ҚАУЛЫ
2023 жылы 12 қыркүйек 6001-23-00-6ап/205 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі
сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Ш.Т.Даниярова,
судьялар – Өміралиев Е.Ж., Ғ.Ө.Әлжанов болып,
жауапкердің өкілі Б[...], мүделлі түлғалардың өкілі Д[...], Н[...], Б[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Д[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы» мемлекеттік мекемесіне қатысты ведомствоаралық қабылдау комиссиясының хаттамалық шешімін заңсыз деп тану, кәсіптік даярлыққа қосуды міндеттеу туралы талап қоюы бойынша қабылданған,
Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 15 маусымдағы шешіміне, Ақмола облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 қарашадағы қаулысына жауапкердің өкілі Ж[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Д[...] (бұдан әрі – Д[...]) жауапкер «Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Академия) қатысты ведомствоаралық Комиссияның шешімін заңсыз деп тану, талап қоюшыны 2022 жылдың 5 қаңтарында басталған алғашқы кәсіптік даярлыққа қосуын міндеттеу туралы әкімшілік талап арызбен сотқа жүгінген.
Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 15 маусымдағы шешімімен Д[...] талап қоюы ішінара қанағаттандырылған.
Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының 2021 жылғы 24 желтоқсанда шығарылған ведомствоаралық қабылдау комиссиясының талап қоюшы Д[...] кандидатурасына қатысты бас тарту туралы шешімі заңсыз деп танылған, бұл бөлікте оның күші жойылған. Талап қоюшыға қатысты жіберілген кемшіліктерді, шешім заңды күшіне енгеннен соң, он бес күн мерзімде жоюға міндеттелген.
Әкімшілік талап арыз қалған бөлігінде қанағаттандырусыз қалдырылған. Ақмола облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 2022 жылғы 3 қарашасындағы қаулысымен шешім өзгеріссіз, талап қоюшының және жауапкердің апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылды.
Кассациялық шағымында жауапкердің өкілі Ж[...] жергілікті соттардың шешімдерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып талаптарды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұрады.
Жауапкер мен мүделлі тұлғалардың өкілдерін кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге орын алмаған.
Талап қоюшы Д[...] Академияға алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеуге жіберіліп, емтихан нәтижелері бойынша 90,77 балл жинақтаған.
Алайда, Академияның ведомствоаралық қабылдау комиссиясының 2021 жылғы 24 желтоқсандағы шешімімен талап қоюшыға алғашқы кәсіптік даярлықтан өтуден бас тартылды.
2022 жылғы 21 қаңтардағы Академия ректорының жазбаша жауабында «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 6-бабындағы 1-тармағының талаптарына Д[...] кандидатурасының сәйкес келмеуіне сілтеме жасалған.
Талап қоюшыға алғашқы кәсіптік даярлықтан өтуден бас тартудың нақтылы негізі ведомствоаралық комиссияның хаттамасында да, ректордың жауабында да көрсетілмеген.
ӘРПК-нің 79-бабына, 80-бабының 1-тармағының 4)-тармақшасына сәйкес, әкімшілік акт заңды және негізделген болуға тиіс. Әкімшілік акт түсіну үшін анық болуға, бірізді қолдануды қамтамасыз етуге, оның күші қолданылатын адамдар қатарын толық айқындауға тиіс.
Жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда қабылданған әкімшілік актіде мыналар көрсетіледі: әкімшілік актіні қабылдаған кезде шешілетін мәселелердің сипаттамасы және әкімшілік актінің негіздемесі.
Апеляциялық сот алқасы әкімшілік актіге қойылатын жалпы талаптарды, ҚР «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 6-бабындағы 2- тармағымен көзделген құқық қорғау қызметіне қабылдамауға негіз болатындығын, талап қоюшының әкесі О[...] 2022 жылғы 20 қаңтардағы жағдайы бойынша соттылығы жоқ екендігін ескере отырып, бірінші саты сотының талап қоюшының талап арызын ішінара қанағаттандыру туралы шешімін заңды және негізді деп дұрыс тұжырымға келді.
Сонымен қатар, сот алқа талап қоюшыны 2022 жылдың 5 қаңтарында басталған алғашқы кәсіптік даярлыққа қосуды міндеттеу туралы әкімшілік талабын қанағаттандырудан бас тарту туралы бірінші сатыдағы шешімінің бөлігімен келісіп, мұндай жағдайды ескерді: алғашқы кәсіптік даярлық үш кезеңнен тұрады: 1) Академияда оқыту; 2) тағылымдамадан өту; 3) қорытынды емтихан, барлығына алты ай уақыт бөлінген.
Талап қоюшының кінәсінің бар-жоғы маңызды емес, өйткені Академияның тыңдаушылары оқу бағдарламасын толық меңгеру қажет.
Жауапкердің кассациялық шағымдарында көрсеткен уәждері сот актілерін күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды, себебі шағымдарда келтірілген уәждер соттармен толық зерделеніп, оларға дұрыс құқықтық баға берілген.
Істі қарау барысында, материалдық және процестік құқық нормалары толық сақталғаны және іс бойынша анықталған мән-жайларға дұрыс баға берілгендіктен, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 15 маусымдағы шешімі, Ақмола облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкердің өкілі Ж[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Ш.Даниярова
Е.Өміралиев
Судьялар
Ғ. Әлжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.