6001-21-00-3г/2018
Қ А У Л Ы
2021 жылғы 11 мамыр
Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Е.Ж.Исмаилов талап қоюшы У[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «ОВ-156/15 мекемесі» РММ-ге денсаулыққа зақым келтіруден туындаған шығындарды және моральдық зиянның өтемін өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 22 қазандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы У[...] өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
а н ы қ т а ғ а н ы :
У[...] жоғарыда аталған талап қою арызымен сотқа жүгініп, «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «ОВ-156/15 мекемесі» РММ-ден ( бұдан әрі – ОВ-156/15 мекемесі ) жаза өтеу барысында жазатайым оқиға салдарынан денсаулығына залал келтірілгені үшін ай сайын 29914,33 теңге жоғалтқан жалақысын және 8000000 теңге мөлшерінде моральдық зиянның өтемін өндіруді сұраған.
Семей қалалық сотының 2020 жылғы 14 тамыздағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылып, ОВ-156/15 мекемесінен У[...] пайдасына 700000 теңге моральдық зиянның өтемі өндіріліп, 2019 жылғы тамыздан бастап зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін ай сайын 25351 теңге төлеу және бұл сома мөлшері инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне пропорционалды түрде өзгертіп тұру міндеттелген. Талаптың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 22 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген, шешімнің У[...] пайдасына ай сайын төлеуге міндеттелген 25351 теңге сомасының мөлшері 7605 теңгеге дейін азайтылған. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің ( бұдан әрі – АПК ) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша анықталғандай, У[...] Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2011 жылғы 05 тамыздағы үкімімен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 120-бабының 1-бөлігімен, 175-бабының 1-бөлігімен, 96-бабының 2- бөлігінің «к» тармағымен айыпты деп танылып, он төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, жазасын ОВ-156/15 мекемесінде өтеуде.
Аталған мекеменің 2019 жылғы 29 наурыздағы № 20 бұйрығы негізінде ол жұмысшы – киім жуу жөніндегі машинист қызметін атқарып, ай сайынғы жалақысы 50702,25 теңге құраған.
2019 жылғы 10 маусымда сағат 09:00 шамасында У[...] мекеменің монша-кір жуу комбинатында толық тазалау жұмыстарын атқару үшін келіп, абайсыздықтан дымқыл еденде тайып құлап, қолы айналып тұрған центрифуганың барабанына түскен.
Семей қаласының жедел медициналық жәрдем ауруханасының 2019 жылғы 13 мамырдағы № 17/01-08/433 қорытындысына сәйкес У[...] «сол жақ иық деңгейінде сол қолының травматикалық бөлінуі» диагнозы қойылған.
Оқиға бойынша арнайы комиссия құрылып, 2019 жылғы 13 маусымда өндірістегі жазатайым оқиға туралы актіге сәйкес, жұмыс берушінің кінәсі 30 %, өрескел абайсыздықты жасаған қызметкердің кінәсі – 70 % деп белгіленген.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті № 7 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің ( бұдан әрі – № 7 МӘС ) 2019 жылғы 06 тамыздағы № 2244637 жұмысқа жарамсыздығы жөніндегі анықтамасы бойынша У[...] қайта куәландыру мерзімінсіз үшінші топтағы мүгедек деп танылған.
