КСАД РК - Постановление от 18.02.2026 по делу 6003-25-00-4к/2517 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 18 ақпан №6003-25-00-4к/2517 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші - судья Д.А.Әбдіғалиев,

судьялар- М.А.Қасымов, Г.М.Ыдырысова,

қатысуымен:жауапкерлердің өкілдері: Ж.М. Мырзазия және Н.А. Абдыразақов,

ашық сот отырысында «Шамс» бөбекжай-балабақшасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) Түркістан облысының білім басқармасына, Түркістан облысы білім басқармасының «Сарыағаш ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарсы даулауға және әрекеттер жасауға міндеттеу туралы әкімшілік талап қоюы бойынша әкімшілік істі,

талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 31 наурыздағы ұйғарымына және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 шілдедегі ұйғарымына келіп түскен іс бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

«Шамс» бөбекжай-балабақшасы» ЖШС жауапкерлерге қатысты әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгініп, балабақшадағы орындардың 100 бірлікке заңсыз қысқартылғанын көрсеткен. Кейіннен талаптарын өзгертіп, талап қоюшыға қатысты бөлігінде 2024 жылғы 2 мамырдағы №14 комиссия отырысының хаттамасын және 2024 жылғы 22 мамырдағы №18 хаттамасын заңсыз деп тануды және күшін жоюды, «Шамс» бөбекжай-балабақшасы» ЖШС-ін 275 орынға арналған мектепке дейінгі ұйымдар тізбесіне енгізуді, шарт жасасуды және 2024 жылғы 9 сәуірден бастап осы уақытқа дейін қаржыландыруды қамтамасыз етуді міндеттеуді сұраған.

Сотқа жүгіну мерзімін қалпына келтіруді сұрап, даулы хаттамалар талап қоюшыға табысталмағанын, қаржыландыру бірден тоқтатылмағанын, құқықтарының бұзылғаны туралы адвокаттық сұрау салудан кейін ғана белгілі болғанын негізге алған.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 31 наурыздағы ұйғарымымен талап қою мерзімінің өткізіп алынуына байланысты талап арыз қайтарылған. Мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымда талап қоюшы сот актілерінің күшін жойып, істі мәні бойынша қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жіберуді сұрайды.

Талап қоюшы тиісті түрде хабарланғанына қарамастан, сотқа белгісіз себептермен кассациялық сот отырысына келмеген.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (бұдан әрі - ӘРПК) 115бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын тұлғалардың келмеуі, олар тиісті түрде хабарланған жағдайда, сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкерлердің өкілдерін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, кассациялық шағымның уәждерін талқылай отырып, кассациялық сот төмендегіні анықтады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым беру тәртібі және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларымен айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қараудың негіздері болып АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі бұзушылықтары табылады, олар заңсыз сот актісінің шығарылуына әкелген.

Мұндай бұзушылықтарға соттар жол бермеген.

Іс материалдарынан 2024 жылғы ақпанда балабақшаға мониторинг жүргізіліп, бұзушылықтар анықталғаны көрінеді. Жауапкер 100 орынға мемлекеттік тапсырысты қысқарту туралы шешім қабылдаған. Тиісті хаттамалар 2024 жылғы 23 мамырда интернет-ресурста жарияланған. 2024 жылғы тамыз айына дейін қаржыландыру бұрынғы көлемде жалғасқан. 2024 жылғы тамыздан бастап төлем тек 175 балаға жүргізілген. 2024 жылғы желтоқсанда салыстыру актісі жасалған. Талап арыз 2025 жылғы 20 наурызда берілген.

Бірінші сатыдағы сот ӘРПК-нің 136, 138-баптарын басшылыққа алып, мерзімді өткізіп алудың дәлелді себептерін анықтамағандықтан, талап арызды қайтарған. Сот талап қоюшы қысқарту туралы 2024 жылғы тамыздан кешіктірмей білгеніне қарамастан, талап арыз 7 айдан астам уақыт өткен соң берілген деп есептеген.

Апелляциялық саты соты бірінші сатыдағы соттың осы қорытындысымен келіскен.

Кассациялық сот шағым уәждерін талдай отырып, оны қанағаттандыруға негіз таппайды.

ӘРПК-нің 136-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік актіні даулау туралы талап актіні мәлім етілген күннен бастап немесе құқықтың бұзылғаны белгілі болған күннен бастап бір ай ішінде беріледі.

Комиссия хаттамалары 2024 жылғы 23 мамырда жауапкердің интернетресурсында жарияланғаны іс материалдарымен расталған. 2024 жылғы тамыз және желтоқсан айларындағы қаржыландыру мен төлемдерді салыстыру талап қоюшының құқықтарының бұзылғаны туралы уақтылы білуге мүмкіндігі болғанын растайды.

Осылайша, төменгі саты соттары ӘРПК-нің 136-бабының 2-бөлігінде көзделген мерзімді өткізіп алудың дәлелді себептері туралы дәлелдер ұсынылмағандықтан, мерзімді қалпына келтіруден негізді түрде бас тартқан.

Хаттамалар табысталмағаны туралы шағым уәжі назарға алынбайды, өйткені соттар хаттамалардың интернет-ресурста жарияланғанын анықтаған.

Кассациялық шағымның өзге уәждері мазмұны, мәні және мақсаты бойынша бірінші және апелляциялық саты соттарында келтірілген уәждермен бірдей. Оларға тиісті құқықтық баға берілген. Жаңа уәждер келтірілмеген.

Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталған, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылғандықтан, дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 31 наурыздағы ұйғарымы және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 шілдедегі ұйғарымы осы іс бойынша күшінде қалдырылсын.

«Шамс» бөбекжай-балабақшасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Д. Әбдіғалиев

Судьялар М. Қасымов

Г. Ыдырысова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.