6001-21-00-6ап/110
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 29 наурыз Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Н.Ү.Қайыпжан, судьялар Г.К.Нұрбаев, Ж.Б.Ермағамбетова болып, талап қоюшы Е[...], оның өкілі А[...],
жауапкер: жеке сот орындаушы К[...],
мүдделі тұлға:
«Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - АҚ) өкілі
Қ[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы Е[...] жауапкер К[...] атқарушылық іс өндірістерін қозғау қаулыларын заңсыз деп танып, атқару парақтарын қайтаруды міндеттеу, зейнетақыдан ұстау қаулысына дау айту туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 14 қыркүйектегі және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 7 қарашадағы қаулысына «БанкЦентрКредит» АҚ өкілінің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Е[...] талап қоюында жауапкер жеке сот орындаушы (бұдан әрі - ЖСО) К[...] әрекеттерін заңсыз деп танып, 2019 жылғы 25 қыркүйектегі атқарушылық іс өндірістерін қозғау туралы қаулыларының күшін жойып, атқару парақтарын қайтаруды, 2019 жылғы 25 қыркүйектегі зейнетақысынан ұстау жөніндегі қаулысын заңсыз деп тануды сұраған.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 14 қыркүйектегі шешімімен талап қоюшы Е[...] жауапкер ЖСО К[...] талап қоюы ішінара қанағаттандырылған.
ЖСО-ның 2019 жылғы 25 қыркүйегіндегі қаулылары заңсыз деп танылып, күші жойылған:
Е[...] «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның пайдасына 9 558 131 теңге мөлшеріндегі берешек сомасын өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізуді қозғау;
борышкердің жалақысынан өндіріп алу туралы;
кепілге қойылған мүліктен өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы.
Атқарушылық іс жүргізу тоқтатылып, атқару парақтары қайтарылған. ЖСО К[...] 4375 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 7 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, ЖСО К[...] борышкер Е[...] өндіріп алушы «БанкЦентрКредит» АҚ пайдасына 9 558 131 теңге өндіру және қарызды мүліктен өндіру туралы атқару парағын өндіріп алушы «БанкЦентрКредит» АҚ шешім заңды күшіне енген күннен бастап 10 жұмыс күн ішінде қайтаруды міндеттеу туралы жаңа шешім шығарылған.
Мүдделі тұлға «БанкЦентрКредит» АҚ-ның өкілі кассациялық шағымында материалдық құқықтың бұзылуын көрсете отырып, сот шешімі мен қаулысының күшін жоюды сұрайды. Осылайша, 2010 жылдан бастап Банк бірнеше рет ЖСО-ға атқару парақтарын мәжбүрлеп орындау үшін жолдап, кейіннен қайтарып алған. 2020 жылғы 17 қыркүйекте атқару парақтары ЖСО К[...] жолданып, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылар мәртебесі туралы» заңының (бұдан әрі-Заң) 74 және 77баптарын орындау мақсатында электрондық аукцион арқылы кепіл мүлкін сатып, Б[...] сатып алу-сату шартын жасаған. Ақшалай қаражат талап қоюшының берешегін өтеуге жұмсалған. Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 25 наурыздағы шешіміне сәйкес, атқару құжаты заңды күшіне енген сот актісінің негізінде берілгендіктен, атқару парағын қайтару және заңсыз деп тану үшін негіз жоқ. Сондықтан ЖСО борышкерден соманы өндіріп алу туралы бір қаулы және кейіннен атқарушылық әрекеттер жүргізе отырып, кепілге қойылған мүліктен өндіріп алу туралы екінші қаулы шығарған. Сот актілері заңды күшіне енгендіктен, ЖСО-ның қаулыларын заңсыз деп тануға негіздер жоқ. Бірінші сатыдағы соттың шешімінде талап қоюды қанағаттандыру үшін құқықтық негіздер, Заң нормаларына сілтемелер келтірілмеген. Шағым авторы талап қоюшыға ЖСО-ның іс әрекеттеріне шағым беру мерзімін қалпына келтіру бөлігінде сот шешімімен келіспеген. 2021 жылғы 29 маусымдағы апелляциялық саты қаулысы 2021 жылғы 10 шілдеде дайындалып, тараптарға жолданған. Талап қоюшыға шағым берілген қаулылардың болуы туралы белгілі болғаннан кейін екі айдан соң шағым беру мерзімі қалпына келтірілген. Талап қоюшымен мерзімді дәлелді себептермен өткізіп алуы туралы құжаттар ұсынылмаған. «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-ның филиалының 2020 жылғы 2 қыркүйектегі ақпаратына сәйкес, 2020 жылғы 3 маусымға дейін «Б1[...]» ЖШС мүліктің меншік иесі болған, ал талап қоюшы оның басшысы болған. Іс бойынша қабылданған сот актілері Банктің несиелік шарт бойынша ақша қаражатын қайтаруға құқықтары мен заңды мүдделерін бұзады. Талап қоюшы кассациялық шағымға пікірінде шағымды қараусыз қалдыруды немесе сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұрайды.