№ 7 МӘС-тің сол күнгі № 3190567-335 анықтамасына сай У[...] 2019 жылғы 06 тамыздан бастап зейнеткерлік жасқа дейін 50 % жалпы еңбек ету қабілетінен, ал № 6 анықтамасымен 59 % кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі белгіленген.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 122-бабының 1-тармағына сай жұмыскердің еңбек міндеттерін орындауына байланысты оның өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтірілген кезде жұмыс беруші зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген көлемде және тәртіппен өтеуге міндетті.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің ( бұдан әрі – Азаматтық кодекс ) 938-бабына сай өтеуге жататын жоғалтылған табыстың (кiрiстiң) мөлшерi жарақаттануына немесе денсаулығының өзгедей зақымдануына дейiнгi не жәбiрленушiнiң кәсiби еңбекке қабiлетiн, ал ол болмаған кезде - жалпы еңбекке қабiлетiн жоғалтуы дәрежелерiне сәйкес, еңбекке жарамдылығынан айырылу басталғанға дейiнгi орташа айлық табысының (кiрiсiнiң) проценттерiмен анықталады. Жоғалтылған табыстың (кiрiстiң) құрамына негiзгi жұмыс орны бойынша да, сондай-ақ қоса атқаратын жұмысы бойынша да, еңбек және азаматтық-құқықтық шарттар бойынша еңбекке ақы төлеудiң жеке табыс салығы салынатын барлық түрлерi кiредi. Бiр жолғы сипаттағы төлемдер (пайдаланылмаған демалыс үшiн өтемақылар, жұмыстан босатылған кездегi шығу жәрдемақысы және т.б.) есептелмейдi. Табыстың (кiрiстiң) барлық түрлерi салықтар ұсталғанға дейiн есептелген сомаларда ескерiледi.
Азаматтық кодекстің 944-бабының 1-тармағына сәйкес жәбiрленушiнiң еңбекке қабiлеттілігiнiң төмендеуiне немесе қайтыс болуына байланысты зиянды өтеу ай сайынғы төлемдермен жүргiзiледi. Жәбірленушінің еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жоғалтылған табысы бөлігінде зиянды өтеу еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеу мерзіміне, бірақ оның Қазақстан
Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетуінен аспайтын мерзімге жүзеге асырылады. Семей қалалық соты У[...] денсаулығына келтірілген зақым оның жұмыс орнында орын алғанын, жазатайым оқиға бойынша жұмыс беруші мен жұмыскердің кінәсінің дәрежелері анықталғанын көрсетіп, «Соттардың денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу жөніндегі Республика заңдарын қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 09 шілдедегі № 9 нормативтік қаулысының 16-тармағын қолданып, талап қоюшының жалпы және кәсіптік еңбек ету қабілетінен айыру дәрежесі анықталған мерзімнен бастап (2019 жылғы тамыз айынан) зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін ай сайын 25351 теңге (орташа жалақысы 50 702,25 теңге х жалпы еңбек қабілетінен айырылу 50 %= 25 351 теңге) төлеу және бұл сома мөлшері инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне пропорционалды түрде өзгертіп, Азаматтық кодекстің 943-бабына сәйкес жыл сайын индекстеу міндеті ОВ-156/15 мекемесіне жүктелген.
Азаматтық кодекстің 951-бабының 1-тармағына сай моральдық зиян – жеке тұлғалардың өзіндік мүліктік емес игіліктері мен құқықтарының бұзылуы, кемсітілуі немесе олардан айырылуы, оның ішінде өзіне қарсы құқық бұзушылық салдарынан ол қайтыс болған жағдайда – жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) басынан кешірген (төзім тауысқан, уайымға салған) жан азабы немесе тән азабы (қорлау, ызаландыру, қысым жасау, ашуландыру, ұялту, түңілту, тән қиналуы, залал шегу, қолайсыз жағдайда қалу және т.б.) .
«Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7 нормативтік қаулысының 8-тармағында соттар моральдық зиян өтемақысының мөлшерін анықтаған кезде азаматқа келтірілген жан мен тән азабының ауырлығын, оның субьективті мәліметтерді, атап айтқанда: өзіндік мүліктік емес игіліктер мен құқықтардың (өмірі, денсаулығы, бостандығы, тұрғын үйге қолсұқпаушылық, жеке және отбасылық қүпиясы, ар-намысы мен қадір-қасиеті және т.б) өмірлік маңызын; жәбірленушінің басынан кешірген жан немесе тән азабының дәрежесін (бас бостандығынан айырылуы, дене жарақаттарының келтірілуі, жақын туыстарынан айырылуы, еңбек қабілетін жоғалтуы немесе оның шектелуі және т.б) ; моральдық зиянды өтеу үшін қажет болып табылатын зиян келтірушінің кінәсінің түрін (пиғыл, абайсыздық) назарға алуы қажет екені түсіндірілген.
