№6001-25-00-2к/193
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 8 қыркүйек Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:
төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар Д.Д.Махметова, Н.Б.Ормаханов,
талап қоюшылардың өкілі Ж.Б.Сергалиевтың,
жауапкер С.П.Абдраймовтың өкілі А.Т.Уразгалиевтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшылар Акмарал Фаруковна Жумашованың, Айганым Базаровна Койшыгулованың жауапкерлер Садикжан Паттаевич Абдираймовқа, Сайдигани Имамбекович Халмантаевқа материалдық залалды және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық ісі бойынша қабылданған
Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының №2 сотының 2024 жылғы 4 қарашадағы шешіміне, Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қаңтардағы қаулысына талап қоюшылар өкілінің кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшылар А.Ф.Жумашова мен А.Б.Койшыгулова жауапкерлер С.П.Абдираймов пен С.И.Халмантаевтан материалдық залалды және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюмен жүгінген.
Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының №2 сотының 2024 жылғы 4 қарашадағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Жауапкер С.П.Абдираймовтан талап қоюшы А.Ф.Жумашованың пайдасына 356 475 теңге материалдық залал мен 300 000 теңге моральдық зиян және 60 000 теңге өкілдің кызметіне жұмсалған шығын өндірілген. Жауапкер С.П.Абдираймовтан талап қоюшы А.Б.Койшыгулованың пайдасына 300 000 теңге материалдық залал, 500 000 теңге моральдық зиян өтемақысы және 60 000 теңге өкілдің кызметіне жұмсалған шығын өндірілген. С.П.Абдираймовтан мемлекеттік кірісіне 10256 теңге мемлекеттік баж өндірілген. Талаптың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған. Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшылар қабылданған сот актілерімен келіспей, олардың күшін жойып, материалдық және процестік нормалары дұрыс қолданбағандығын, моральдық залалдың өтемақы мөлшері өндірілгенін, келтірілген шығындар жауапкерлерден өндірілуге жататынын көрсетіп, талап қоюды толық қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодекс (бұдан әрі -АК) пен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» 2015 жылғы 27 қарашадағы №7 нормативтік қаулысының (бұдан әрі -НҚ) талаптарын басшылыққа алып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге соттар заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны 2023 жылғы 11 қарашада, жауапкер С.П.Абдираймов «Камаз» маркалы автокөлікті бағдаршамның тыйым салынған белгісінен өтіп, жол жүру ережесі қауіпсіздігін сақтамай, бағдаршамның рұқсат етілген белгісіне өтіп бара жатырған, жүргізуші А.М.Койшыгуловтың басқаруындағы «Toyota Hilux» маркалы автокөлігімен соқтығысып, қылмыстық теріс қылық жасаған.
Жауапкер С.П.Абдираймов 2024 жылғы 16 шілдедегі сот үкімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнің (бұдан әрі - ҚК) 345бабының 2-бөлігімен қылмыстық жауаптылыққа тартылған.
Жол көлік оқиғасы салдарынан автокөлік жолаушылары А.Ф.Жумашованың денсаулығына ауырлығы орташа зиян, А.Б.Койшыгулованың бет-әлпетінің тыртығы қалпына келмейтіндей бұзылуымен денсаулығына ауыр зиян келтірілген. Нәтижесінде талап қоюшылар әр-түрлі дене жарақаттарымен қалалық көпбейінді ауруханаға медициналық көмекке және сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысы мен сотқа қатысу үшін адвокаттың қызметіне жүгінуге мәжбүр болған. Аталған шығындар іс құжаттарымен расталған.
Сондықтан АК-нің 917, 931-баптары басшылыққа алынып, жауапкер С.П.Абдираймовтан талап қоюшы А.Ф.Жумашованың пайдасына 356 475 теңге, ал талап қоюшы А.Б.Койшыгулованың пайдасына 300 000 теңге материалдық залал дұрыс өндірілген.
Моральдық зиянды өндіру үшін негіздер бар, өйткені жауапкер С.П.Абдираймовтың қылмыстық іс-әрекеті салдарынан талап қоюшылардың денсаулығына зиян келтірілген. Нәтижесінде олардың өзіндік мүліктік емес
құқықтарының бұзылуы орын алғандығын, денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлығын, күні бүгінге дейін тән және жан азабын тартуда екендігін, сондай-ақ, жауапкердің отбасылық және мүлiктiк жағдайын, әсіресе оның қамқорлығында кәмелетке толмаған балалары барын, кiнәсiнiң түрі абайсыздықта орын алғандығын ескеріп, АК-нің 951-952-баптары мен НҚның 7-тармағының талаптарына сәйкес сыйымдылық пен әділдік өлшемшарттарын негізге алып, сот өтемақы мөлшерін дұрыс анықтаған. Кассациялық шағымда талап қоюшылардың жол көлік оқиға салдарынан келтірілген материалдық залал мен моральдық зиян жауапкерлер С.П.Абдираймов пен С.И.Халмантаевтан толық көлемде өндірілуге жатады деген уәждерін кассациялық сот негізсіз деп санайды.
Себебі С.П.Абдираймов көлік иесімен келісім бойынша көлікті иеленіп басқарған және ол көлікті басқару үшін сақтандыру полисіне жазылған. Яғни бұл жауапкер көлікті заңды негiзбен басқарған.
Сондай-ақ, С.П.Абдираймовтың көлік иесі С.И.Халмантаевпен еңбек қатынасында болғаны және оның тапсырмасы бойынша жұмыс істегені туралы деректер анықталмаған, ол жөнінде құжаттар сотқа ұсынылмаған.
Керісінше С.П.Абдираймовтың автокөлікті басқару кезінде құқыққа қайшы әрекетімен талап қоюшыларға зиян келтіргені анықталған. С.И.Халмантаевтың құқыққа қайшы әрекеттерi, жәбiрленушiлерге келтірілген зиянға қатысты бар екені анықталмаған.
НҚ-ның 13-тармағын басшылыққа алып, материалдық зиянды өтеу мiндетi автокөлікті заңды негізбен иеленіп басқарып, көліктегі қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған жауапкер С.П.Абдираймовқа жүктелу қажет деген тұжырымдарын кассациялық сот дұрыс деп санайды. Шағым уәждері жергілікті соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшылар өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Судьялар
Г.Джаппарова
Д.Махметова
Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.