Мүдделі тұлға өкілінің кассациялық шағымында қолдаған уәждерін, талап қоюшының, жауапкердің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодексінің (әрі қарай - ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым Қазақстан - Республикасы Азаматтық процесстік кодексінің (әрі қарай АПК) ережелерімен белгіленеді.
АПК-нің 427-бабының 1-бөлімі 1) тармағына сәйкес, апелляциялық тәртіппен сот шешімінің күшін жоюға не оны өзгертуге материалдық, процессуалдық құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданбауы негіз болып табылады.
Жергілікті соттармен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс материалдарына қарағанда, Қызылорда қалалық сотының 2010 жылғы 23 сәуірдегі шешімімен Е[...] «Банк ЦентрКредит» АҚның пайдасына 9 558 131 теңге мөлшерінде берешек және 287 451 теңге мөлшерінде мемлекеттк баж төлеу жөнінде шығындар өндіріліп алынған. Қызылорда қаласы, Тасбөгет тұрғын ауданы, Есенов көшесі мекен-жайында орналасқан «Б1[...]» ЖШС-не тиесілі жалпы ауданы 947,20 ш.м. және 0,2194 га жер учаскесі бар кепілге салынған тұрғын емес үй-жай мүлігінен өндірілген.
Жоғарыда аталған шешімнің негізінде 2010 жылғы 25 маусымда талап қоюшыдан 9 845 582 теңге берешек сомасын өндіріп алу бөлігінде атқару парағы берілген. Барлығы 993 573 теңге өндіріліп, берешек қалдығы 2019 жылғы 21 тамызға - 8 802 011 теңге құраған. Кейіннен атқару парағы өндіріп алушының өтініші бойынша қайтарылған.
2012 жылғы 3 қыркүйекте сотпен кепілге қойылған мүлікті өндіріп алуға жүгіну бөлігінде екінші атқару парағын толтырылған, ол да өндіріп алушының өтініші бойынша қайтарылған.
2019 жылғы 17 қыркүйекте өндіріп алушының өтініші бойынша көрсетілген атқару парақтары бір уақытта ЖСО К[...] мәжбүрлеп орындауға ұсынылған.
ЖСО-ның 2019 жылғы 25 қыркүйектегі қаулыларымен:
борышкер Е[...] 9 845 584 теңге мөлшеріндегі берешек сомасын өндіріп алу туралы атқарушылық іс жіргізу қозғалған;
борышкер Е[...] кепілге салынған мүлкінен өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу қозғалған;
8 852 011 теңге мөлшеріндегі берешек қалдығын өтеу есебінде борышкердің зейнетақысынан ай сайын зейнетақы мөлшерінің 40%-дан аспайтын мөлшерде өндіріп алу қолданылған.
Жергілікті соттар аталған нормаларды басшылыққа ала отырып, заңды күшіне енген Қызылорда қалалық сотының 2010 жылғы 23 сәуірдегі шешімімен (бұдан әрі - шешім) Е[...] берешек сомасы «Б1[...]» ЖШС меншік құқығында тиесілі кепіл мүлкін өндіріп алу жолымен өндірілген деген қорытындыға келіп, талап қою арызын қанағаттандырған. Алайда ЖСО бір уақытта екі атқарушылық іс жүргізуді заңсыз қозғаған.
