ВС РК - Постановление от 22.02.2021 по делу 6001-20-00-3Г/6639 (Гражданское)

6001-20-00-3Г/6639

Қ А У Л Ы

2021 жылғы 22 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Т. Ибрашев,

талап қоюшы С[...] жауапкерлер «АФФ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен (бұдан әрі Серіктестік), жеке сот орындаушысы И[...] атқарушылық жазба бойынша ақша сомасын өндіру туралы талап қою арызы бойынша қабылданған

Көкшетау қалалық сотының 2020 жылғы 27 шілдедегі және Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 01 қазандағы ұйғарымдарын қайта қарау туралы С[...] келтірген өтінішхатын материалды сұрату арқылы алдын ала қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

С[...] сотқа жоғарыда аталған талап қою арызымен жүгінген.

Талаптарының уәждерін Серіктестіктің пайдасына 440 946 теңге өндіру туралы атқарушылық жазбаның күші сот шешімімен жойылғанын негіздеп, өзінің пайдасына: Серіктестіктен - 95 765 теңге, жеке сот орындаушы И[...] (бұдан әрі – ЖСО) - 23 939 теңге өндіруді сұраған.

Көкшетау қалалық сотының 2020 жылғы 27 шілдедегі ұйғарымымен талап қою арызы қабылдаудан бас тартылған.

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 01 қазандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арызданушы жергілікті соттардың талап бойынша қабылдаған шешімдерімен келіспей, бірінші сатыдағы сот талап арызын қабылдаудан бас тарта отырып, қандай кемшілік орын алғанын және кемшілік болған жағдайда оны жою тәртібін мүлдем көрсетпегенін алға тартып, дауланған сот актілерінің күшін жоюды, талаптарын қанағаттандыру туралы шешім қабылдауды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Өтінішхат уәждері мен азаматтық іс құжаттарын зерделеп, судья мұндай негіздер бар деген тұжырымға келеді.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Ақмола облысы Көкшетау қаласының жеке нотариусы Р[...] 2019 жылғы 2 қазандағы № 7664 атқару жазбасымен Серіктестіктің пайдасына С[...] 434 438 теңге қарыз сомасы өндірілген.

2019 жылғы 29 қазанда ЖСО И[...] С[...] аталған соманы өндіріп алу туралы қаулы қабылдаған.

Атқару өндірісінің аясында ЖСО И[...] С[...] Серіктестіктің пайдасына 95 765 теңге, өз қызметтері үшін 23 939 теңге өндірген.

Көкшетау қалалық сотының 2020 жылғы 29 қаңтардағы шешімімен С[...] шағымы негізінде жоғарыда аталған атқарушылық жазбаның күші жойылған.

Қызылорда қалалық сотының 2020 жылғы 26 маусымдағы ұйғарымымен С[...] жауапкерлерден жоғарыда көрсетілген сомаларды өндіріп алу туралы талап арызы, АПК-нің 151-бабының 1-тармағы негізінде ( азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды ) қабылдаудан бас тартылған.

Бұл ретте, сот өз тұжырымында атқарушылық жазба сот актісіне теңестірілетінін, АПК-нің 247-бабының ережелерін аналогия бойынша қолдану арқылы С[...] сот шешімін (атқарушылық жазбаны) бұру туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы екенін көрсеткен . АПК-нің 247-бабының 1-бөлігіне сәйкес заңды күшіне енген, толық немесе бір бөлігінде орындалған бірінші сатыдағы сот шешiмiнің, апелляциялық және кассациялық сатылардағы сот қаулысының күшi жойылған және сот талап қоюдан толық немесе оның бір бөлігінен бас тарту туралы жаңа шешiм шығарған жағдайда талап қоюшыдан күшi жойылған шешiм бойынша ол алғанның барлығы өндiрiп алынады (шешiмнiң орындалуын бұру).

Бұл норманың 2-бөлігіне сәйкес шешiмнiң орындалуын бұру орындалған сот шешімі толық немесе бір бөлігінде күшін жойған және іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы ұйғарым немесе талапты қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарылған жағдайда да жүргізіледі. Осы іс бойынша С[...] соманы өндіру туралы сот шешімі және оның күшін жою туралы жаңа сот актісі жоқ, ал сот шешімін бұруға осы екі шарт болған жағдайда ғана жол беріледі. Ал, қолданыстағы заңнамада атқарушылық жазбаның орындалуын бұруды реттейтін нормалар көзделмеген.

