Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 02.03.2026 по делу 6003-25-00-2к/4834 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/4834

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 2 наурыз Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып, прокурор Л.Е.Жоламанованың, талап қоюшы өкілі С.Е.Аблаевтың,

жауапкер өкілдері А.А.Абдрамановтың, М.К.Каримованың қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 3 ақпандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 мамырдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшы Жарылкасын Калмаханович Абдрахмановтың жауапкерлер Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне, «Шымкент қаласының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, Шымкент қаласының әділет Департаментіне қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген моральдық зиянның өтемақысын өндіру туралы электрондық азаматтық ісін қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Ж.К.Абдрахманов сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп, онда қылмыстық құдалау органдарының заңсыз іс әрекеттері салдарынан 4 жылдан астам жүргізілген тергеп-тексерудің, 11 ай 19 күн қамауда, 6 ай үйқамақта болып жан азабы мен тән азабын сезінгендіктен, келтірілген 28 250 000 теңге моральдық зиянның өтемақысын өндіруді сұраған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 мамырдағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 3 ақпандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, Қазақстан Республикасының республикалық бюджет есебінен моральдық зиянның өтемақысы ретінде 3 000 000 теңге өндірілген.

Соттармен талап қоюшының заңмен тікелей көзделген даусыз құқығын ескеріп, бұл ретте моральдық зиян мөлшері қамауға аланып, сот үкімімен сотталып, босатылғанға дейінгі аралықта шеккен жан азабының дәрежесі ескеріліп анықталған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспейтіндігін, оларды заңсыз әрі негізсіз деп көрсетіп, соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайларды дұрыс анықтамауына, шеккен жан азабының дәрежесіне дұрыс баға берілмеуіне байланысты сот актілерін өзгертіп, моральдық зиян сомасын 28 500 000 теңгеге көбейтуді сұраған.

Жауапкер Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, моральдық

зиянның мөлшері ақыл-парасаттылық пен әділдік өлшемдерін негізге ала отырып белгіленгендіктен, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған. Жауапкер «Шымкент қаласының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесі кассациялық шағымға байланысты пікірінде қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз іс-қимылдарының салдарынан келтірілген зиянды өтеуге жауапты тұлға болып табылмайтындарын көрсеткен.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, тараптардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi тұрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Соттармен анықталғандай, талап қоюшы Ж.К.Абдрахмановқа қатысты Шымкент қаласының полиция департаментінің Қаратау аудандық полиция бөлімімен 2020 жылғы 29 наурызда қозғалған тергеп-тексеру, 2024 жылғы 12 шілдедегі қаулысымен іс-әрекетінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына тоқтатылған.

Осы аралықта оған «күзетпен ұстау», «үйқамақ» түріндегі бұлтартау шаралары қолданылған, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 қазандағы қаулысымен 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған сот үкімімнің күші жойылып, іс Шымкент қалалық сотына қайта қарау үшін жолданған. Осының салдарынан талап қоюшы жалпы 371 күн заңсыз қамауда, 6 ай ұйқамақта болған.

Даудың туындауына негіз болған істің мән-жайлары сот актілерінде ашып көрсетілген, сондықтан олар қосымша талдауды қажет етпейді.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексiнің 37-бабының 1-бөлігіне сәйкес ақталған адам, сол сияқты өздеріне қатысты қылмыстық iстi осы Кодекстiң 35-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 2), 5), 6), 7) және 8) тармақтарында көзделген негiздер бойынша тоқтату туралы соттың, қылмыстық қудалау органының қаулысы шығарылған күдікті, айыпталушы, сотталушы ақталуға, яғни олардың құқықтары қалпына келтірілуге тиіс және оның Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берілген құқықтары мен бостандықтарын қандай да бiр шектеуге болмайды.

Осы көрсетілген заңның нормасына сәйкес негізсіз қылмыстық қудалауға ұшыраған адамдар зиянды өтеуге құқығы бар.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 923бабының 1-тармағына сәйкес заңсыз соттау, заңсыз қылмыстық жауапқа тарту, бұлтартпау шарасы ретiнде заңсыз қамауға алу, үйде қамауда ұстау, ешқайда кетпеуi туралы қолхат алуды заңсыз қолдану, қамау немесе еңбекпен түзеу түрiндегi әкiмшiлiк жазаны заңсыз қолдану, психиатриялық емдеу мекемесiне немесе басқа емдеу мекемесiне заңсыз орналастыру салдарынан азаматқа келтiрiлген зиянды анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура және сот органдары лауазымды адамдарының кiнәсiне қарамастан, заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен толық көлемде мемлекет өтейдi.

АК-нің 952-бабына сәйкес моральдық зиян ақшалай нысанда өтеледi. Моральдық зиянның мөлшерiн анықтаған кезде жәбірленушінің не оған қарсы жасалған құқық бұзушылық салдарынан ол қайтыс болған жағдайда жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) келтiрiлген адамгершiлiк залалдың ауырлығын субъективті бағалауы да, сондай-ақ жәбiрленушiнiң не ол қайтыс болған жағдайда оның жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) жан азабы мен тән азабының дәрежесiн дәлелдейтiн объективтi деректер де: қол сұғу объектiсi болған игiлiктiң (өмiр, денсаулық, ар-ождан, қадiр-қасиет, бостандық, тұрғын үйге ешкiмнiң тиіспеуi және т.б.) өмірлiк маңыздылығы, өзге де назар аударуға тұратын мән-жайлар ескерiледi.

Соттармен талап қоюшының заңмен тікелей көзделген даусыз құқығын ескеріп, бұл ретте моральдық зиян мөлшері оған қатысты сотқа дейінгі тергептексеру қозғалып, тоқтатылғанға дейінгі аралықта шеккен жан азабының дәрежесі ескеріліп анықталған.

Соттар моральдық зиянды өтеу мөлшерін АК-нің 951-952-баптарының талаптарына сай талап қоюшының жеке мүліктік емес құқықтарының бұзылуына байланысты нақты мән-жайларды, келтірілген адамгершілік азаптарының дәрежесін және зардаптарының ауырлығын ескере отырып айқындалған.

Өтемақы мөлшерін айқындау бөлігінде келіспеу туралы шағымның дәлелдерін назарға алуға болмайды, себебі бұл мәселені шешу соттардың субъективті пікірі болып табылады.

Шағым берілген сот актілерін зерделеу соттардың ұстанымы іс үшін маңызы бар мән-жайларға және сот отырыстарында зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келетінін көрсетті.

Кассациялық шағымда келтірілген уәждер сотардың қарау нысаны болып, даулы сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілгендіктен, олар кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылмайды. Осыған орай, сот актілеріне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін заңда көзделген негіздер болмағандықтан кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 мамырдағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Джаппарова

Судьялар Н.Ормаханов

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.