6001-22-00-6ап/2375
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 21 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б.Дуйсенбаев, судьялар – Б.Т.Нажмиденов, Г.К.Нурбаев болып,
талап қоюшы өкілі Б[...],
жауапкер өкілі Б[...] қатысуларымен,
бейнеконференцбайланыс жүйесін қолданумен ашық сот отырысында талап қоюшы «КС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – ЖШС) жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – «Азаматтарға арналған үкімет») қайта тіркеуден бас тарту туралы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою және заңды тұлғаны қайта тіркеуді міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 шілдедегі қаулысына келтірілген талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюлармен жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 11 сәуірдегі шешімімен Азаматтарға арналған үкіметтің Түркістан облысы бойынша филиалының Отырар аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің 2022 жылғы 26 қаңтардағы №11 бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен бірінші сатылы соты шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюшының талабын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған. Талап қоюшы кассациялық шағымында апелляциялық саты сотының тұжырымдарымен келіспей, оның күшін материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына орай жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Сот алқасы, шағымның уәждерін қолдаған талап қоюшы өкілінің түсіндірмелерін, жауапкер өкілінің қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждері мен қарсы пікірді зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, талап қоюшы – ЖШС-ік 2004 жылдың 26 сәуірінен бастап жұмыс жасайды.
Оның негізі мақсаты коммерциялық ұйым ретінде табыс табу болып табылады.
ЖШС-нің 2021 жылғы 24 желтоқсандағы хаттамасымен жеке кәсіпкер (бұдан әрі – ЖК) «СҚ[...]» мүшелікке кіруге, ал «ВEC[...]», «IAK[...]» ЖШС-рі, «ЖАС ҰЛАН» ЖК, «Ерсін», «ӘСЕЛ» және «ҚОС-ҚОҢЫР» шаруа қожалықтарының мүшеліктен шығу туралы өтініштері қаралып, қанағаттандырылған.
Осыған орай 2022 жылдың 25 қаңтарында ЖШС-гі серіктестікті қайта тіркеу мақсатымен жауапкерге жүгінген.
Жауапкердің 2022 жылғы 26 қаңтардағы №11 бұйрығымен ЖШС-нің қатысушысы (құрылтайшысы) С[...] терроризм мен экстремизмді қаржыландырумен байланысты тұлғалардың тізіміне қосылғандықтан қайта тіркеуден бас тартылған.
«Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 12-бабымен уәкілетті орган терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесін жасайды, өзінің интернет-ресурсында орналастырады және оны тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға электрондық түрде жіберетіндігі көзделген.
Бұл ретте заңнама аясында Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі уәкілетті орган болып табылады.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда ЖШС-нің қатысушысы (құрылтайшысы) С[...] терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген, бұл жағдай талап қоюшымен жоққа шығарылмаған және сот отырыстары барысында кері дәлелін таппаған.
ӘРПК-нің 84-бабының бірінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасын бұзу, егер мұндай бұзу дұрыс емес әкімшілік акт қабылдауға алып келсе не алып келуі мүмкін болса, әкімшілік актіні заңсыз деп тану үшін негіз болып табылады.
«Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңының 11-бабының 4-1) тармағымен сот шешімі бойынша тәркіленген және (немесе) өндіріп алынған акцияларды (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерін) қоспағанда, егер заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы) және (немесе) басшысы болып табылатын жеке тұлға жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес енгізілген болса заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеуден (қайта тiркеуден) бас тарту қарастырылған.
Яғни шағымдалған бұйрықты қабылдау барысында жауапкер тарапынан мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.
Сондықтан, апелляциялық саты сотының жауапкердің іс-әрекеттері заңға қайшы келмейтіндігі туралы тұжырымдары негізді, ал оның қабылдаған қаулысы заңды.
Сот алқасы, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, дауланып отырған сот актісі күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы «КС[...]» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Г. Дуйсенбаев
Б. Нажмиденов
Г. Нурбаев
Көшірмесі дұрыс. Судья Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.