Өз кезегінде, С[...] Қызылорда қалалық соты көрсеткен жолымен Көкшетау қалалық сотына атқарушылық жазбаның орындалуын бұру туралы арызбен жүгініп , сұрау бөлігінде Серіктестіктен 95 765 теңге және ЖСО И[...] 23 939 теңге өндіріп беруді талап еткен.

Аталған сот ұйғарымына шағым жасалмаған, заңды күшіне енген.

Көкшетау қалалық сотын қолдаған Ақмола облыстық соты АПК-нің 151-

бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, арыз азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға және шешуге жатпайды деген тұжырым жасап, талап қою арызын қабылдаудан бас тартқан.

Аталған баптың 4-бөлігіне сәйкес егер іс азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға және шешуге жатпаса, соттың талап қою арызын қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарымында талап қоюшыға қай органға жүгінгені дұрыс болатыны көрсетілетіні көзделген.

Соттар өз тұжырымдарында С[...] сотқа қойған талабы азаматтық тәртіпте қаралуға жатпайтынын көрсете отырып, оны шешудің басқа жолдары мен құқығын қорғау тәсілін, қайда жүгіну қажеттігін көрсетпеген . Сондай-ақ, С[...] қойылған талаптың мазмұнына мән бермей формальді түрде бас тартқан.

Сонымен қорытындылай келе, С[...] бірінші жүгінген Қызылорда қалалық соты оған құқығын қорғаудың заңға қайшы келетін жолын көрсетсе, екінші - Көкшетау қалалық соты аталған талап сотта мүлдем қаралуға жатпайды деп өндіріске қабыдаудан бас тартып отыр.

Бұл ретте С[...] құқықтық тығырыққа тап болып отыр , өйткені күші жойылған атқарушылық жазба бойынша соманы өндіру туралы талап арызы мен атқарушылық жазбаны бұру туралы арызы да Қызылорда және Көкшетау қалалық соттарымен қабылдаудан бас тартылған, яғни құқықты қорғаудың екі тәсілімен де талаптары түпкілікті шешімін таппаған.

Қарастырылып отырған жағдайда, Қызылорда қалалық сотының 2020 жылғы 26 маусымдағы ұйғарымы, АПК-нің 151-бабының 3-бөлігіне сәйкес Көкшетау қалалық сотының С[...] арызын талап қою тәртібімен қарауға кедергі келтіреді.

Өз кезегінде, кассациялық сатыдағы сот, АПК-нің 449-бабының 2-бөлігіне сәйкес заңдылық мүддесiнде өтінішхат шегінен шығып, Қызылорда қалалық сотының 2020 жылғы 26 маусымдағы ұйғарымының күшін жою қажет деп санайды.

Көрсетілген сот актілері С[...] Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабында бекітілген құқықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен сот арқылы қорғау құқығын бұзып отыр. Істің бұл тұрғысында, Қызылорда, Көкшетау қалалық және Ақмола облыстық соттарының қабылдаған сот актілерінің күші жойылып, С[...] арызы талап қою тәртібімен АПК-нің 148-бабымен нысаны мен мазмұны бойынша сәйкестігін тексеру үшін талап арызды қабылдау сатысынан Көкшетау қалалық сотына жолдануға жатады.

Арызданушының өтінішхатта келтірген уәждері назарға алынуға жатады, өйткені іс құжаттарын зерттеу жоғарыда көрсетілгендермен жиынтығында іс үшін маңызы бар мән-жайлардың және дау айтылған сот актілерін кассациялық сатыдағы сот отырысында қайта қарауға жататын негіздердің бар екенін көрсетеді.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

Көкшетау қалалық сотының 2020 жылғы 27 шілдедегі және Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 1 қазандағы ұйғарымдарын қайта қарау туралы С[...] келтірген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі кассациялық сатыдағы сот алқасына берілсін. Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.

Судья Т. Ибрашев

Көшірмесі дұрыс Судья Т. Ибрашев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.