ВС РК - Постановление от 18.05.2022 по делу 6001-22-00-6КА/63 (Об административном правонарушении)

6кп-42/22

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 18 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья А.Қ.Қыдырбаева, судьялар Б.Б.Шермұхаметов, М.Таймерденов, прокурор Т[...], уәкілетті органның өкілі Е[...], адвокат М[...], әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған тұлға Т[...] қатысуларымен,

бейнеконференц байланыс жүйесі арқылы ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен Т[...] қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 408-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Қарағанды облысы, [...] бөлімінің 2021 жылғы 5 тамыздағы қаулысымен Т[...] ӘҚБтК-нің 408бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 29 170 теңге мөлшерінде айыппұл салынған.

Қарағанды облысы Шет аудандық сотының 2021 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысымен аталған уәкілетті органның қаулысының күші жойылған.

Қарағанды облыстық сотының 2021 жылғы 19 қазандағы қаулысымен аталған сот актісі өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған қаулыны қайта қарауды көрсетілген.

Іс құжаттарын зерделеп, прокурор Т[...], адвокат М[...] ұсынуды қолдаған, уәкілетті органның өкілі Е[...] Шет ауданы Полиция бөлімінің қаулысын қолдаған, Т[...] ұсынуды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған пікірлерін тыңдап, ұсынудың уәждерін талқылап, сот алқасы соттардың қаулыларының күші төмендегі мән-жайлардың негізінде жойылуға жатады деген тұжырымға келді.

Әкімшілік іс құжаттарынан жүргізуші Т[...] 2021 жылғы 4 тамызда сағат 22:50 шамасында Алматы-Екатеринбург тас жолында мемлекеттік белгісі [...] «Ниссан Альмира» маркалы автокөлігімен Т[...] тиесілі жылқы малын қағып кеткені анықталған. Осы факті бойынша уәкілетті органның қаулысымен Т[...] ӘҚБтК-нің 408бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сот ӘҚБтК-нің 44-тарауы (әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органның (лауазымды адамның) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағым жасау) бойынша Т[...] келтірген шағымын қарап, уәкілетті органның қаулысының күшін жойған. Апелляциялық сатыдағы сот аталған қаулыны өзгеріссіз қалдырған.

ӘҚБтК-нің 827-бабының бірінші бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органның (лауазымды адамның) әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) және (немесе) шешімімен құқықтары мен бостандықтары тікелей қозғалатын адам әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың жасалуы, іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларының қолданылуы, сараптама тағайындау және оны жүргізу тәртібі бойынша заңның бұзылуына, өзге де әрекеттерге (әрекетсіздікке) және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараудың нәтижелері бойынша және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым (наразылық) бойынша қабылданатын шешімдерді қоспағанда, шешімдердің қабылдануына жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) және (немесе) сотқа шағыммен жүгінуге құқылы.

Жергілікті соттар ӘҚБтК-нің 44-тарауының ережелері бойынша істі қарау барысында ӘҚБтК-нің 827-бабының 1-бөлігін бұза отырып, іс бойынша полицияның қаулысын қайта қараған. Яғни заңмен көзделген тыйым салуды бұзған.

Осыған орай бірінші сатыдағы сотпен қабылданған қаулының күші

жойылып, іс жаңадан сот қарауына жолдануға жатады.

Істі жаңадан қарау барысында сот жоғарыда көрсетілген кемшіліктер мен заң бұзушылықтарды ескере отырып, іс бойынша барлық дәлелдемелерді толық, жан-жақты, объективті тексеріп, қажет болған жағдайда тиісті мамандарды тартып, анықталған мән-жайларға баға беріп, заңға негізделген шешім қабылдауы қажет.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 840-бабының 1) тармағын, 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы,

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 408-бабының 2-бөлігі бойынша Т[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Қарағанды облысы Шет аудандық сотының 2021 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысы мен Қарағанды облыстық сотының 2021 жылғы 19 қазандағы қаулысының күші жойылып, әкімшілік іс жаңадан сот қарауына бірінші сатыдағы сотқа жолдансын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші А. Қыдырбаева

Судьялар: Б. Шермұхаметов

М. Таймерденов

Көшірмесі дұрыс М. Таймерденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.