6001-22-00-3г/149
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 04 сәуір Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Е.Ж.Исмаилов талап қоюшы М[...] жауапкер «Shymkent Bus» басқарушы компания» ЖШС-ге бұйрықтың күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 13 шілдедегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы М[...] өкілі В[...] өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,
а н ы қ т а ғ а н ы :
М[...] «Shymkent Bus» басқарушы компания» ЖШС-нің (бұдан әрі – Серіктестік / жұмыс беруші) 2020 жылғы 02 шілдедегі № 553 бұйрығының күшін жою, жүргізуші-кассир қызметіне қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 750 000 теңге, 2020 жылғы 04 маусымнан шілде айына дейін жұмыстан шеттеткені үшін 150 000 теңге жалақы өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Еңбекші аудандық сотының 2021 жылғы 21 сәуірдегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
В[...] өтінішхатында жергілікті соттардың тұжырымдары істің мәнжайларына сәйкес келмейтінін, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын, М[...] еңбек қатынастары заңсыз тоқтатылғанын көрсетіп, іс бойынша Шымкент қалалық сотының 2021 жылғы 13 шілдедегі қаулысының күшін жойып, істі қайта қарау үшін апелляциялық сатыдағы сотқа қайта қарау үшін жолдауды сұраған. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Анықталғандай, Серіктестіктің 2019 жылғы 20 желтоқсандағы № 195 бұйрығы негізінде М[...] жүргізуші-кассир қызметіне жұмысқа қабылданған.
Сол күні М[...] еңбек және толық жеке материалдық жауапкершілік туралы № 195 шарттары жасалып, қызметтік міндеттерін атқару үшін оған тиісті акт негізінде маркасы «ANKAI HFF6850G» мемлекеттік тіркеу белгісі [...] автобус берілген.
2020 жылғы 27 мамырда Серіктестіктің қызметкері Т[...] басшылықтың атына берген шағымында М[...] лауазымдық міндеттерін тиісті деңгейде орындамайтынын, көлік құралын санитарлықэпидемиологиялық талаптарға сай пайдаланбайтынын көрсеткен. Серіктестік директоры орынбасарлары мен колонна басшыларының қатысуларымен 2020 жылғы 04 маусымда өткізілген жиналыста аталған мәселе қаралып, М[...] басқа колоннаға ауыстыру жөнінде шешім қабылданған.
М[...] қабылданған шешіммен келіспеуіне байланысты, бұл мәселе Серіктестіктің тәртіптік комиссиясында қаралып, оның 2020 жылғы 11 маусымдағы № 21 хаттамалық шешімімен де М[...] басқа колоннаға ауыстыру жөнінде шешім қабылданған.
Осыған байланысты, Серіктестіктің 2020 жылғы 11 маусымдағы № 478 бұйрығымен М[...] қызметтік міндеттерін әрі қарай атқару үшін № 1 колоннаның № 182 бағытынан № 3 колоннаның № 139 бағытына ауыстырылған. Бұл бұйрықпен М[...] танысудан бас тартып, 2020 жылғы 13 маусымда жұмысқа шығудан бас тартқан, ол жөнінде тиісті акт жасалған.
Колонна бастығы К[...] 2020 жылғы 16 маусымдағы баянатында М[...] өзін қызметтік міндеттерін атқаруға басқа колоннаға ауыстырмауды сұрағанын, оның еңбек тәртібін бірнеше рет бұзғанын атап өткен.
Серіктестіктің 2020 жылғы 02 шілдедегі № 553 бұйрығымен М[...] № 4 колоннаның № 152 бағытына жүргізуші-кассир қызметіне ауыстырылған. Аталған бұйрықпен ол уақытылы таныстырылған.
М[...] функционалдық міндеттерін басқа колоннаға ауыстырылғанын жұмыстан шеттету деп санап, жұмыс берушінің 2020 жылғы 11 маусымдағы № 478 және 2020 жылғы 02 шілдедегі № 553 бұйрықтарын заңсыз деп танып, өзінің пайдасына тиесілі жалақысын өндіруді сұраған.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 38-бабының 1-тармағына сәйкес жұмыскер жұмысының (еңбек функциясының) өзгеруі, яғни жұмысты басқа лауазым, мамандық, кәсіп, біліктілік бойынша орындау, еңбек шартында келісілген еңбек жағдайлары (жалақы мөлшері, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі, жеңілдіктер мен басқа да жағдайлар) оны орындау кезінде өзгеретін өзге жұмысты тапсыру, жұмыс берушінің оқшауланған құрылымдық бөлімшесіне ауыстыру, жұмыс берушімен бірге басқа жерге ауыстыру жұмыскерді басқа жұмысқа ауыстыру болып табылады.
Жергілікті соттар аталған талап бойынша шешім қабылдау барысында жұмыс берушінің М[...] басқа колоннаға ауыстыруға оның еңбек шарты бойынша міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны негіз болғанын, алайда бұл жағдай оның еңбек функциясына әсер етпейтінін және басқа жұмысқа ауыстыру болып танылмайтынын, сол себептен оның келісімі қажет етілмейтінін дұрыс көрсеткен.
