Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 04.06.2026 по делу 6003-26-00-2к/1855 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 4 маусым №6003-26-00-2к/1855 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Қадырова, Н.О.Косанов,

талап қоюшының өкілі А.Ахмедияр,

бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Ақтөбе қаласының мемлекеттік сатып алулар басқармасы» мемлекеттік мекемесі жауапкер «ТД Мonolit 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 17 қазандағы шешіміне және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 6 қаңтардағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен қарап,

«Ақтөбе қаласының мемлекеттік сатып алулар басқармасы» мемлекеттік мекемесі (әрі қарай - Басқарма) талап қоюында «ТД Мonolit 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (әрі қарай - Серіктестік) ашық конкурс барысында анық емес ақпарат енгізгенін көрсетіп, жауапкерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп тануды сұраған.

Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші саты сотының шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында жергілікті соттардың істің мән - жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрайды.

Талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымға қарсы пікірін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылыққа жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (әрі қарай-Заң) 3-бабының 1) тармақшасының, 8-бабының 4-тармағының 1) - тармақшасының, 11 бабын, 14-бабының 1, 2 тармақтарының талаптарына сай, біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат берген әлеуетті өнім берушілер немесе өнім берушілер осы Заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізіледі.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі № 4 «Соттардың мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы»

нормативтік қаулысының 9-тармағына сәйкес, конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат ұсынған кезде Заңның 11-бабы 1- тармағының негізінде мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылуы мүмкін: 1) біліктілік талаптары бойынша, 2) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша.

Мемлекеттік сатып алуға қатысқан әлеуетті өнім беруші конкурстық өтінімді берген кезде ұсынылған мәліметтердің, оның ішінде қосалқы мердігерлер мен жұмысшыларға қатысты ақпараттың анықтығы үшін толық жауапты болады.

2025 жылғы 5 маусымда Басқармамен мемлекеттік сатып алулар вебпорталында «Ақтөбе қаласы Алматы ауданы аумағында апатты үйлерді бұзу» жұмыстарына ашық конкурс тәсілімен, құны 264 695 321 теңге болған, мемлекеттік сатып алу жарияланған.

2025 жылғы 13 маусымдағы конкурсқа қатысу өтінімдерін ашу хаттамасына сәйкес конкурсқа қатысу үшін 13 әлеуетті өнім берушілер, оның ішінде жауапкерден де өтінім ұсынылған. Жауапкердің өтінімде еңбек ресурс болып табылатын 4 тұлғаға қатысты тракторшы-машинист біліктілігін растайтын құжат ретінде куәлік көшірмелері тіркелген. Алайда, ауыл шаруашылығы басқармасының хаттамаларына сәйкес жауапкермен ұсынылған барлық 4 тұлғаның тракторист-машинист куәліктері туралы жазба куәлік беру кітабында тіркелмегені анықталған.

Төменгі сатыдағы соттар жауапкердің конкурстық өтінімде анық емес ақпарат беру фактісі дәлелін тапқаны себепті оны мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюды қанағаттандырған.

Төменгі сатыдағы соттардың талап қоюды қанағаттандырғаны дұрыс, себебі біліктілік талаптарына және конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттарға қатысты кез келген анық емес мәліметтер өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тануға негіз болады.

Жауапкердің талап қоюдың заңмен белгіленген 30 күндік мерзімін өткізілгені туралы уәжіне сот тиісті бағасын берген. Сотта Басқармаға жауапкердің конкурстық құжаттарға анық емес мәліметтер бергені шағым бойынша тексеру барысында сұраныс хат жолдау арқылы уәкілетті органнан 2025 жылы 27 тамызда алынған жауапхаттан белгілі болған, ал талап қою сотқа 2025 жылы 3 қыркүйекте берілген. Демек, Басқармамен сотқа талап қою заңмен белгіленген отыз күндік мерзім ішінде уақтылы берілген.

Кассациялық шағымда келтірілген уәждер дәлелдемелерді қайта бағалауға бағытталған. Іс бойынша маңызы бар дәлелдемелер істі қарау барысында тексерілген, оларға төменгі сатыдағы соттармен дұрыс баға берілген, оларға қатысты тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған. Шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 17 қазандағы шешімі және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 6 қаңтардағы қаулысы күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Ғ.Бастаубаев

Төрағалық етуші судья

Судьялар

М.Қадырова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.