6003-25-00-2к/3479
2026 жылғы 17 наурыз Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,
прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшының өкілі А.Айдарханқызының жауапкер Д.Шонабаевтің өкілдері Р.Жумабекованың, Н.Касымбековтың, «Сарыағаш аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі Б.Жандардың қатысуларымен, ашық сот отырысында
талап қоюшы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Департамент) жауапкерлер Даурен Шонабаевке, Сарыағаш ауданы әкімдігіне, «Сарыағаш аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік емес коммерциялық акционерлік қоғамына жер учаскесін сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер Д.Шонабаевтің Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 3 маусымдағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 3 маусымдағы шешімімен Департаментің талап қоюы қанағаттандырылып, «Сарыағаш ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен Д.Шонабаев арасындағы 2018 жылғы 12 маусымдағы №598 және №599 жер учаскелерін жалға беру туралы келісім шарттары жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 3 маусымдағы ұйғарымымен талап қоюдың Сарыағаш ауданы әкімдігінің 2009 жылғы 12 тамыздағы №762 қаулысын және сәйкестендіру актілерін жарамсыз деп тану бөлігінде іс жүргізу тоқтатылған.
Жауапкер Д.Шонабаев кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық шағымды қолдаған жауапкерлердің өкілдері
Р.Жумабекованы, Н.Касымбековты, «Сарыағаш аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі Б.Жандарды, кассациялық шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі А.Айдарханқызын, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор Н.А.Молдахановтың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 147-бабының 1-тармағына сәйкес, жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орган, жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының жер заңдары саласындағы қабылдаған шешімдерінің заңдылығына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүргізеді.
Осы Кодекстің 48-бабының 1-тармағында көрсетілген ерекше жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын беру сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге асырылады.
Іс құжаттарына қарағанда Сарыағаш ауданы әкімінің 2009 жылғы 12 тамыздағы №762 қаулысына сәйкес, Д.Шонабаевқа Сарыағаш ауданы, Дербісек ауылдық округі аумағының арнайы жер қорынан 35,0 га суармалы егістік, 100,0 га суарылмайтын егістік, 488,0 га жайылым, барлығы 623,0 га жер учаскесі шаруа қожалығын жүргізу үшін 49 жыл ұзақ мерзімге өтеулі уақытша пайдалануға жалға берілген.
Аталған қаулы негізінде жер учаскелеріне кадастрлық №19-296-018-024 және №19-296-016-404 сәйкестендіру құжаттары рәсімделіп, «Сарыағаш ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен Д.Шонабаев арасында 2018 жылғы 12 маусымда №598 және №599 жер учаскелерін жалға беру туралы шарттары жасалып, алаңы 35,0 га жер учаскесіне кадастрлық №19-296-016-404 және алаңы 588,0 га жер учаскесіне кадастрлық №19296-018-024 сәйкестендіру актілері рәсімделген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 157-бабының 1-тармағы бойынша (бұдан әрі - АК) мәміле сот оны осындай деп (дауланатын мәміле) тануына байланысты осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша не осылай тануына (маңызсыз мәміле) қарамастан, заңнамалық актілерде тікелей көзделген негіздер бойынша жарамсыз болады.
Мәміленің маңызсыздығы туралы дау туындаған жағдайда, оның жарамсыздығын сот белгілейді.
Даулы жер учаскелері Д.Шонабаевқа сауда-саттық өткізілмей, жер заңнамасының талаптары сақталмай беріліп, даулы шарттар жасалғаны анықталған.
Демек, даулы жер учаскелерін Д.Шонабаевке табыстау кезіңде мемлекеттік органдар тарапынан Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағының талаптары бұзылған, яғни, бұл жер сауда-саттық немесе конкурс қорытындысы бойынша берілмеген.
АК-нің 261-бабының 1-тармағына сай, егер мүлiк оны иелiктен айыруға құқығы болмаған адамнан өтеулі түрде алынып, алушы мұны бiлмесе және бiлуге тиiс болмаса (адал алушы), мүлiктi меншiк иесi немесе меншiк иесi мүлiктi иеленуге берген адам жоғалтқан, не мұның екеуiнен де ұрланған, не олардың иеленуiнен бұлардың еркiнен тыс өзге жолмен шығып қалған ретте ғана меншiк иесi бұл мүлiктi алушыдан талап етiп алдыруға құқылы.
АК-нің 157-1-бабының 2-тармағында жарамсыздығына байланысты және жасалған кезінен бастап жарамсыз болған мәмiлелерді қоспағанда, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерінде өзгеше көзделмесе немесе мәмiленiң мәнiнен немесе мазмұнынан өзгеше туындамаса, жарамсыз мәмiле заңдық салдарларға алып келмейді.
Кассациялық сот, жауапкер Д.Шонабаевтің талап қою мерзімі өткені туралы уәжі негізсіз деп санайды.
АК-нің 180-бабының 1-тармағына сай, талап қою мерзiмiнiң өтуi адам құқық бұзушылық туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен басталады.
Жауапкер Д.Шонабаев талап қоюшыға даулы жер учаскесі мемлекеттік органның еркінен тыс берілгені туралы сотқа талап қоюмен жүгінгенге дейін 3 жылдан аса мерзімде білгенін растайтын дәлелдеме ұсынбаған.
Жауапкердің талап қоюдың соттылығы бұзылған деген уәжі негізсіз, өйткені Департамент мемлекет мүддесі үшін Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптары бойынша жергілікті атқарушылық органдарының актілеріне дау айту туралы талап қоюдың іс жүргізу мүмкіндігі жоқ.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 43-бабында шаруа немесе фермер қожалығының басшысы мен мүшелерінің құқықтары және міндеттері нақты көрсетілген.
Д.Шонабаев шаруа қожалығының басшы ретінде өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті. Сондықтан жауапкердің шаруа қожалығының мүшелері іске тартылмаған, олардың құқықтары бұзылды дегені назарға алынуға жатпайды.
Бірінші сатыдағы сот шешімінің қарар бөлігінде «№588, 599 жер учаскесін жалға беру туралы келісім шарт» деген сөз тіркесінде келісім шарттын «598» деген нөмерін қате «588» деп жазған, алқа қаулысының сиппаттау бөлігінде де келісім шарттын «588» нөмері қате көрсетілген. Бұл
қате АПК-нің 235-бабының, 426-бабының 3-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша қате жазулар мен анық арифметикалық қателердi түзетуге жатады. Мәні бойынша заңды күшіне енген дұрыс сот актісінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылуға жатпайды.
Жауапкердің шағымындағы басқа уәждері соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттардың тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Жауапкердің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 3 маусымдағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер Д.Шонабаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
А.О.Тогумбетова
Судьялар:
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.