6001-22-00-3ГП/324
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 6 қыркүйек Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Ғ.Мырзаке,
судьялар Б.Ералиева, Ж.Қашқынбаева,
жауапкер «S[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктігінің (бұдан әрі – Серіктестік, Өнім беруші) өкілі Б[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «Мұнай және газ ақпараттық талдау орталығы» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - Қоғам, Тапсырыс беруші) жауапкер Серіктестікке мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 27 желтоқсандағы шешімін, Нұр-Сұлтан қаласы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 наурыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Серіктестіктің өкілі Б[...] өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Қоғам Серіктестікке жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 27 желтоқсандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жауапкердің өкілдік қызметіне ақы төлеу бойынша шығындарды өтеу туралы өтініші қанағаттандырусыз қалдырылған.
Нұр-Сұлтан қаласы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Арызданушы өтінішхатында қабылданған сот актілерімен мәні бойынша келісіп, сонымен қатар сот шығыстарын өндіруден бас тарту бөлігінде соттың тұжырымдары процестік құқық нормаларына тікелей қарама-қайшылығын көрсете отырып, осы бөлігінде дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, аталған бөлігінде өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстарын өндіру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сот алқасы жауапкер өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін тыңдап, өтінішхат уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Алайда, жергілікті соттармен сот шығыстарын өндіру бөлігінде мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Сотпен анықталғандай, Қоғам және Серіктестіктің арасында 2021 жылғы 17 қыркүйектегі №148/иац-21 жалпы сомасы 6 900 000 теңге құрайтын қызметкерлерге медициналық қызмет ұсыну бойынша мемлекеттік сатып алу шарты жасалған (бұдан әрі - Ш[...]).
2021 жылғы 25 қазанда Серіктестік республиканың барлық өңірлерінде өз медициналық орталықтар жүйесінің жоқ екенін хабарлаған.
Талап қоюшы, жауапкермен Ш[...] техникалық ерекшелігіне сәйкес келмейтінін және Ш[...] бойынша міндеттемелер тиісінше орындалмағанын көрсетіп, жауапкерді мемлекеттік салып алудың жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Жауапкердің өкілі Б[...] АПК-нің 113-бабына сәйкес сот талқылауы барысында және шешім шығарылғанға дейін сот шығыстарын төлеуге кеткен шығыстарды өтеу туралы өтінішхатпен сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот талап қою арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы тұжырымын Тапсырыс беруші үшін туындаған жағымсыз салдар ретінде тиісті дәлелдемелерді келтірмегенімен, жауапкер талап қоюшының қызметкерлеріне медициналық қызметтерді тиісті түрде және жасалған шарттың талаптарына сәйкес көрсеткенімен негіздеген.
Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін заңды және негізді деген тұжырымға келген.
Сот алқасы жергілікті соттардың бұл тұжырымдарын заңды және негізді деп санайды.
Сонымен қатар, жергілікті соттар жауапкер өкілінің қызметіне ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеу туралы өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдыра отырып, талап қоюшының жосықсыз қатысушы деп тану туралы талабы оның міндеті деген қорытындыға келген.
Алайда, сот алқасы жергілікті соттардың бұл тұжырымдары сот шығыстарына қатысты процестік құқық нормаларына сәйкес келмейді деп санайды.
АПК-нің 109-бабының 1-бөлігіне сай сот, өзінің пайдасына шешім шығарылған тарапқа іс бойынша жұмсалған барлық сот шығыстарын басқа тараптан алып береді. Егер талап қою ішінара қанағаттандырылса, онда шығыстар талап қоюшыға – талап қою талаптарының сот қанағаттандырған мөлшеріне пропорционалды, ал жауапкерге талап қоюшының талап қою талаптарынан бас тартылған бөлікке пропорционалды түрде алып беріледі.
АПК-нің 113-бабының 1-бөлігімен белгіленгендей сот пайдасына шешім шығарылған тараптың өтінішхаты бойынша процеске қатысқан және осы тараппен еңбек қатынастарында тұрмаған өкілдің (бірнеше өкілдің) көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстарын тараптың іс жүзінде жұмсаған шығыстары мөлшерінде басқа тараптан алып береді. Мүліктік талаптар бойынша осы шығыстардың жалпы сомасы талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінің он пайызынан аспауға тиіс. Мүліктік емес сипаттағы талаптар бойынша шығыстар сомасы ақылға қонымды шектерде өндіріліп алынады, бірақ ол үш жүз айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.
Сотқа серіктестік пен оның өкілі - заң консультанты Б[...] арасында жасалған заң көмегін көрсету туралы шарттың көшірмесін және екінші деңгейлі банктен төлем жасау туралы төлем тапсырмасын ұсынылған. Заң кеңесшісі 2017 жылдан бастап мемлекеттік кірістер органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелген.
Заң консультантына төлем жеке кәсіпкер Б[...] ретінде тіркелген екінші деңгейлі банктің есеп айырысу шотына жүргізілген, ол төлем тапсырмасымен расталған. Өкіл жауапкермен еңбек қатынастарында болмаған. «Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 9 нормативтік қаулысының 15-бабында берілген түсіндірмелерге сәйкес АПК-нің 226-бабының алтыншы бөлігіне және Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының «Сот шешімі туралы» 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 пормативтік қаулысының 17-тармағына сәйкес шешімнің қарар бөлігінде сот шығыстарының бөлінуі туралы жазылуы тиіс.
Сотпен шешімді қабылдаған кезде әрбір азаматтық іс бойынша шешілуі тиіс мәселе:
-сотқа жүгінген кезде талапкер не талапкер және жауапкер мемлекеттік баж төлеуден босатылған болса мемлекетке сот шығыстарын өндіру жөнінде.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінішхатта көрсетілген мән-жайлар өз дәлелін тапты деп санайды.
Жергілікті соттармен іске қатысты барлық құқықтық маңызы бар мән-жайлар дұрыс айқындалған. Алайда өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстарды өндіру туралы өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыру туралы бөлігі процестік құқық нормаларына сәйкес келмейді.
Өз кезегінде, АПК-нің 427-бабының 6-бөлігінде қарастырылғандай сот шығыстарын бөлу туралы мәселенің шешілмеуі немесе дұрыс шешілмеуі сот шешімінің күшін жою немесе оны өзгерту үшін негіз болып табылмайды. Сот шығыстарын бөлу қаулының қарар бөлігінде көрсетіледі.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 27 желтоқсандағы шешімі, Нұр-Сұлтан қаласы сотының
азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
«Мұнай және газ ақпараттық талдау орталығы» акционерлік қоғамынан «S[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына 250 000 (екі жүз елу мың) теңге өкілдің қызметіне ақы төлеу бойынша шығыстар өндірілсін.
«S[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Б[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші: Судьялар
Ғ. Мырзаке
Б. Ералиева
Ж. Қашқынбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.