхана тарапынан заң бұзушылыққа жол берілген деген қорытындыларына баға беру барысында келесі мән-жайларды анықтаған:
2020 жылғы 11 тамыздағы санитариялық қағидалардың 46-тармағына сәйкес, ағымдағы ақауларды жою дереу жүргізіледі – деп көзделген.
2020 жылғы 11 тамыздағы санитариялық қағидалардың 49-тармағына сәйкес, денсаулық сақтау объектілерінің жиһазы, жабдығы, кіші механизация құралдары және жинау мүкәммалы жуу құралдарына және дезинфекциялау құралдарына төзімді материалдардан қолданылады.
Басқарма тарапынан тексеру нәтижелері туралы актісін және заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымы заңмен белгіленген құзыреті ішінде қабылданған және заңға қайшы емес. Тексеру нәтижелері туралы актісінде және заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымында көрсетілген кемшіліктерді анықтау құзыреті тексеру парағында көрсетілген. Осыған байланысты, бірінші сатыдағы сот шешімі мен жеке ұйғарымы және апелляциялық сатының қаулысы мен ұйғарымының күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауы қажет.
АПК 451-бабы 2 бөлігінің 8) тармақшасына сайкес, кассациялық сатыдағы сот бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттардың шешімін, ұйғарымын, қаулысын өзгертеді немесе бiрiншi сатыдағы сот шешімінің, ұйғарымының, қаулысының немесе апелляциялық сатыдағы сот қаулысының, ұйғарымының күшін толық не бір бөлігінде жоя отырып, егер істің мән-жайын бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сот толық және дұрыс анықтаған, бірақ материалдық құқық нормаларын қолдануда қателік жіберілген болса, істі жаңадан қарауға жібермей жаңа сот актісін шығарады. АПК-нің 451-бабы 2 бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 7 қыркүйектегі шешімі мен жеке ұйғарымының, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 желтоқсаныңдағы қаулысы мен ұйғарымының күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдансын.
Жауапкер «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Шымкент қаласы Абай ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
С.Баймаханов Е. Өміралиев
Судьялар
Ғ. Әлжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.