Сонымен бірге, М[...] қызметтік автокөліктің техникалық құжаттарын жоғалтқан деген негізбен өзімен еңбек қатынастары
тоқтатылғанымен келіспей, Серіктестіктің 2020 жылғы 27 тамыздағы № 724 бұйрығын заңсыз деп тануды сұраған.
2020 жылғы 19 тамызда Серіктестіктің қызметкерлері Н.Туран мен Д.Рискулов мекеме басшылығына М[...] бекітілген «ANKAI HFF6850G» маркалы мемлекеттік тіркеу нөмірі [...] көлік құралының тіркеу туралы куәлігінің жоғалғаны туралы мәлімдеген. Аталған факт бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, құжаттың жоғалуы М[...] кінәсінан орын алғаны анықталған.
2020 жылғы 26 тамызда Серіктестіктің тәртіптік комиссиясымен М[...] еңбек шартын бұзу туралы шешім қабылданған. Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сай жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша ақшалай немесе тауарлық құндылықтарға қызмет көрсететін, сондай-ақ өзінің қызмет бабын өзі немесе басқа адамдар үшін материалдық немесе өзге де пайда алу үшін жұмыс берушінің мүдделеріне қарамастан өз мүддесінде немесе үшінші тұлға мүддесінде пайдаланатын жұмыскер кінәлі әрекеттер жасаған немесе әрекетсіздігі, егер бұл әрекеттер немесе әрекетсіздік жұмыс берушінің тарапынан оған деген сенімнің жоғалуына негіз болса бұзылуы мүмкін.
Серіктестіктің 2020 жылғы 27 тамыздағы № 724 бұйрығымен М[...] еңбек қатынастары Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасы негізінде жұмыс берушінің бастамасы бойынша қызметкерге сенімнің жоғалуына байланысты тоқтатылған. Келісу комиссиясының 2021 жылғы 11 қаңтардағы шешімімен М[...] еңбек шартын бұзу туралы бұйрық заңды деп танылған.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар М[...] өзіне жүктелген міндеттерді орындамай, автобус пен басқа да құндылықтарға ұқыпты қарамай, іс-әрекеттерімен автокөліктің техникалық құжатын жоғалтуы жұмыс беруші үшін оған деген сенімінің жоғалтуына жеткілікті негіз екенін, сонымен қатар талап қоюшы басқа колоннаға ауыстырылғаннан кейін өз еркімен жұмысқа шықпағанын көрсетіп, онымен еңбек шартын бұзу туралы даулы бұйрықтың заңға сәйкес қабылданғаны жөнінде тұжырымға келген.
Өтінішхат иесі жергілікті соттардың Серіктестіктің қызметкері Т[...] М[...] өзінің қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде орындамайтыны, көлік құралын ұқыпты қарамауының салдарынан автокөлік жөндеуге келмейтіні туралы 2020 жылғы 27 мамырдағы шағымын ескергенін көрсеткен. Алайда Т[...] кейін 2020 жылғы 15 шілдеде берген түсініктемесі бойынша оған мекеме басшылығы тарапынан қысым көрсетіліп, ол талап қоюшыға жала жауып, шағым жазуға мәжбүр болғаны ескерілмеген.
Сонымен қатар, жұмыс беруші даулы бұйрықтың қабылдануын М[...] автокөліктің техникалық құжатын жоғалтуына жол беруіне байланысты жүргізілген қызметтік тексерудің қорытындысымен негіздеп, онымен еңбек шартын Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес оған деген сенімінің жоғалтуына байланысты тоқтатқан.
Алайда жергілікті соттардың тұжырымдары талап қоюшының қызметтік міндеттерді тиісті деңгейде орындамағаны жөнінде басқа да мән-жайларды, атап айтқанда даулы бұйрықты қабылдауға негіз болып танылмаған басқа да мәнжайларды қамтиды.
М[...] қызметтік автокөліктің техникалық құжатын жоғалту салдарынан өзі үшін ешқандай пайда таппағанын, өзінің қызметтік жағдайын жұмыс берушінің мүдделеріне қайшы өз мүддесі немесе үшінші тұлғаның мүддесі үшін пайдаланбаған, сол себептен онымен еңбек қатынастары Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасы негізінде тоқтатуға жатпайды деп санайды.
Еңбек кодексінің 22-бабы 1-тармағының 16) тармақшасына сай жұмыскер жеке еңбек дауын қарау үшін осы Кодексте көзделген тәртіп бойынша реттілігімен келісу комиссиясына, сотқа жүгінуге құқылы.
Тараптардың арасында 2020 жылғы маусымда туындаған еңбек дауы бойынша М[...] сотқа бірнеше рет жүгініп, алайда келісім комиссиясының шешімі болмауына байланысты талап қою арыздары қараусыз қалдырылғанын, аталған комиссияны құру туралы арызы бойынша шешім тек 2020 жылғы 28 желтоқсанда қабылданғанын ескеруді сұраған.
Өтінішхат иесінің пікірінше аталған жағдай жұмыс берушінің тарапынан Еңбек кодексінің 22-бабы 1-тармағының 16) тармақшасының талаптары сақталмағанының дәлелі болып саналады.
Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актісін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.
АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы
қ а у л ы е т т і :
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 13 шілдедегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы М[...] өкілі В[...] өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасына сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхат берген тұлғаға жолдансын.
Судья
Е.Исмаилов
Көшірмесі дұрыс.Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.