ВС РК - Постановление от 02.06.2021 по делу 6001-21-00-3гп/201 (Гражданское)

6001-21-00-3гп/201

Қ А У Л Ы

2021 жылғы 02 маусым Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында

төрағалық етуші – судья Сұлтанов Н.Қ., судьялар Е.Ж.Исмаилов, А.С.Савинова, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бөлім прокуроры Д[...],

талап қоюшы А[...], оның өкілі И[...], жауапкердің өкілі Ә[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының ғимаратында мобилді бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі Комитетінің Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаменті» РММ-не бұйрықты заңсыз деп тану, бұрынғы жұмысқа қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Қызылорда қалалық сотының 2020 жылғы 04 қарашадағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 28 қаңтардағы қаулысына келтірген кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы жауапкердің өтінішхаты бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,

а н ы қ т а ғ а н ы :

Талап қоюшы А[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі Комитетінің Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаменті» РММ-не (бұдан әpi – Департамент) 2020 жылғы 30 шілдедегі № 62 ж/қ бұйрықты заңсыз деп тану, ЗК169/1 мекемесінің кадр саясаты тобының аға инспекторы қызметіне қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Қызылорда қалалық сотының 2020 жылғы 04 қарашадағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған:

  • Департаменттің 2020 жылғы 30 шілдедегі № 62 ж/қ бұйрығы заңсыз деп

  • танылып, күші жойылған;

  • А[...] Департаменттің ЗК-169/1 мекемесінің кадр саясаты тобының аға инспекторы лауазымына қайта орналастырылған;

  • жауапкерден талап қоюшының пайдасына бос жүруге мәжбүр болған

  • уақыты үшін 704161 теңге мөлшерінде орташа жалақысы өндірілген.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 28 қаңтардағы қаулысымен прокурордың өтінішхаты

қанағаттандырылып, бірінші сатыдағы сот шешімі өзгертілген. Шешімнің Департаменттің 2020 жылғы 30 шілдедегі № 62 ж/қ бұйрығын заңсыз деп тану туралы бөлігі өзгертіліп, бұйрықтың тек А[...] қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған. Даулы бұйрықтың қалған бөлігі күшінде қалдырылған. Сот шешімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Департамент өтінішхатта жергілікті соттармен материалдық және процестік құқық нормалары өрескел бұзылғанын, негізге алынған соттардың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, іс бойынша А[...] талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

А[...] пен оның өкілі И[...] өтінішхатқа қарсылық пікірінде апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын өзгеріссіз күшінде, Департаменттің өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Жоғарғы Сот алқасы Департаменттің өкілі Ә[...] өтінішхатты қолдап келтірген уәждерін, талап қоюшы А[...] және оның өкілі И[...] өтінішхатқа қарсылықтарын, прокурор Д[...] іс бойынша шығарылған сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруға негіздердің бар екені туралы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, дауланған Қызылорда облыстық сотының 2021 жылғы 28 қаңтардағы қаулысының күші жойылуға, азаматтық іс төмендегі негіздерге байланысты апелляциялық сатыдағы сотқа қайтадан қаралу үшін жолдауға жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Мұндай заң бұзушылықтар орын алған.

Іс бойынша анықталғандай, А[...] Департаменттің ЗК-169/1 мекемесінің кадр саясаты тобының аға инспекторы қызметін атқарған.

2020 жылғы 05 мамырда Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне (бұдан әрі – СЖҚІҚАД) Департаменттің Қызылорда қалалық пробация қызметі бөлімімінің инспектор-психологы әділет капитаны Ж[...] арызы түскен.

Арызында Ж[...] 2019 жылғы 05 наурызда оған кезекті әділет майоры шенін тез арада алып беруге ықпал жасауға келісімін берген Департаменттің ЗК-169/1 мекемесінің кадр саясаты тобының аға инспекторы А[...] оның сұрауы бойынша 250 000 теңге ақшаны пара ретінде бергенін, соңғының сөзінен ол ақшаны Департамент бастығының орынбасары Ә[...] беру үшін алғанын түсінгенін, алайда бір жыл ішінде оның (арызданушының) мәселесі шешілмегенін, А[...] араларында бірнеше рет болған әңгімелері, соның ішінде ақшаны алу-қайтару туралы сөздері, дыбыс жазу құрылғысына жазылғанын көрсетіп, А[...] заң жүзінде шара қолдануды сұраған.

