ВС РК - Постановление от 08.01.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2606 (Административное)

№6001-24-00-6ап/2606

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 8 қаңтар Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Қайржан Жумабаевич Калиевтың жауапкер «Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі» республикалық мемлекеттік мекемесіне несие алған уақытта төлем қабілеті мен борыштық жүктемесінің коэффициентін анықтаған құжаттарыменен танысып көшірмесін алуды сұраған арызын қанағатандырудан бас тартқан әрекетін заңды деп таныған актісінің күшін жою, «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамының Қайыржан Жумабаевич Калиевтің төлем қабілеті мен борыштық жүктемесінің коэффициентін анықтаған құжаттарыменен танысып көшірмесін алуды сұраған арызын қанағатандырудан бас тартқан әрекетін заңсыз деп танитын акт шығаруды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Алматы қаласының мамандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 маусымдағы ұйғарымы мен Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 шілдедегі ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Қ.Ж.Калиев жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 маусымдағы ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.

Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Жергілікті соттар, талап қоюды кері қайтарып, жауапкермен берілген жауаптар әкімшілік акт болып табылмайды, өйткені олар тек ақпараттықтүсіндіру сипатында болады деп көрсеткен.

Сонымен қатар, жауапты қабылдау арқылы талап қоюшының қоғамдық құқықтық қатынастардағы субъективті құқықтары немесе міндеттері белгіленбейді, өзгертілмейді немесе тоқтатылмайды деген дұрыс тұжырымға келген.

Соттардың бұл тұжырымы заңды болып табылады.

ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасына сай, сот, іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

ӘРПК-нің 3-бабы жетінші бөлігінің 2) тармақшасына сай, іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.

Талап қоюшыға «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамының Ақтөбе облыстық филиалына, филиал орналасқан жері бойынша талап қоюмен, азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жалпы соттың қарауына жүгінуге құқылы екендігі дұрыс түсіндірілген.

Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.

Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Алматы қаласының мамандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 маусымдағы ұйғарымы мен Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 шілдедегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Қайржан Жумабаевич Калиевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.