Алқа жергілікті соттардың көрсетілген тұжырымдарымен мынадай негіздер бойынша келіседі.
Атқарушылық құжаттарды жазып беру кезінде қолданылған 1999 жылғы 13 шілдедегі редакциядағы АПК-нің 236-бабына сәйкес соттың әрбір шешімі бойынша бір атқарушылық құжат беріледі. Егер орындау әр түрлі орындарда жүргізілуге тиіс болса немесе шешім бірнеше жауапкерге қатысты шығарылса, сот өндіріп алушылардың өтініші бойынша атқару орнын не осы атқару құжаты бойынша орындалуға жататын шешімнің бөлігін дәл көрсете отырып, бірнеше атқару құжатын жазып береді.
Сот шешімінен іс бойынша жауапкер ретінде Е[...] қана тартылғанын көруге болады. Сондай-ақ, «Б1[...]» ЖШС 2009 жылы таратылғаны және заңды тұлғалар тізілімінен шығарылғаны анықталды.
Заңның 37-бабының 4-тармағында келтірілген норманың мағынасына сәйкес сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғауы үшін оған ұсынылған атқарушылық құжат Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сай болуы тиіс. Атқарушылық құжаттың Заң талаптарына сәйкестігін тексеру үшін сот орындаушыға Заңмен үш күн мерзім белгіленген.
Заңның 38-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында сот орындаушысының атқарушылық құжатқа қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін атқарушылық құжат бойынша атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығаратыны көрсетілген.
Егер атқарушылық құжат Заңның 38-бабы 1-тармағының 4) және 12) тармақшаларында сәйкес келмесе сот орындаушының өзіне атқарушық құжат келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығаруға міндетті:
құжат атқарушылық құжат болып табылмаса не атқарушылық құжатқа қойылатын талаптарға сәйкес келмесе;
атқарушылық құжатты бергенге дейін өндіріп алушы немесе борышкер болып табылатын заңды тұлғаны тарату не қайта ұйымдастыру аяқталса не ол банкрот деп танылса.
Осыған байланысты ЖСО-ның 2019 жылғы 25 қыркүйектегі атқарушылық іс жүргізуді қозғау жөніндегі қаулылары заң талаптарына сәйкес келмейді.
Атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулылардың күшін жоюға байланысты ЖСО-ның 2019 жылғы 25 қыркүйектегі борышкердің зейнетақысынан өндіріп алуды қолдану туралы қаулысының да күші заңды түрде жойылған.
Шағым авторының соттың осы талап қою арызын беру мерзімін негізсіз қалпына келтіру бөлігіндегі дәлелдері АПК-нің 451-бабына сәйкес сот актілерінің күшін жою үшін негіз болып табылмайды.
Шағым жасалған сот актілерімен өндіріп алушының заңды мүдделерін бұзу бөлігінде кассациялық шағымның дәлелдері негізсіз, өйткені жол берілген бұзушылықтарды жойғаннан кейін атқарушылық құжат мәжбүрлеп орындауға қайтадан ұсынылуы мүмкін.
Осыған байланысты мүдделі тұлға өкілінің кассациялық шағымының дәлелдері қанағаттандырылуға жатпайды.
Апелляциялық сатығы сот істің мән-жайын дұрыс анықтағандықтан, материалдық және іс жүргізу құқығының нормалары дұрыс қолданылғандықтан, апелляциялық сот алқасының 2021 жылғы 7 қазандағы қаулысының күшін жою үшін негіздер таппайды, мүдделі тұлға өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне және АПК-нің 451-бабының 2- бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 14 қыркүйектегі шешімі және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 7 қазандағы қаулысы күшінде, мүдделі тұлға «БанкЦентрКредит» АҚ-ның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар Судья
Н. Қайыпжан Г. Нұрбаев Ж. Ермағамбетова
Ж. Ермағамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.