ҚАУЛЫ
2024 жылғы 10 қыркүйек 6001-24-00-6ап/510 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Басқарма прокуроры Н.Молдахановтың,
талап қоюшының өкілі Қ.Қ.Үмбетовтың,
жауапкер өкілі Ж.М.Дауталиеваның қатысуларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Атырау» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Қоғам) жауапкер «Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Тексеру комиссия) нұсқаманы заңсыз деп тану, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 22 қыркүйектегі шешімі мен ұйғарымына, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 қаңтардағы қаулысы мен ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 22 қыркүйектегі ұйғарымымен 2023 жылғы 30 маусымдағы №11 қаулысымен бекітілген аудиторлық қорытындысын заңсыз деп тану, күшін жою туралы талап қою арызы, сот ісін жүргізу әкімшілік тәртібімен қарауға жатпайтындықтан кері қайтарылған.
Осы соттың 2023 жылғы 22 қыркүйектегі шешімімен нұсқаманы заңсыз деп тану, күшін жою туралы талап қою арызын қанағаттандырудан бас тартылған.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 қаңтардағы қаулысы мен ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың сот актілері күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымдарында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыруды сұраған.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы Қ.Қ.Үмбетовтың кассациялық шағымдарды қолдаған, жауапкер өкілінің кассациялық шағымдарымен келіспеген пікірін, прокурордың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда 2022 жылғы 23 желтоқсандағы Тексеру комиссиясының 2023 жылға арналған мемлекеттік аудит объектілері тізбесін бекіту туралы №157 бұйрығына сәйкес Қоғамға заңда көзделген тәртіппен мемлекеттік аудит жүргізілген.
2023 жылғы 30 маусымдағы №11 қаулысымен бекітілген аудиторлық қорытындысын негізінде талап қоюшыға «Бұйырғын» АШӨК-не төлем кестесіне сәйкес төлеу мерзімі өткен қарыз берешегі 5 982 000 теңге қаражатты; 2023 жылдың 1 қазанына дейін «Амангельді атындағы» ЖШС-нен төлеу мерзімі өткен қарыз берешегі 229 934 000 теңге қаражатты; 2023 жылдың 1 қазанына дейін Қ.Қ.Үмбетовке негізсіз төленген сыйақы 212 500 теңгені талап қоюшының кірісіне өндірту бойынша шаралар қабылдау және 2023 жылдың 30 шілдесіне дейін аудиторлық іс-шара қорытындысымен анықталған бұзушылықтарға жол берген лауазымды адамдардың қолданыстағы заңнамалар шеңберінде жауаптылығын қарастыру туралы нұсқама жолданған. Аудиторлық қорытындыны заңсыз деп тану, күшін жою туралы талап қою арызы, сот ісін жүргізу әкімшілік тәртібімен қарауға жатпайды деген соттардың тұжырымдары дұрыс болып табылады.
Себебі тексеру жауапкермен 2023 жылғы 30 маусымдағы №1-Т нұсқама қабылдаумен аяқталған, сондықтан даулануға жататын түпкілікті әкімшілік акт - Нұсқама даулануға жатады. Яғни, аудиторлық қорытынды дербес даулануға жатпайды.
Соттар талап қоюдың нұсқаманы заңсыз деп тану, күшін жою туралы бөлігін қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген. Тексеру барысында талап қоюшы тарапынан мынадай заң бұзушылықтар жол берілгені анықталған: - 2021 жылғы 28 маусымда «Атырау» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мен мүдделі тұлға «Бұйырғын» АШӨК арасында №44 заем беру келісім шарты жасалған. Аталған шарт талаптары бойынша«Бұйырғын» АШӨК-не мерзімділік, қайтарымды өтеуге 130 000 000 теңгеге көлемінде, 60 айға ақшалай заем берілген.
Шарт міндеттемелерін тиісінше орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй кепілге қойылған.
«Бұйырғын» АШӨК-і 2022 жылғы 13 қаңтардан бастап төлем кестесінде көрсетілген соманы төлеуге тиіс міндеттемесін тиісінше орындамаған.
Талап қоюшымен аудиторлық тексеріске дейін қаражатты қайтару бойынша іс-шаралар жүргізілмеген.
Нұсқама шығарылғаннан кейін ғана талап қоюшы сотқа «Бұйырғын» АШӨК-нен берешекті өндіру туралы талаппен жүгініп, ол қанағаттандырылған.
- Сол сияқты, талап қоюшы мен «Амангельды атындағы» ЖШС-мен 2020 жылғы жасақталған келісім шарттар бойынша берешектер болса да, 2022 жылғы 9 маусымда №30 қарыз шартын жасаған.
Бұл шарт талаптарына сәйкес «Амангельды атындағы» ЖШС-не 200 000 000 теңге көлемінде қайтарымды заем, жылдық 14 пайызбен 24 айға берілген. Төлем кестесіне сай, «Амангельды атындағы» ЖШС-гі берешекті 2022 жылғы 25 шілдеден бастап, төлеуге тиіс болған, алайда қарыз алушы өз міндеттемелерін тиісінше орындамаған. Талап қоюшымен берешекті қайтару бойынша ешқандай шара қабылданбаған.
- 2021 жылғы 1 қазандағы №106-Л/С бұйрықмен Қ.Қ.Үмбетов «Атырау» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның құқықтық қамтамасыз ету департаментінің бас заңгері қызметінен ауысу жолымен үш ай сынақ мерзімімен «Жер қойнауын пайдалану жобалары департаментінің директоры» лауазымына тағайындалған Қ.Қ.Үмбетовке 2021 жылғы 29 қарашада №132-ЛС бұйрықпен 212 500 теңге негізсіз сыйақы төлем жүргізілген.
Бұл заң бұзушылықтар сотта дәлелін тапқандықтан талапты қанағаттандыруға негіздер болмаған. Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген. Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 22 қыркүйектегі шешімі мен ұйғарымы, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 қаңтардағы қаулысы мен ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «Атырау» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс
Судья С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.