Бірінші сатыдағы сот болған оқиға салдарынан У[...] денсаулығына ауыр зиян келтіріліп, оның тән және жан азабын шеккенін, адалдық, әділдік пен парасаттылық өлшемдерін, ақылға қонымдылық қағидаларын басшылыққа ала отырып, оның пайдасына 700000 теңге моральдық зиянның өтемін өндірген.
Шығыс Қазақстан облыстық соты бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, жазатайым оқиғаның орын алуында талап қоюшының кінәсінің дәрежесі 70 %, жұмыс берушінің кінәсі 30 % деп анықталғаны ескерілмегенін көрсетіп, У[...] пайдасына 2019 жылдың тамыз айынан бастап зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін ай сайын төлеуге белгіленген 25351 теңге мөлшерін 7605 теңгеге дейін азайтқан (50 702,25 х 50 % = 25 351 теңге; 25 351 х 30 % = 7 605 теңге) , ал шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырған.
У[...] өтінішхатында:
іс үшін маңызы бар мән-жайлар дұрыс айқындалмай, материалдық құқық нормасы дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, Шығыс Қазақстан облыстық сотының 2020 жылғы 22 қазандағы қаулысының күшін жойып, Семей қалалық сотының 2020 жылғы 14 тамыздағы шешімін күшінде қалдыруды сұраған;
апелляциялық сатыдағы соттың бірінші сатыдағы сотпен айқындалған ай сайынғы өтемақы мөлшерін жұмыскердің кінәсінің пайыздық дәрежесіне сәйкес азайтуын заңға қайшы деп санайды;
жергілікті соттармен У[...] кәсiби еңбекке қабiлетсіздігі 59 % құрайтыны ескерілмеген, ал ай сайынғы жалақы мөлшері оның жалпы еңбек ету қабілетінен айыру дәрежесі бойынша есептелгенін көрсеткен;
Азаматтық кодекстің 938-бабының 1-тармағына сілтеме жасап, өтемақы мөлшерін айқындау кезде еңбекке жарамдылық 59 % ескеріліп, оған орташа айлық жалақысының 59 % бөлігі төленуге тиіс деп есептейді;
арнайы комиссияның төрағасы – мемлекеттік еңбек инспекторы Н[...] жазатайым оқиға бойынша жұмыскердің іс-әрекетінде өрескел абайсыздық белгілері болмағаны, сондықтан аралас жауаптылықты қолдануға негіз жоқ екені жөнінде өзінің ерекше пікірінде көрсеткенін атап өткен.
АПК-тің 449-бабының 2-бөлігіне сай кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың шегiнен шығуға және шағым жасалған сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
Азаматтық іс құжаттарынан анықталғандай, ОВ-156/15 мекемесі У[...] талап қою арызына ұсынған пікірге және сот шешіміне берген апелляциялық шағымға тіркеген бухгалтерлік қызметінің есебінде талап қоюшының жоғалтқан жалақысы оның 59 % кәсiби еңбекке қабiлетсіздігі, 30 % жұмыс берушінің кінәсі, Азаматтық кодекстің 943-бабына сәйкес 5 % инфляцияның болжамды деңгейі ескере отырып төленуге жататынын жоққа шығармаған. Алайда аталған мән-жай жергілікті соттармен ескерілмеген.
Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актісін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.
АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы
қ а у л ы е т т і :
Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 22 қазандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы У[...] өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасына сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхат берген тұлғаға жолдансын.
Судья
Е.Исмаилов
Көшірмесі
дұрыс.Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.