№6001-23-00-6ап/925
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 14 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның прокуроры К[...],
жауапкердің өкілі М[...] қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы С[...] жауапкерлер Сырдария ауданы әкіміне, «Сырдария аудандық жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне әкімшілік актілерге дау келтіру туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 желтоқсандағы ұйғарымы мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 ақпандағы ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 желтоқсандағы ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 ақпандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, іс бойынша шығарылған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
ӘРПК-ні Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы жауапкер өкілінің пікірін, прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігі 15) тармақшасына сәйкес сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Іс материалдарынан анықталғандай, талап қоюшы Қызылорда облысы, [...] гектар жерге қатысты Сырдария ауданы әкімінің 2014 жылғы 11 қарашадағы №440 және 6 гектар жерге қатысты 2016 жылғы 1 наурыздағы №66 қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.
Талап қоюшы өткізіп алынған талап қоюды беруге арналған мерзімді қалпына келтіру жайлы арызында, Сырдария ауданы әкіміне, Жер қатынастары бөліміне бірнеше рет арызбен жүгінгенін, 10 гектар жерге қатысты құжаттарын ала алмай жүргенін, соңғысы 2022 жылғы 22 қыркүйектегі хатымен тұрақты жер пайдалану құқығынан ұзақ мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығына жерлерді рәсімдеу қажеттілігі хабарланғанын көрсеткен. Сол уақытта өзінің құқығының бұзылғанын білгенін білдірген.
Жергілікті соттар, талап қоюды кері қайтарып, талап қоюды беруге арналған мерзімді дәлелді себеппен өткізіп алғаны туралы дәлелдемелерді талап қоюшы ұсынбаған, сондықтан өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруге негіздер жоқ екендігі туралы дұрыс тұжырымға келген.
Соттардың бұл тұжырымы негізді, материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.
Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған. Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 желтоқсандағы ұйғарымы мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 ақпандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.