2020 жылғы 30 маусымдағы сотқа дейінгі тергеп тексеруді тоқтату туралы СЖҚІҚАД тергеушісінің қаулысымен қылмыстық іс бойынша ЗК-169/1 мекемесінің кадр саясаты тобының аға инпекторы А[...] пен осы мекеменің басқа да жауапты тұлғалардың әрекеттерінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты, оларға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің (әрі қарай – ҚПК) 200-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды анықтай отырып, тиiстi мемлекеттiк органдарға, ұйымдарға немесе онда басқарушылық функцияларды орындайтын адамдарға осы мән-жайларды немесе басқа да заң бұзушылықтарды жою жөнiндегі шаралар қолдану туралы ұсыну енгізуге құқылы.

Осыған орай 2020 жылғы 30 маусымдағы қаулысымен сотқа дейінгі тергеп тексеруді тоқтатқан СЖҚІҚАД тергеушісі ҚПК-нің 200-бабына сай Департаменттің өзіндік қауіпсіздік басқармасына А[...] қызметтік мәселесін қарау үшін ұсыныс енгізген. 2020 жылғы 29 шілдедегі қызметтік тергеу қорытындысы Департаменттің тәртіптік комиссиясында қаралып, 2020 жылғы 30 шілдедегі № 145 шешімімен А[...] ішкі істер органдарынан теріс негіздермен жұмыстан шығару ұсынылған.

Департаменттің 2020 жылғы 30 шілдедегі № 62 ж/қ бұйрығымен «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабының 1- тармағы, 17-бабы 8-тармағының, Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 49-бабы 1-тармағының 1, 3, 7 тармақшаларын, 52-бабының, Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің 1-бөлігінің 1-тармағы, 2-бөлігі 13-тармағының талаптарын бұзғаны үшін А[...] Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңының 80-бабы 1-тармағы 13) тармақшасы негізінде ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылған.

Жергілікті соттар талап қою арызын қанағаттандырып, жұмыс беруші А[...] жұмыстан босату туралы бұйрық шығарған күні оның еңбекке уақытша жарамсыздық парағының негізінде жұмыста болмауын, оның тәртіптік теріс қылық жасаған күннен бастап алты айдан астам уақыт өтуіне байланысты жазалануға жатпайтынын ескермей, «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына назар аудармағанын көрсеткен.

Жоғарғы Сот алқасы бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызды мән-жайларды анықтамай, сот отырыстарында талқыланған жәйттарға нақты құқықтық баға бермей, негізсіз сот актілерін қабылдауға жол берген деп санайды.

«Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 57-бабының 10-тармағына сәйкес, қызметкерге тәртiптiк жаза тәртіптік терiс қылық мәлiм болған күннен бастап бiр айдан және тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешiктiрiлмей қолданылады. Қызмет бабында қызметкер бағынатын адамға тәртіптік жаза қолдану құқығы берілгеніне не берілмегеніне қарамастан, тәртіптік теріс қылық жасалғаны туралы белгілі болған, бір айлық мерзім басталатын күн тәртіптік теріс қылық байқалған күн болып есептеледі.

Аталған Заңның 57-бабының 11-12-тармақтарына сай қызметкерге қатысты қызметтік тергеп-тексеру не сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген жағдайларда, кінәлінің ауырғанына байланысты жұмыста болмауы немесе демалыста, іссапарда болуы уақытын есептемегенде, тиісінше тергеп-тексеру аяқталған, қылмыстық істі тоқтату туралы процестік шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей тәртіптік жазалау қолданылады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылған жағдайларда, бірақ қызметкердің әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық белгілері болған кезде, жазалау сотқа дейінгі тергептексеруді тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгілері болған кезде үш айдан кешіктірілмей қолданылады.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар Ж[...] сотқа дейінгі тергеп-тексеру, қызметтік тексеру, тәртіптік комиссия алдында және азаматтық іс бойынша сот отырыстарында кезекті шенді алу үшін 250 000 теңге пара ретінде А[...] 2019 жылғы 05 наурызда табыс етіп, ол ақша 2020 жылғы 05 мамырда СЖҚІҚАД-не арызбен жүгінудің алдында қайтарылғаны туралы айғақтары ескерілмеген.

Сонымен қатар, 2020 жылғы 30 маусымға дейін Ж[...] арызы негізінде А[...] қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, қылмыстық іс тоқтатылып, тергеушінің ұсынысы түскеннен кейін өткізілген қызметтік тексерудің нәтижесінде 2020 жылғы 30 шілдеде, яғни бір ай мерзім өткенге дейін, тәртіптік комиссияның шешімі шығарылып, талап қоюшыға қатысты тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрық қабылданған. Мұндай мәнжайларға жергілікті соттар «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 57-бабының 11-12-тармақтарын қолданып тиісті құқықтық баға бермеген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 8-бабының 3-6 тармақтарына сай азаматтық құқықтарды жүзеге асыру басқа құқық субъектiлерiнiң құқықтарын және заңдармен қорғалатын мүдделерiн бұзбауға тиiс. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын сақтауға тиiс. Азаматтық құқық қатынастарына қатысушылардың адал, парасатты және әдiл әрекет жасауы көзделедi. Азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтiруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейдi. Ешкім де өзінің теріс пиғылды мінез-құлқымен артықшылық алуға құқылы емес.

