ҚАУЛЫ
2024 жылғы 2 сәуір 6001-23-00-6ап/3066 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Д. Өмірәлиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «ЭБ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер «Түркістан облысы, [...] әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне шара қолдануға мәжбүрлеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған, Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 тамыздағы ұйғарымына, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 қыркүйектегі ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 тамыздағы ұйғарымымен талап қоюы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтындықтан қайтарылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 қыркүйектегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшылар кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, сотқа жаңадан қарауға жолдауды сұраған.
Тараптар сотқа келген жоқ, келмеуі туралы себептерін сотқа хабарлаған жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы, кассациялық шағымның уәждерімен танысып, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Істің мән-жайларына қарағанда «ЭБ[...]» ЖШС-гі мемлекеттік сатып алуға байланысты Кентау қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесімен жасалған 2021 жылғы 18 қыркүйектегі № 28 келісімшарты мен 2021 жылдың 22 қарашасында № 1 қосымша шартының орындалуына байланысты жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Соттардың талап қоюды қайтарғанда дау талап қоюшы мен жауапкер арасында жария-құқықтық емес, шарттық қатынастан туындағандықтан мұндай талап азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатады деген тұжырымы негізді болып табылады.
ӘРПК-тің 3-бабы жетінші бөлігінің 2) тармақшасына сай іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 тамыздағы ұйғарымы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 қыркүйектегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «ЭБ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттадырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.