Жергілікті соттар даулы 2020 жылғы 30 шілдедегі № 62 ж/қ бұйрықты заңсыз деп тануға негіз ретінде ол қабылданған күні жұмыскердің еңбекке жарамсыздық парағында болғанын көрсетіп, АПК-нің 65-68-баптарының

талаптарын орындамай, А[...] тарапынан құқықты теріс пайдалану фактісі орын алғаны және оның іс-әрекеттері АК-нің 8-бабына сәйкес келмейтіні туралы жауапкердің уәждерін назарсыз қалдырып оларға баға бермеген.

Атап айтқанда, жауапкер А[...] тәртіптік комиссия отырысына қатысып, денсаулығының нашарланғаны туралы хабарлар етпегенін, 2020 жылғы 30 шілде, 04 тамыз, 10 тамыз күндері қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты мекемелерде бола тұра басшылыққа, кадр қызметкерлеріне медициналық ұйымында уақытша еңбекке жарамсыздық парағы ашылғанын ескертпеу себебі анықталмағанын, куә Ж[...] 2020 жылғы 30 шілдеде А[...] ЗК-169/1 мекемесінде болған кезде, уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы айтпағаны туралы уәждері сотпен негізге алынбағанын көрсеткен.

«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелерінде медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 09 қазандағы № 828 бұйрығының (бұдан әрі – ІІМ-нің № 828 бұйрығы) 11-тармағына сай қызмет өткеретін жері немесе тұрғылықты жері бойынша әскери-медицина (медицина) бөлімшелері немесе оларда тиісті бөлімшелер, мамандар не болмаса арнайы жабдықтар болмаған кезде медициналық көмек ведомстволық тиесілігіне қарамастан, медициналық ұйымдарда (мекемелерде) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шегінде көрсетілетіндігі көзделген.

Жергілікті соттар А[...] ведомстволық әскери-медицина бөлімшесіне, яғни «Қызылорда облысы полиция департаментінің емханасы» ММ-не жүгініп, сонда медициналық көмек алуға қандай себептер кедергі болғанын және де тұрғылықты жері бойынша № 3 қалалық емханада еңбекке жарамсыздық парағын ашу әрекеттеріне жоғарыда аталған ІІМ-нің № 828 бұйрығында көрсетілген қандай негіздер болғанын анықтамаған.

ІІМ-нің 2019 жылғы 12 сәуірдегі № 1-11-8-95/1264 нұсқауына сәйкес басқа денсаулық сақтау ұйымдарында уақытша еңбекке жарамсыздық парақтарын ашқан жағдайда қызметкер немесе оның тікелей басшысы жүгінген күні медициналық ұйымның атауын көрсете отырып, кадр қызметін хабардар етуге міндетті.

Алайда, А[...] тұрғылықты жері бойынша № 3 қалалық емханада медициналық ем қабылдағаны жөнінде жұмыс берушіні хабардар етпеген, ал бірінші және апелляциялық сатыдағы соттармен оның ведомстоволық медициналық ұйым – «Қызылорда облысы полиция департаментінің емханасы» ММ-сін басқа медициналық ұйымда еңбекке жарамсыздық парағын ашқаны туралы қай уақытта ескерткені, ол ескертуі ІІМ-нің 2019 жылғы 12 сәуірдегі № 1-11-8-95/1264 нұсқауымен көзделген міндетін орындағаны болып есептелуге немесе есептелуге жатпайтыны анықталмаған.

Істің мұндай тұрғысында, іс бойынша қабылданған даулы сот актілерін заңды және негізді деп тануға болмайды. Сондықтан кассациялық сот алқасы бұл актілердің күшін жойып, азаматтық істі өтініште келтірілген арызданушының уәждері мен істің мән-жайын толық, объективті зерттеу, сот тергеуінің кемшіліктерін жою және маңызы бар мән-жайлар шеңберін дұрыс анықтап айқындау үшін апелляциялық сот сатысына жаңадан қарауына жолдауды дұрыс деп есептейді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 28 қаңтардағы қаулысының күші жойылсын.

Талап қоюшы А[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі Комитетінің Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне 2020 жылғы 30 шілдедегі № 62 бұйрықты заңсыз деп тану, бұрынғы жұмысқа қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс жаңадан қарау үшін Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына жолдансын.

Жауапкердің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Н. Сұлтанов Судьялар Е. Исмаилов А Савинова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.